«Дейді екендер» дейді екен
"Дейді, дейді" дегенге,
Дейділер не дейді екен ? —
Десек кейбір дейділер
Мынадай да дейді екен:
"Елге шыққан бір уәкіл,
Бір үйден қой жейді екен.
Қайдан келді осы қой,
Оны қалай сойды екен?
Әлде колхоз қойынан
Әкеп сойған қой ма екен?
Қалай жеке меншіктен,
Бір қой соя қойды екен?
Қой, осыны бір жерге
"Білдірейік " — дейді екен.
Оған біреу топшылап,
Тағы былай дейді екен:
— Қойшы, қойды қоқытпай,
Айтатын сөз сол ма екен?
Сельмагта жүр келіншек,
Оны әкеп кім қойды екен?
Сұлуын - ай шіркіннің,
Өзі сылқым, оңды екен.
Аудандағы бұл бикеш
Кіммен таныс болды екен ?
Соны да бір жазайық
Жоғарыға, дейді екен.
Сол да сөз бе, бір қызық,
Мұнда жатыр дейді екен.
Біздің бастық қонаққа
Қандай малды сойды екен ?
Кеше келген дөкейлер
Түні бойы сонда екен.
Көк шынылар кіріпті
Сегіз бе әлде он ба екен?
Бір мықтысы ауданның
Пар деуші еді, сол ма екен?
Әлде қарын бөлесі;
Әлде күйеу, жиені
Болса болар, бәрі де
Көк жағалы тонды екен.
Осы біздің Өрекең,
Биыл тіпті қоңды екен.
Күнде қонақ үйінде
Сілтеуі оңды-солды екен.
Соны да бір білейік,
Қаржы қайдан келді екен ?
Естай пальто киіпті,
Ой, тамаша, оңды екен!
Қоқима бөрік, көк жаға
Қай фермадан келді екен ?
Мұны білмей болмайды,
"Дейді екендер " — дейді екен.
Тексере қалсаң анықтап,
Боп шығады: "дейді, дейді екен
Райфоға бастық боп
Біреу келеді дейді екен.
Қандай екен руы,
Қай ауылдан болды екен?
Таныстары кім екен?
Бір жуан жүр, сол ма екен?
Осыны да білейік,
"Дейді екендер " — дейді екен.
"Дейді екенді "лепіртіп
Тағы айтар кім болды екен?
Сылдыр - суайт, сұғанақ,
Сұқты көзді молда екен.
"Әддуния — жипатон! —
Дөние нажас " — дейді екен.
Бермесеңдер тасаттық,
"Қиямет болады " дейді екен.
Мал сойғызып,
Сорпасын ішіп,
Етін жейді екен.
Жұлдыз түсті жарқырап,
"Сұмдық! Сұмдық " дейді екен,
Күн жаумаса, оған да —
Мал сойғызып жейді екен.
Ұл тумаса әйелі —
Бұл не ғажап болды екен?
"Қой, садақа берейік,
Ұл боп қалар ", — дейді екен.
"Дейді екендер" топшылап,
Мынадай да дейді екен:
"Қойбағаров бір үйге
Қонып кетті", — дейді екен.
Селтеңбайлар осындай
"Толып кетті" — дейді екен.
Бір тілші кеп, орынсыз
Жазып кетті", — дейді екен.
"Архивтерін ауылдың
Қазып кетті", — дейді екен.
Анығын ашып ақтарса ",
Боп шығады: "дейді, дейді екен".
* * *
Осы "дейді" жойылмай,
"Дейді" жөнге қойылмай,
Әділ заңның шоқпары
Мықтап тимей сойылдай,
Тигізіп жүр кесірін,
Тиянақсыз "дейді мен",
Ашық жазып, дәл айтып,
Құтылмай болмас "дейді!"