ҚҰДАЛАР (толғау)
Бар еді бір атадан төрт-бес түтін,
Ағайын бірде жарты, бірде бүтін.
Әлдісі сол атаның малға жұмсап,
Қолымды босатпайды иә күн, иә түн.
Бармасам бәрі қарғап ұрысады,
Кіргізбей үйлеріне тырысады.
Олардың тілін алмай босқа жүрсем,
Жақтырмай мені көрсе бырысады.
Құлағым елеңдейді ән дегенде,
Кежегем кейін тартар мал дегенде.
Ақ ит пен ала мысық ере шығады,
Нан тастап, сүйек беріп дәндегенге.
Ол кезде ел жайлауға көшер еді,
Жалғыз қой, үш ешкімен өсе ме енді.
Шешем жоқ, әкем кәрі, өзім жалғыз,
Кім мені еркелесем көтереді?
Мінгізіп тай-танаға қойшыларды,
Көш озып қонар жерге кетер еді.
Баласы еңбекшінің сөкпеңіздер,
Шерім бұл өткен бастан шертер енді.
Ақтерек, Ырғайтыдай сай бар еді,
Сол жерде талай-талай бай бар еді.
Өзені қатпар жартас, күрлеген су,
Атқыған жыра сайын қайнар еді.
Қалың ел бұл өлкені өрлей кешіп,
Шулатып қой, жылқысын айдар еді,
Үстіне шыға келсең мидай дала,
Сол сазды барған байлар жайлар еді.
Таулардың шоқысында ұлар ұшып,
Қойшылар салқындайды суға түсіп.
Түбінде бір ағаштың көлеңкелеп,
Дем алып, отырушы ек сусын ішіп.
Жайлауда шілдехана той болады,
Баққаны сорлы кедей қой болады.
Баруға баста билік болмаған соң,
Шерленген жүрегінде ой болады.
Той болса ел қатарлы бара алмаймын,
Жаутаңдап екі көзім алаңдаймын.
Қиялмен қарап жүріп ойға шомып,
Еш айла бұл дертіме таба алмаймын.
Ойланып тас түбінде қалсам жатып,
Даусымнан шошып тұрам ән сап жатып.
Кеткенін қойдың қайда мен білмеппін,
Жете алмай ой түбіне шаршап жатып.
Ол күнде малды адамның бәрі де үстем,
Дегенін істетеді малды күшпен.
Балама әйел алып беремін деп,
Біреуге әкем сорлы құда түскен.
Қопаның арғы жағы төс болады,
Ерте күн жарлыларға кеш болады.
Барлығын қой, ешкінің соған бердік,
Білмеймін онан әрі не іс болады?
Берген мал қалың малға өсіп кетті,
Қырсығын қайын атамның кесіп кетті.
Мал бітіп төрт түліктен ел қатарлы,
Жайлауға бие байлап, көшіп кетті.
Бай болып мал алғандар жата тұрсын,
Қызыққа қымыз ішіп бата тұрсын.
Қыз өсіп, қымыз ішіп, көңіл тасып,
Аузына келген сөзін айта тұрсын.
Болғалы маған қайын көп жыл өтті,
Аз емес, екі арада мол жыл өтті.
Жетімге үй-жайы жоқ қыз бермен деп,
Жеп алып барлық малды қорлығы өтті.
Менің әкем барады
Құдасына қуанып.
Жақтырмайды құдасы
Теріс қарап, қуарып.
Балалары шулап жүр,
Қой, жылқысын суарып.
Келіні шыға қашады,
Атасынан ұялып.
Құдағи жүр тырысып,
Екі ұрты суалып.
Балалары тағы жүр
Күңкіл етіп ұрысып.
Әкем сорлы үндемей,
Төрде отыр құнысып;
Үстінде тәуір киім жоқ,
Қаудыр тоны кұрысып.
Құда келді демейді,
Бай елей ме кедейді?
Сусыны қанып шай ішіп,
Тәуір тамақ жемейді.
Құдағи жүр күбірлеп,
Бүлкілдетіп көмейді.
Ұстап алар дегендей,
Қасына адам келмейді.
Белең алып күн сайын
Араздық, өкпе көбейді.
Сөзін айтар біреу жоқ,
Жарлыны кім жебейді.
Бай құданың бейлі жоқ,
Көзге ілсін бе кедейді,
Ұрсып күші жете ме,
Қартайған шал не дейді?
Керегі байға қалың мал,
Қызының қамын жемейді.
ӘКЕМНІҢ ҚҰДАСЫНА
АЙТҚАНЫ
Бай құдам бар деп мен жатырмын,
Қай құдам бар деп сен жатырсың.
Қатық ішіп сен жатырсың,
Қатып-семіп мен жатырмын.
Мен құда болғанда,
Жирен шолақ құнаның бар еді,
Екі ғана құлағың бар еді,
Басында жаман тұмағың бар еді,
Атың жоқ еді, таяғың бар еді,
Жалғыз қара шұнақ лағың бар еді.
