07.06.2021
767
ТІЛАШАР ТОЙЫ
Шатыққа толы болсын келер күндер,
Нұры ғой көзіміздің көгершіндер.
Аман қыл құртақандай құлындарды,
Аруақтар, желеп-жебеп жүрерсіңдер?!
Адамдар артқан екен ұрпаққа үміт,
Солардың арқасы ғой, тұрсақ күліп.
Еңбектеп,
Тәй-тәй басып,
Мектеп барып,
Сұңқардай
Шыңға қонар шырқап шығып.
Желкілдеп жігіт болды тайға мінер,
Күй болып шалқы көңіл, қайна жігер.
Алдынан арайланып бақыт таңы,
Азамат болсын аузын айға білер.
Көргендер бақытты ғой немересін!
Көгерсең немереңмен көгересің…
Ертең-ақ мақтанышқа айналады,
Ат ерттейтін Азамат деген есім.
Ұрпақпен ұласады мұрат арман,
Бәйтерек бой көтерер құба талдан.
Тойлаңдар,
Қуаныңдар, ағайындар,
Шалқып қайыт, шаттық тойы- Тілашардан!