03.06.2021
272
ҒАЖАЙЫПҚА ТОЛЫ - ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ
Ғажайыпқа толы-Яссауи кесенесі
Түркістан жайлы сөз ете бастасақ әрине бірінші болып ойымызға Яссауи кесенесі: Әзірет-Сұлтан мұражайы есімізге түсері анық. Неге дейсіз ғой, себебі, Түркістан бүкіл Түркі әлеміне танымал болған, Яссауи кесенесі арқылы бірінші көзге түсетін, тарихи дүниесі құндылыққа толы қала. Қаланың көркіне көрік беріп тұрған Әзірет-Сұлтан жайлы сөз етпеу мүмкін емес. Ғажайыпқа толы Яссауи кесенесі жайлы күнделікті айтып, келер ұрпақтың санасына құя берсек, ол әрине артықтық етпейтіні анық. Сол мақсатпен менде Әзірет-Сұлтан кесенесіне арнайы барып, сол жердің экскурсоводы Садуақасов Данияр мырзамен тілдесіп қайтқан едім. Данияр мырза ә дегеннен ақ Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жайында барлық ақпаратты судай етіп ағызып, "шөлдеп келгенде сусыныңды қандырардай", керемет етіп әңгімелеп берді.
"Қожа Ахмет Яссауи кесенесі 14-ші ғасырдың соңына қарай тұрғызылған архитектуралық ғимарат"- деп бастаған Данияр мырза, Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан кейін, оның мазарына зиярат етіп келушілер көп болып, кейін бұл кесене бүкіл мұсылмандардың жаппай тәуеп ететін орнына айналды дейді. Бұл ғимарат 12-ші ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі, көне түркі ақыны, сопылықтан шыққан Ахмет Яссауидің бейітінің басында орнатылғанын, сонымен қатар Түркістан қаласының тарихы өте терең, көнеде жатқанын сөзге тиек етеді. Түркістан қаласын ерекшелендіріп отырған әрине осы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екенін айтып, бұрын Түркістаннан да үлкен қалалар болғанын, Отырар, Сығанақ, қалалары қазіргі таңда жоқ болып Түркістан осы кесенесінің арқасында әлі де әлемге әйгілі екенін айтты. Ахмет Яссауи өзі Сайрам қаласында туып өскенмен уағызшылық қызметін осы Түркістан қаласында жүргізіп отырған. Соның арқасында бұл Түркістан қаласында әлі де халық өмір сүріп жатыр-дейді. Яссауи 1166 жылы дүние салған, ол кісі қайтыс болғаннан кейін оның атағы тіпті тірі кезінен де жан-жақа көп таралып, (ол кезде Яссы болатын қаланың атауы) бұл кесене бүкіл Түркілердің зиярат ететін орнына айналып кетеді дейді. Алғашында бұл жерге Оғыз, Қарахан хандары жерленіп отырған, содан 1395 жылы Әмір Темір кесенеге зиярат етіп келіп екі бөлмелі болған бұл кесенені үлкен етіп салуды ұйғарады, ол үшін шет елдерден арнайы мамандар алдырып, соларға осы істі тапсырады. Бұл іс дайын жоспар бойынша жүргізіледі. Бірақ бұл кесене жоспар бойынша бітпей қалған, себебі, Әмір Темірдің 1405 жылы қайтыс болуына байланысты, Әмір Темір мемлекетінің әлсіреп, ыдырауына байланысты, бұл кесенені салудағы ойға алынған мақсаттар орындалмай қалған. Қазіргі таңда ғимараттың ең биік нүктесі 41 метр болғанмен, жоспар бойынша тағы да 25 метр қосу керек болған. Бұл кесенесінің басты ерекшеліктері, Әмір Темірдің басқа қалаларда салдырған ғимараттардан ерекшелігі ең алғаш рет бір күмбездің астында көптеген бөлмелер орын алды. Яғни ғимарат сегіз түрлі бөлмелерден тұрады. Атап айтсақ, 1) Қазандық. 2) Үлкен Ақсарай. 3) Кіші Ақсарай. 4)Құдықхана. 5) Кітапхана. 6) Асхана. 7)Көрхана. 8) Мешіт. Қазіргі таңда бұл кесененің нақты атауы да қалыптасқан емес, кесене дейін десек ішінде, асхана, кітапхана, құдықханасы бар бұл ғимаратта бір күнбез астында әртүрлі мақсатқа арналған бөлмелері жинақталған кешен. Өзіне тән ерекше бөлмелерімен ерекшеленген бұл кешенді әркім әрқалай атап жүрген жайы бар, бірі "Қожа Ахмет Яссауи кесенесі" десе, бірі "Әзірет-Сұлтан" енді бірі жалпылама "Мешіт" деп те атап жатады- дейді, ал біз нақты атайтын термині жоқ болғандықтан жалпылама "Яссауи кешені" деп айтып жүрміз-дейді "Әзірет-Сұлтан" мемлекеттік мұражайының экскурсоводы: Данияр мырза. Әмір Темір дәуірінен кейін бұл жер уақытша Шайбаниттердің қолына өткен. Сол Шайбаниттермен бір ғасырға жуық күресу барысында Түркістан қаласы қазақ хандығының астанасына айналды. Содан бастап қазақ хандарын осында жерлеу рәсімі басталды. Қазіргі таңда Яссауи кесенесінде қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 18 биі мен 30 шақты батырлары жатыр. Жай батырлар емес, тарихта аты аталған атақты батырлар. Тіпті батыс, шығыс, Қарқаралы жерлерінде қайтыс болған батырлардың денелерін сақтап, қыста қайтыс болса көктемге дейін сақтап, жол ашылғанда осында әкеліп жерлейтін болған. Бұл неге бұлай жасалынып отырған дейтін болсаңыз, бұл біздің тарих, тамырымыздың осында жатқанын көрсету болған. Яссауиді таныған сайын біз өзімізді тани береміз.