08.06.2021
  329


Автор: Алмас Темірбай

ОРАМАЛ

Сен және мен... Автобус. Артқы орындық.
Жұрт килігіп араға… Қақ бөліндік.
Біреулердің көзінен күдіктеніп,
Бірімізге біріміз жат көріндік.

Қарай алмай жүзіме қымсынасың,
Көрігіне көзімнің кім шыдасын?!
«Бір минуттық үнсіздік жариялап»
Қынжыласың немесе қырсығасың.

Өзгермепсің. Бәрі де баяғыдай,
Сені көріп, өзімді аядым-ай.
Өлім бөлсе бір сәрі, өмір бөлген
Бүгінгінің Қозы мен Баянын-ай!

Кеткім келді көліктен түсіп жылдам,
(Тіршілік-ай тышқан мен мысық қылған).
Солып қапты-ау ерінің, солып қапты
Қып-қызыл боп шиедей пісіп тұрған…

Ұмытшақтық бәрін де ұмыттырды,
Қырық түрлі қызықты қырық түнгі.
Күнәсі көп жүрегім жылап тұрды,
Кінәсі жоқ жанарым күліп тұрды.

Не қыл дейсің сен енді?!. Жоқ амалым,
Жоламадым жаныңа, жоламадым.
…Жоламадым, әдейі жоламадым,
Бар болған соң басыңда орамалың…





Пікір жазу