03.06.2021
  720


Автор: Жібек Ысқақова

МЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН

 


Мен қазақтың қызымын

Мен қазақтың қызымын, Әлиямын,
Көңілі кең, ақ жарқын дариямын.
Қайсарлық бар қанымда мәңгі өлмейтін,
Батылдықпен баршаға жариямын...

Мен қазақтың қызымын, Фаризамын,
Жинап алған бойына ар иманын.
Шырылдайтын жанмын мен бозторғайдай,
Өлеңімен жеткізер елдің қамын...

Мен қазақтың қызымын жаны нәзік,
Қанағатты ететін жанға  азық.
Өмірге келіп Алланың қалауымен,
Қазақ қызы атандым тағдыр жазып...

Мен қазақтың қызымын жаны жайсаң,
Тұрар әркез тым ерте әрбір ақ таң.
Таңмен бірге таласа шуақ шашам,
Күн нұрындай жылытып әрбір жақтан...

Мен қазақтың қызымын еркелейтін,
Әуенімен аспанды тербелейтін.
Бұлт боп енем кей кезде аспаныма,
Жаңбыр болып, нұр болып себелейтін...

Мен қазақтың қызымын жаным да бай,
Тұра алмаймын от болып жалындамай.
Жұлдыз болып жанамын аспанымда,
Сәуле шашып, жарық беріп Аймен тарай..

Мен қазақтың қызымын күлім қағар,
Әрбір үйдің алаулатып отын жағар.
Қаным қазақ, жаным қазақ өзгермейтін,
Қазақпенен бір болып, бақыт табар...

Мен қазақтың қызымын сайып қыран,
Көңілі бай, шайқалып жазар жыр, ән.
Қазақ болып туғаныма қуанамын,
Қазақ  қызы  ең мықты, біздің  құрам...

Мен қазақтың қызымын, Анасымын,
Дауылдарда қорған болар панасымын.
"Қазақ" аты сөнбесін мәңгілікке,
Сыйлар бізге қашанда бар асылын...
Жібек Искакова




Пікір жазу