08.06.2021
  224


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Желіккен жеңгейлерге

(Кейбір келіссіз мінездерге)

Түнімен ұйықтап, түсте тұрады,
Кейде сағат үште тұрады,
Бір-екі сағат жуынып жүреді.
Үйдің апшысын қуырып жүреді
Бір-екі сағат айнада тұрады,
Бір бетін, бір сыртын айнаға бұрады.
Сипалап майлап, сылайды келіп,
Дударлап шашын бұрайды келіп,
Қампиған қарны икемге келмей,
Резинкамен қынайды келіп.
Модадан мода таңдайды келіп,
Тастайды қас пен маңдайды керіп.
Өзі бір басқа, киімі басқа,
Не көрсе соның бәріне жерік.
Істейтін түк те жұмысы болмайды.
Үй ішімен бір ісі болмайды.
Сондықтан жеңгей еріге түседі.
Еріккен жеңгейлер желіге түседі.
Телефонды алып звонит етеді,
Звонит етсе - ақ машина жетеді.
Мастерской мен магазин қалмайды,
"Ателье модтардың " киімін таңдайды.
Сәл ашуланса ауырып қалады,
Сәл көңілденсе сауығып қалады.
Біреудің алтын сағатын көрсе,
Иісмай, яки жағатын көрсе, —
Есебін тауып сатып алады.
Сатып алмаса жатып алады.
Кесе де сынады, шайнек те сынады,
Есік, терезе, әйнек те сынады.
Амалы бар ма күйеуі жазған ?!
Қалтасындағы береді де шығады.
Байына жеңгей есеп береді,
Екеуі отырып есепке енеді:
Жиырма-отыз сом қасына керек,
Қырық-елу сом шашына керек,
Он-он бес сом тырнаққа керек,
Бес-алты сом қымбат та береді.
Пудра - мудрасы бар,
Шашының кудрясы бар,
Одеколон, духи бар,
Біз өкше туфлиі бар,
Мойнында тағы түлкісі бар,
Үш жүз сомдық сумкасы бар,
Айна менен тарағы бар,
Толып жатқан бөлек - салағы бар...
Қалап жүріп қалпақ алады,
Қалпағы бір күнде салтақ болады.
Өйткені: бір күн шекесіне киеді,
Келесі күні желкесіне киеді.
Онан соңғы күні төбесіне киеді.
Қалпақ пен шашта тыным болмайды,
Ұйпалай берген соң бұрым да оңбайды.
Әліпті бірақ таяқ деп білмейді,
Оны өзіне ұят деп білмейді.
Ең үлкен жұмысы шайға отырады.
Тәтті пирожный майға отырады.
Сәл дәмсіз болса, сілкіп тастайды,
Сұлық пен қолын сүрте бастайды.
Бір баласын нұқып қалады,
Бір баласын түртіп қалады.
Бірін-біріне соғады.
Бірте-бірте іріге соғады.
Ұзыннан-ұзақ қыңқыл шығады,
Қыңқылдан барып, ыңқыл шығады.
Путевка алып, Қырымға кетеді,
Көлденең небір шығынға кетеді.
Күйеуі мұнда қарызданып жатады,
Белшесінен қарызға батады.
Біз мұны айтқанда:
Киме демейміз, ішпе демейміз,
Машина мініп, түспе демейміз,
Ішу де, жеу де, кию де керек,
Құр масылдыққа тыю да керек.





Пікір жазу