Маймұрынға майшелпек
Тоғышар, топас Маймұрын,
Жатып алып бір қырын,
Газет оқи қалады,
Абыржып айқай салады:
— Қатын жолдас, қайдасың
Оқудың қара пайдасын!
Баратын болыппыз, білдің бе
— Қайда ?
— Коммунизмге!
— Онда барсақ, не болмақ?
— Түсінбейсің, ақымақ!
Мен айтайын, сен тыңда,
Онда:
Оң жағыңда үш жастық,
Сол жағыңда құс жастық,
"Жұмысқа шық " дейтұғын
Болмайды екен түк бастық.
Аузыңа әкеп құяды,
Көзді жұм да жұта бер,
Қанша ішіңе сыяды?
— Оның бәрін алатын,
Жұртпен бірдей болатын,
Пулың қайда, Мәйеке - ау,
Соны айтсайшы, бәйеке - ау?
— Ой, ақымақ, білмейсің,
Онда бүйтіп жүрмейсің,
Бәрі тегін келеді,
Машиналар адамша
Егінді өзі егеді,
Тау-тау қылып жияды,
Қамбаларға құяды.
Үстіңе шаң қонбайды,
Тойып ал да, жата бер,
Тамашаға бата бер! —
Деп Мәйекең лепірді,
Өз-өзінен молшылық,
Болып жатқан секілді.