08.06.2021
  156


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

"Қара дәптер" қартайды

Жақапбайдың қолынан
"Қара дәптер" түспейді,
Онсыз көзін жұмбайды,
Онсыз асын да ішпейді.
Түнде қалтада жатады,
Күндіз партада жатады.
Мүжіліп те, сызылып та бітіпті,
Сырт пішіні бұзылып та бітіпті.
Кір де басыпты,
Ыпыны да қашыпты,
Өйткені:
"Қара дәптер" не көрмеді?..
Бәрін де көрді,
Бәріне де көнді.
Көшіргені де бар,
Үстінен сызып өшіргені де бар,
Бір-екі парақтың кесілгені де бар.
Кесілген жерді көрсетіп,
Жақапбайдың өкінгені де бар.
Бар өзгеріс сол,
Жиырма-отыз ғана жол.
* * *
"Қара дәптер" басында,
Жақапбайдың жасында,
Жақсы-ақ болыпты,
Бетінде дағы жоқ аппақ болыпты,
Оған міне он жыл толыпты.
Сонан бері тыным тапты ма?
Тапқан жоқ.
Бір күн бетін жапты ма?
Жапқан жоқ.
Бір сөз қосты ма?
Қосқан жоқ.
Жақапбай онда "сессияны"
"Секция " деп жазып алды.
Сондағы жазылған көк сияның
Болар-болмас ізі қалды.
"Температура" дегенді
"Температурия" деп атады.
Сөйтіп біздің думшебай мұғалім
"Температураны" өзінше жасады.
"Қара дәптер" қартайғанша,
Киер киім, ішер ас та болды,
Арақ та, шарап та,
Оны ішіп талай мас та болды,
Талаймен бөле, талаймен дос та болды.
Талаймен өле қас та болды.
Онымен қиын лекцияға да барды,
Кейде күндізгі сабаққа,
Кейде кешкіге де барды.
Соның арқасында директор да болды,
Талай жерге керекті де болды.
Таусылмас оған тамақ та болды,
Балаларға түсінбес сабақ та болды...
* * *
Жылдан жыл өтті,
"Қара дәптер " қартайды.
Бұрынғы күй тайды,
Талай сөзін өшіртті,
Көлемін де кішірейтті,
Бірақ Жақапбай кішірмеді,
Атағын да түсірмеді,
Оның олай болуына ешкім де түсінбеді.
Жақапбай сол күйінде отыр,
"Қара дәптер" үйінде тұр,
Жақапбайдың бар білгені сонда...
Ойлаңдаршы, онда:
Оны оқыған баладан,
Не күтуге болады?
Олар да сол Жақапбай
Болады да қалады!





Пікір жазу