Ат үстіндегі айқас
(Кейбір өтірік ақпаршыларға)
Майса құрақ шабындық та
Тұр бөленіп таңғы шыққа.
Жел қозғалса толқынданып,
Жел басылса тынышталып,
Жатыр айдын өңірді алып.
Дер кезінде қатып кеппей,
Орып алса сөлі кетпей,
Шіркін, қандай жасыл шалғын,
Майы шыққан жеген малдың.
Келсек үйде жатыр бастық,
Шынтағында екі жастық.
Көрпесімен бойын қымтап,
Буркеп алған басын тас қып.
Әрең басын көтергізіп,
Тілге келіп амандастық.
Бірте-бірте ең керекті
Әңгіменің бетін аштық.
Алды да аздап ыңқыл қағып,
Кетті сөйлеп, жөнелді ағып.
Шабылмаған шабындықпен,
Шөпке, суға кінә тағып:
— Көл біткенді су басыпты,
Құрлыққа да су қашыпты.
Қайда барсақ суды кештік,
Аяқ бассақ, суға түстік,
Бірде малтып, бірде қалқып
Кәлдің сасық суын іштік.
Мынау... содан суық алып,
Тымауратып, күйіп-жанып,
Сырқаттанып жатып қалдым,
Іс қауырт сасып қалдым.
Тәуекел деп, үш жүз грамм
"Тентек суды " жұтып салдым,
Сонан бастап терім кеңіп,
Әзіме өзім жаңа келіп,
Жатыр едім... Қалқатайым,
Трактордың жанармайын,
Шөпшілердің жатар жайын,
Шалғы, балға, айыр, орақ
Тауып қойдық — бәрі дайын.
Тек осы әлгі көлдің суы,
Құрғатылып тартылуы...
Бөгеп тұр тек су тасқыны! —
Деп колхоздың бұл бастығы
Сөзді қайта сапырды кеп, —
Сол тоқтау боп жатырмыз, — деп.
* * *
Кеңсесіне келді бастық,
Біз де бірге есік аштық,
Келе сала берді бұйрық,
Столдарын мирық - сирық —
Жыға басып, жосылды кеп,
Оған айқай қосылды кеп:
— Тырма қайда, көлік қайда ?
Көлік баққан конюх қайда ?
Бет-бетімен кете бермей,
Үйге барып жолықпай ма?
Бос тұрғызып тракторды
Тракторшы нағып жатыр?
Бар пішенді шаба бермей
Олар нені бағып жатыр ?
Қайда әлгі бригадир,
Демеп пе еді: "Барлығы әзір?"
Мен болмасам быт-шыт болып,
Жүргені тек ұшып-қонып!.. —
Деп айқайды салды келіп,
Гүрсілдеді желсіз көрік,
Үйреншікті күндегі шу,
Тұрған жан жоқ көңіл бөліп,
Қалды құр бос айқай болып.
Бірақ цифр жүзді қамтып,
Кейде жүзге толып, артып...
Ауданға ақпар кетіп жатыр,
Жұмыс сөзбен "бітіп "жатыр.
Азды-көпті шапқан шөбін
Жел ұшырып кетіп жатыр.
Бос даурықпа, құр айқаймен
Жылжып уақыт өтіп жатыр.
Ат үстіне мінген айқай
Барлығына жетіп жатыр.
* * *
Ат үстіне мінген айқай,
Ат үстінен алынбаса,
Құрғақ цифр, көпірме сөз
Тазартылмай қалыңдаса,
Асыра сілтеу, көз бояудың
Түп тамыры шабылмаса,
Қора бітпей, шөп шабылмай,
Бірі шала, бірі кеміс,
Тиянақты бітпей тегіс,
Қалмай ма тек айқай болып,
Бітуді аңсап тұрған көп іс?