08.06.2021
  163


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Жалтақбай мен Жалпақбай

Бастығына бір күні
Кіргісі келді Жалпақбай,
Бары-жоғын бетін,
Қапелімде жан таппай,
Іркіліп қалды есікте,
Қатты түгіл жай тартпай.
Тартайын десе бата алмай,
Тартпаймын десе кете алмай,
Ісініп кеткен қу тақтай,
Сықырлай берді ұнтаса,
Жүректі тулап жай соқпай,
Быршып кетті бет-аузы
Шала піскен картоптай.
Омырауына домалап,
Төгілді тері моншақтай.
"Жалпақ қарын, жайын мұрт"
Қамыт аяқ Талтақбай,
Тәмпіш мұрын кісі еді,
Мамырлаған балпақтай,
Екі қолы ербеңдеп,
Қоярға оны жер таппай,
Жақындап келіп есікке,
Жағымпаз жазған Жалтақбай,
"Енді ашам ғой " дегенде,
Ұшып түсті қалпақтай.
Өйткені бастық алдынан,
Шыға келді байқатпай.
— Мынауың кім, ойпыр - ау,
Бұл не қылған "Сорпақбай ?!"
Дегенше де болған жоқ,
Кездесе кетті Жалпақбай.
Жалпақбай келсе қашанда,
Жылы, жұмсақ байқатпай,
Маймаңдай басып майпаздап
Қоймайды құмар тарқатпай:
— Білмейсіз бе, Нұреке - ау,
Бұл кәдімгі Жалтақбай,
Жығылып жатқан алдында,
Құлайтын басқа жай таппай...
Икемі жоқ жазғанның,
Тікенекті жантақтай,
Ешкімге жақын бара алмай,
Дос тұтынар жан таппай,
Көрінген жерде жығылған,
Тарғыл жөн, танау талтақтай...
Беріле білмес бишара...
Жүрген жоқ, бірақ, мал таппай.
Деп алды да Жалпақбай,
Жағына кетті жылмаңдап,
Басқан ізін байқатпай,
Қалтадан шықты "Қазыбек",
Ынтықтырмай, тамсантпай
"Коньякуна " төрт жұлдыз
Кекірейген Колчактай,
Кездесе кетсе болар ма,
Әуре қылмай шаршатпай...
Мына бір шампан-кампанға —
Жолданған сәлем-сауқаттай,
Қосыла қалса болар ма
Дайын тұрған ауқаттай.
"Жеңгейдің сүйер шарабы еді,
Ішетін газын тарқатпай..."
Деп те қойды жымиып,
Жампоз ағаң Жалпақбай.
Қызмет орнын білмедім,
Горторг па, Гортоп па-ай?..
Бірінде соның, әйтеуір,
Бастықтан шықты шалқақтай.
Жалпақбай ала жөнелді,
Жан-жағына жалтартпай.
— Шүйінші, Жәке, шүйінші!
Жүрмейсің – ау дәл соқпай.
Баратын болдың...
— Қай жерге?
— Тыңда, басты қайқайтпай!
Кәдімгі маслпромға,
Байқап же, тағы ант атпай... —
Деп қалды соны - ақ есіттім,
Зытып қалды екеуі,
Баратын жағын байқатпай.





Пікір жазу