08.06.2021
  223


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Көктем саяхаты

Жайдары жарқын, жылы шырайлы,
Сүйкімді сөзі, жұмсақ ырайлы,
Есікті қағып бір кісі келді,
Күлімдеп көзі кіргісі келді.
— Қош келдіңіз, келіңіз! —дедік,
Күлімдей күліп, отырды келіп.
— Жерден емес көктен едім,
Көптің күткен көктемі едім,
Тек бұл емес келген жылым,
Көпке таныс көптен едім.
Қарсы алғанға құшақ жайып,
Байлығымды төккен едім.
Дұрыс қарсы алмағанға,
Бір түйір де дән берместен,
Отырғызып кеткен едім.
"Сондай тағы болмасын " деп
Жыл құсы боп жеткен едім.
Көлік, құрал-саймандарын
Кімдер дұрыс басқара алды,
Көктемге сай міндеттерін,
"Кімдер дұрыс атқара алды... —
Ең алдымен саяхаттап,
Тұңғыш орным менің барған
Облыстық жер бөлімі.
Бар жұмыста артта қалған.
Бәйгеқұмның МТС - ын,
Жолдан тағы көре кеттік.
Рапортты керемет қып
Жазып болып отыр екен,
Кең қағазға он бес беттік:
— "Бар жұмысты срогіне,
Жеткізбестен бұрын біттік,
Қолдағы он бес тракторды,
Қыс басынан жөндеп күттік!" —
Деп артына қол қойыпты,
Көзбен көріп, оқып шықтық.
Дайын он бес тракторын,
Айқай салған рапорттан,
Жүргізіп ек, он екісі —
Құсты майын, бір-екі ұрттап.
Жүрегінде сырқаты бар,
Байқағанға анық құнттап...
Қайта қарап жөнделмесе
Ап-анық тұр шығатыны,
Бір-ақ күнде істен сырттап.
Міне осындай кемшілікті,
Естеріңе сала келдім,
Тез қолға алса жөнделетін.
Екі-үш факты ала келдім.
Үлгі аларлық МТС - ті
Талай-талай және көрдім.
Сонан үлгі алса екен деп,
Шау қимылдау қалса екен деп,
Келді анығын айтып бергім! —
Соны айтты да көтерілді,
Жарқын жүзбен келген кісі,
Аты — Көктем, көптің күткен,
Еңбек айы, жылдың құсы





Пікір жазу