06.06.2021
202
Есек пен ит
Есек итке жолықты,
Әңгіме мынау болыпты:
— Сені, әрине, ит дейді,
(Басқаларға өйтпейді)
Ал, мені есек дейді,
Сырттан өсектейді.
Бізді тек мазақ үшін
Жаралған деп есептейді.
Онсыз да есекпін ғой,
Оңбағанға есеппін ғой,
Сол да маған жетпей ме?
Сені де "ит, ит " дей бермей,
Иттігіңді тауып сөкпей ме.
Жас та, кәрі де,
Мысалшының бәрі де,
Мысалын есектен бастайды,
Сен туралы да қақсайды.
Ашынғаннан кейде,
Тебейін десем күшім жетпейді,
Тістеуге тісім өтпейді.
Солардың сен есебін тауып,
Бір жерін қауып,
Мықтап тұрып тістесең,
Бір айтқанды істесең...
Деп еді ит көнбеді,
Ойын да бөлмеді:
— Жоқ, мен оларды тістемеймін,
Ит болсам да иттік істемеймін!