03.06.2021
  521


Автор: Жібек Ысқақова

ҚУАНТҚЫМ КЕЛЕДІ

Қуантқым келеді..."
(мөлтек сыр)

     Бірде, үйде ұлым екеуміз ғана қалған едік. Білмеймін, менің көңіл-күйім болмай, өз-өзіммен ойға шомып отырмын. Ал ұлым болса "Балапан" арнасынан қызықты мультфильм көріп, арасында ән айтылса әуеніне қосылып мәз. Ұлыма қарап: "Болашағың да осындай шаттықты, қуанатын сәттерің көбейсін!"-деп ішімнен тілеп қоямын. Солай  ойланып отырғанымда ұялы телефоным шырылдай кетті.  Ауылдас құрбым екен.
Маған:
    - Қалайсың, үйдесің бе? Біздің   үйге келсеңдерші - деді.
Мен:
    - Ия, үйдеміз.
    - Онда ұлыңды да ерте кел. Өткен- кеткенді еске түсірейік!    
Үйде жалғыз қалсаң  әр нәрсені бір ойлап, көңілің түсіп кететіні бар. Көптен бері араласатын ашық-жарқын  құрбымның мінезі де маған ұнайтын.
     Көп  ұзамай  діттеген мекен-жайға жеттік. Ұлым болса мәз, өзімен қатарлас құрбымның балдарымен  ойнау үшін ішкі бөлмеге кіріп  кетті. Шәй демделіп, дастарханды  жайнатып қойған екен. Ыстық шәймен ыстық көңіл араласып, балалық шақтың альбомын ақтарып, балаларша қуана түстік.Көптен бері карантинге қамалғандықтан ба, айтар сырымыз бітпейтіндей.Құрбымның риясыз күлкісі бөлменің ішін өмір қуанышына бөлегендей.  Бір-бірімізді көрмегелі жарты жылдан асып кетіпті. Жолдасы жұмыста екен. Содан сөзден сөз шығып кетіп, құрбым маған:
   - Құрбым, жақында отағасының туған  күні болатын еді, оған тосын сый жасап, қуантқым келеді-деді.
Мен:
   - Менен қандай көмек керек?- деген едім.
   - Өмірлік жарымның туған күнінде оған арнап әдемі ән айтқым келеді.Маған бір жақсы ән тауып  берші, - дегені.
    Мен бірден ұялы телефонымды ашып, әндерге көз  жүгірттім. Көзіме бірден Сәнді Ақылайдың сөзіне жазылған Әкім Ысқақ ағаның "Қуантқым келеді" деген әні түсті. Ойыма оның: "Тосын сый жасап, күйеуімді қуантқым келеді" деген  сөзі түсті. Содан құрбыма:
   - Осы ән қалай, тыңдап көрші?- дедім. Құрбым әнді бір емес, бірнеше рет тыңдады. Мен үнсіз құрбыма қарап  отырмын. Бар ойым, "Не айтар екен, неге қайта-қайта тыңдап отыр?"- деймін өз өзіме.
Арада біраз уақыт өтіп  кетті, мен  де, ол да үнсіз.
   - Мына әнді кім жазған? Тура мен іздеп жүрген ән екен!-дегені жүзі жайнап, дауысын шаттық кернеп.
Мен таңданып:
   - Қалайша құрбым, бұл ән несімен ұнады саған?- дедім.
   - Құрбым, білесіңбе, мен отағасын өте қатты сыйлаймын. Оны құрметтеймін.Ол менің ән шырқағанымды өте жақсы көреді. Жан-жарымды әрқашанда қуантқым келеді-деді."Отағасы"-  деп сөйлегені де маған ұнады.
   - Бұл әнді кім жазған құрбым? Маған әнді ватцаптан жіберші-деді.
Мен:
   - Бұл әнді ақын, сазгер, қоғам қайраткері - Әкім Ысқақ ағамыз жазған-деп жауап бердім.
Құрбым:
   - Ән расыменде әдемі ән екен. Мен сияқты жанына жақын жандарын, сүйген жарын қуантқысы келетін қыз-келіншектерге арналғандай ән екен-деді.
     "Қуантқым келеді" әнін тауып бергенім үшін құрбым рахметін жаудыруда. Әдемі, ойнақы әннің әуеніне елітіп,  өзі де билеп алды. Әу демейтін қазақ жоқ дегендей, құрбымның да дауысы  керемет еді, әсем әуен бөлмені шарлап кетті. Жүзі балбұл жанған құрбым осынау  әнді тауып бергеніме қуанғанын көрсеңіз. Менің де көңіл-күйім көтеріліп, құрбыма аз болса да қуаныш сыйлағаныма мәз болып, ұлымды алып үйіме қайттым.
     Бұл жерде менің айтпағым, жанымызға жақын жандарды қуантып жүрейікші! Себебі жаныңа жақын жандар қуанса, бақытты болса, өзің де мол қуанышқа кенеледі екенсің. Мен де айналамдағы адамдардың жүздері жайнап, қуанып жүргенін қалаймын! Адамдарды танысам да, танымасам да кішкентай тамшыдай болса да қуантқым келеді... Адамдар қуанса, адамдар бақытты болса мен де қуанамын, мен де бақытты боламын!

   Ғажайып Қазақстан-2050 журналының меншікті тілшісі:  Жібек Искакова.  Түркістан қаласы.




Пікір жазу