08.06.2021
  222


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Қызылшаның арызы

Ойласып, ақылдастық та,
Хат жазып тұрмыз бастыққа:
"Бізде қанша жазық бар,
Үстімізге қар жауып,
Жатқызар тоңды жастыққа
Домбығып мынау бетіміз,
Аязды сорып етіміз,
Айдалада жатырмыз,
Ең болмаса бір келіп,
Көзбен көріп кетіңіз!
Ала жаздай аялап,
Колхозшылар баптады,
Бізді өнімді етем деп,
Бір күн тыным таппады.
Еңбегінен солардың,
Өркендеп, өскен өнім ек,
Гектарына бес жүздеп,
Мыңдап та өнім беріп ек.
Төгілген тер, еңбекті
Тастамас деп сеніп ек,
Көлігі жетпей жатыр-ау,
Деп шыдап-ақ келіп ек,
Сөйтіп жүріп күз жетті,
Жанбасқа аздап сыз өтті,
Оған да біз көніп ек.
Бірте-бірте қыс жетті,
Бізден енді күш кетті,
Нашарлап барады сапамыз.
Әсіресе біз соған
Өте-мөте қапамыз.
Қалаға кетсең, бастық - ау,
Неше күндеп кетесің,
Текке жүріп қалада
Таптайсыңдар көшесін.
Кейде жолың түскенде,
Қиығын салып көзіңнің,
Түк үндемей өтесің,
Көздерің сірә көрмейді,
Қызылшаның аяз бен
Суық сорған шекесін!"
Бүйте берген бастықтың,
Тиісті заң танытар,
Мықтап тұрып көкесін,
Айтқан кезде төтесін!





Пікір жазу