08.06.2021
  446


Автор: Алмас Темірбай

СЕНІҢ ЕСІМІҢ...

Сүйдім мен сені... Алланың бұйрығыменен,
Домбыра-көңлім шертеді-ай бір күйді ерен.
Сені «Кім?», ─ десе мына жұрт, Құдайдың маған
Ұсынған үлкен үмітпен сыйлығы дер ем...

Өзімді-өзім азаптап, әуре етіп мүлде,
Бір өлең жаздым... Тәңірге тәубе етіп түнде.
Дүниедегі ең қысқа музыка сынды ─
Атыңды сенің айтамын, әндетіп күнде...

Сенің есімің ─ мөп-мөлдір тұма сияқты,
Сенің есімің ─ мәңгілік мұра сияқты.
Сенің есімің ─ сүйгенін күтіп, сағынған
Жандардың жанын емдейтін дұға сияқты...

Тіл-көзден сенің атыңды сақтасын Алла,
Жазылған Лауһул-Маһфуздың тақтасына да.
Сүгіретіңді салар ем, атыңды жазып,
Қолымнан келсе, жұмақтың қақпасына да...

Сұлулық бар ма ─ беймәлім ─ сенің атыңда?!
Ұлылық бар ма ─ беймәлім ─ сенің атыңда?!
Кім білсін, сенің атыңды өлеңге қоссам,
Тарихта қалар, бұйыртса, менің атым да...

Сүйдім мен сені... Құдайдың құдіретімен,
Құтын қашырып сезімнің, құнын кетірмен.
Періштелерді шақырып сенің атыңмен,
Жын-сайтандарды үркіттім сүгіретіңмен...

Періште біткен атыңа арбалып жүрсін,
Жын-сайтан қашып, тығылып сандалып жүрсін.
...Атыңды сенің айтпаймын тірі жанға да,
«Бұл қандай ат?!», ─ деп күллі адам таң қалып жүрсін...





Пікір жазу