Яссауиді түсінген сайын дінді түсіне береміз, Яссауиді тану арқылы кімнің қандай жолда, кім бұрыс, кім дұрыс жолда екенін біле аламыз. Хандар да, билер, батырлар жерленген осы бір киелі жерде келіп зиярат етудің өзі бір керемет дүние деп білем. Абылай ханның өзі көзінің тірісінде, "Мені осы Әулиенің іргесіне жерлеңдер"- деп айтып кеткен екен. Ханның айтуы бойынша Ахмет Яссауидің аяқ жағына Абылай хан жерленген. Қазіргі таңда Түркістан рухани астанамыз. Елбасының жарлығымен Түркістан облыс болғалы жақсы жағына қарай көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Қазіргі таңда кесененің ішіндегі жөндеу, рестарациялық жұмыстары бітті, кесененің күнбезі ауысты. Жаңадан экспозициялар қойылды және Құдықхана бөлмесі ашылды. Құдықхана бөлмесі осы 2019 жылға дейін жабық болатын. Белгілі бір рестарациялық жұмыстар барысында құдыққа зияны келіп, жабылып қалған құдықты 2019 жылы қыс айында Елбасы келіп, сол құдықтың жайын көріп, аштыруға бұйырған болатын. Екі-үш күнде құдық қайта ашылып, арнайы анализдер алынған. Қазіргі таңда келуші адамдардың сол құдықтың суын ішуге мүмкіндігі бар. Құдық суын ішкен адамдар судың ерекше дәмге ие екенін айтып жатады. Сол құдық суын алып, мына жерде ортада тұрған Тайқазанның ішін толтыратын болған. Тайқазанның ішіне 3000 литр су сияды, салмағы 2 тонна. Тайқазанның ішін суға толтырып, ішіне бал араластырып, келген зияратшы адамдарға беріп отырған. Сонымен қатар Үлкен Ақсарай бөлмесіне керемет экспозиция жасалынды, Жәнібектің ұлы, Қасымханның тағы табылған болатын Иран жерінен, соның көшірмесі соған қарап жасалынып қойылды-деп, сөзін бір қорытындылаған Данияр мырза ағынан жарылып, түсіндіріп өтті.
Көптен бері Яссауи кесенесіне бармаған едім, кесенеге кірген бойда екі Тайқазанға-бірі үлкен, бірі кішілеу Тайқазанға көзім түскен болатын. Сол жайында да Данияр мырзадан сұрағанымда: 18 ші қырқүйек, Тайқазанның Эрмитаждан Түркістан жеріне қайтқан күні болатын, сол күнде арнайы ісшара, көрме болған, сол ісшара кезінде осы бір кішілеу Тайқазан әкелініп қойылды. Тайқазан бір айдай осы жерде тұрады. Бұл Тайқазанды ағаштан жасаған, біздің Тайқазан жеті металдан жасалған болса, бұл кішілеу Тайқазанды Шымкенттегі 21-ші дарын мектебінің балалары екі мұғалімнің жетекшілігімен 2 жыл көлемінде жасаған екен-деп сұрағыма толық қанды жауап берген Данияр мырзаның жүзінде ерекше бір қуаныш байқалып тұрды. Себебі, осындай Тайқазанды ағаштан жасаған 21 ші мектеп балалары мен ұстаздары Тайқазанның көшірмесін ағаштан келтіріп, Ғажайып дүние жасағаны анық емес пе?! Осы орайда Шымкенттегі 21-ші дарынды мектеп ұжымына "жарайсыздар" дегіміз келеді!
Сонымен қатар, осы кесенеде арнайы экскурсия үшін, экскурсоводтар жұмыс жасайды, олар міндетті түрде қазақ тілін, орыс, ағылшын, қытай, түрік араб тілдерін білулері шарт дейді-қазақ, орыс, түрік тілдерін жетік меңгерген Данияр мырза.
Ал қазіргі таңдағы осы кесенеге зиярат етіп келушілер көппе?-деген сұрағыма, қазіргі таңдағы карантинге байланысты зиярат етіп келушілер азайып қалғаны рас, бірақ бұрындары алыс-жақын шет елдерден, өзіміздің еліміздің басқа өңірлерінен келушілер өте көп болатын-деп, сөзін түйіндеді . Менің сұрақтарыма жоғары деңгейде жауап берген Данияр мырзаға рахметімді, алғысымды айтып, Түркістанның мақтанышы, Яссауи кесенесі әрі қарай дами беруін тілеп, болашағың жарқын болсын-деп менде іштей тілеп, Алла барлық дүға-тілектерімізді қабыл етсін-деп, Яссауи кешенінен шығып кеттім.
Ғажайып Қазақстан-2050 жұрналының меншікті тілшісі: Жібек Искакова. Түркістан қаласы.