08.06.2021
  184


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Әуесқойдың әуресі

Жас жігіт жиырма жастағы
Барлық сәндікті мұрттан бастады.
"Кавказский мұрт жасаймын" деп,
"Таулықтардың айбатына ұсаймын" деп,
Қылыштай қырлап, сүйірлеп барып,
Жылмитып қойды жан-жағын алып.
Бір айдан кейін оны тастады,
Тағы бір жаңа моданы бастады,
Таңқиған танаудың астына
Бірін-біріне қосты да,
Бір елідей мұрт қалдырды.
Ұртты мұрттан сырт қалдырды.
Сөйтіп біздің Қозыбақ,
Оны көрсе, оған сақ;
Бұны көрсе, бұған сақ;
Бір күндері бакенбарды жасатты,
Екі самайды әкеліп асатты.
Самай шашы салбырап түсіп кетті,
Танау астындағы мұрт ұшып кетті.
Бір күндері онан да жалықты,
Моданы тапты тағы бір мықты.
Енді шаштың артын өсірді,
Дударлап әкеліп желкеге түсірді.
Әзі жігіт, басы "қыз " болды,
Бірақ, ол да сөз болды:
"Поп па мынау, әлде келіншек пе ?!" десті,
Қозыбақ амалсыз шашын кесті.
Шашқа істейтін амалды тауысты,
Енді киім сәндігіне ауысты.
Мықыннан жоғары, бөксенің үсті,
Төрт елі жалпақ белдік боп түсті.
Белдікті сәндеп түймелетіп қойды,
Қозыбақ, бірақ, онан да тойды.
Балағы делдиіп, тізе жақ тарылды,
Сәл бүгілсе болды, ортасынан жарылды.
Тұтасып барып мықынға тірелді,
Әр шешкен сайын тірі өлді.
Сонымен сөйтіп, киім жағы бітті,
Енді тек билеуді ғана күтті.
Фильтрлі сигарет те тауып,
Мұрнынан тартты, аузын жауып,
"О, шіркін, ВТ, жақсы ғой қасқа,
Иісі де жақсы дәмі де басқа..."
Деп қойып жігіт шалқадан жатты,
Реті келсе насыбай да атты.
Кеш болса жігіт биге шықты,
Түнімен селкілдейтін күйге шықты,
Твисті тастап, шейкке көшті,
Әбден шаршап өкпесі өшті.
Осындай селкіл сергелдең ойын
Жаздырмай қойды жігіттің бойын...
Оқу, еңбекті жинап қойды,
Әке байғұстың мойнына мінді,
Әуесқой неме әуреге түсті,
Біреуін қойып, біреуін құшты...
— Мұның не ? — дей қалса әкесі,
— Түк те білмейсің көкесі,
Бұл жаңа стиль ғой...
Деп танау көтерді,
Өзіне бітпеген жөтелмен жөтелді.
— "Стиль " емес, мысқыл шығар, балам,
— Не болса о болсын, сонымен, болам, —
Деді де, Қозыбақ тұрып кетті,
Есікті қатты ұрып кетті.
— Сыртын сылаған надан! — деді әкесі,
Байқа, бала, тасудың тосуы бар,
Адам болар жігіт осыны ұғар.





Пікір жазу