Құлқын туралы құпия сыр
(Парақорға)
Айтайын, сөзге құлақ сал,
Құпия сыр қып құлқынды.
Құлқын атты бір құзғын
Құбылды күнде мың түрлі,
Түн жамылып ту жылқы,
Нелер бағлан үйтуді,
Нелер кілем тоқулы,
Нелер заттар сүртулі,
Қаракөк бұйра елтірі,
Қатар тізіп бұл тұрды,
Құндыз жаға, түлкі ішік,
Ол да тоқсан құлпырды.
Метро менен бастондар,
Пар - парымен костюмдар,
Сілкіп тастап құлпыңды.
Жоқ боп жатты құлқынға,
"Балта кеспес мұртымды,
Болып алдым, " — деп тағы
Сөйлеп қояды лепіріп,
Істегенін былтырғы:
— Өткен жылы үйімде,
Жалғыз көрпе қырқу,
Кір жастығым болушы еді,
Көтермейтін сілкуді.
Қатқан жаға, тар шалғай,
Етек-жеңі қырқу.
Пальто киіп әйелім,
Күнде салып қиқуды
Алушы еді мазамды,
Көзінде жас іркулі.
Енді қазір қырық-отыз
Иісмайлар бүркулі,
Қатырмалы көйлектер,
Жазғы - күзгі пальтолар,
Рет тимей киюге
Әлі күнге тың тұрды.
Сиыр кіріп қораға,
Қой-ешкі оңды қусырды.
Атым да бар астымда,
Құландай құла сүйкімді.
Тая қалсам бір жаққа
Жалтыратып табанды,
Көрсетіп тек сыртымды
Бірақ, құрғыр қора-жай
Бұзып тұрған шырқымды.
Бөлек-бөлек бөлме қып,
Салдырып ем - ау шіркінді,
Кім болжаған ақырын,
Әзірше қарным тырсиды.
Үй де, жай да, мал-мүлік
Сыюына бір сыйды.
Енді тек бойға сіңіру,
Сол жағын ойлап құлқынның
Тітіркеп жаным ыршиды.
Мен үшін дәлдеп жазғандай,
Қаулы шығып мінекей,
Құлашым демде қушиды,
Әр сөзі менің жанымды
Жаралайды, шымшиды.
Ұстағаным қолымнан
Темен түсіп, сусиды.
Қош болып тұр, қу құлқын,
Кесіріңнен сен иттің
Тамырым менің қырқылды!