Дәулетің менімен тең еді,
Мен қашан сенен кем едім?
Жал біткен соң жалтарған,
Не қылған арсыз неме едің?!
Құдағи бар, құда деп,
Әдейі мұнда келгенім.
Сенің қызың бой жетті,
Менің балам ер жетті,
Екі жасты қосалық,
Ұнасқан жасқа біз де бір
Рақымшылық жасалық.
Кешегі күнде жарлы едің,
Төгілме тасып соншалық!
ҚҰДАСЫНЫҢ АЙТҚАНЫ
Әй, құда, үстіңде жоқ киім, – деді.
Табуың қалың малды қиын, – деді.
Қызымды қу кедейге бере алмаймын,
Байлауым осы соңғы түйін,— деді.
Балаңмен менің қызым қатар, – деді.
Малсыз берсем, жаныма батар, – деді,
Жетімге баспанасыз қыз бердің деп,
Бәйбіше мазамды алып шатар, – деді.
Ер жетіп, осы күнде ақыл кірді,
Бәйбіше де бір нәрсе байқар – деді.
Қызымды байлап-матап бергенменен,
Үйің жоқ қайда барып жатар, – деді.
Қызымды енді саған бере алмаймын,
Сөзіңе зарласаң да көне алмаймын.
Ат мінбей, таяқ мінген тақыр кедей,
Мен саған қыз беремін дей алмаймын.
* * *
Шал байғұс амалы жоқ қайтып кетті,
Құда мен құдағидың қорлығы өтті.
Қыз бермейтін күшіңді көрермін деп,
Әлінше о да қайрат айтып кетті.
Ыза боп әкем келді үйіне де,
Қорлыққа шыдай алмай күйіне де,
Елемеді, шағып ед әкем барып,
Сол елдің Нұрбек деген биіне де.
Зарланып айтты одан соң ағайынға:
– Мұңымды сендерге де шағайын да.
Өзіммен тілегі бір жарлы, жалшы,
Жәрдем қыл, келінімді алайын да!
Мүсәпір ортаңдағы шалың едім,
Ежелден өздеріңе мәлім едім.
Қылмасаң туысқандық осындайда,
Келмейтін болып тұр ғой әлім менің.
Келінді құда жатыр бермеймін деп,
Мен кеттім қорлығыңа көнбеймін деп.
Ол айтты: «қызым шығып боз ордадан,
Астына алты уықтың енбейді» деп.
Бәрі де көп кедейдің мақұл деді,
Әкеме бұл айтқаның ақыл деді.
Бір қозы, бір-бір қойдан бермек болды,
Болсын деп көмек, жылу пақырға енді.
Ал, құда көнбеймін деп тұра тұрсын,
Әңгіме, өсектерін құра тұрсын.
Айтайын өз жайымды біразырақ,
Басқалар шаруасын қыла тұрсын.
* * *
Мен келдім сол уақытта он сегізге,
Бармақ ем қайын жұртқа келер күзде.
Шыдамай бұл қорлыққа намыстанып,
Шырқаймын әнге салып жапан түзде.
Көрген ел қалыңдығың жақсы дейді,
Тек қана әл-ауқатың тапшы дейді.
Бір байға Шоқы деген бергелі жүр,
Бұзылып әкесінің нәпсі дейді.
Сүйгенің әрі ақылды, түсті дейді,
Майысқан он саусағы істі дейді.
Атасқан күйеуімді бір көрсем деп,
Арманы жүрегінде күшті дейді.
Елуде ол Шоқының жасы дейді,
Ағарған сақалы мен шашы дейді.
Қу шалға шыныменен кетем бе деп,
Батпай жүр қыздың ішкен асы дейді.
Сүйгенің әнге десе тоты дейді,
Гауһардай екі көздің оты дейді.
Малмен қыздың әкесін қызықтырып,
Тоқал ғып алғалы жүр Шоқы дейді.
Қарасаң бой нұсқасы тал құрықтай,
Қиылған белі оның қылдырықтай.
Дариға-ай, күйеуімді бір көрсем деп,
Дөңбекшиді төсегінде бұлдырықтай.
Тізілген әппақ тісі меруерттей,
Нұр атқан екі беті жанған өрттей.
Қу шалға шыныменен барам ба деп,
Жатады көңілінен қайғы кетпей.
Осылай әркім айтты қыздың жайын,
Көбейді сағат санап қайғы, уайым.
Аулына кедейсініп жолатпайды,
Ойлаймын не істесем деп, не қылайын?
Қызбенен енді қалай кездесемін,
Қисынын қайтіп тауып сөйлесемін.
Рас па, өтірік пе жұрт айтқан сөз,
Қалайша ебін тауып меңзесемін?
Жігітті ыза, қорлық шыдатпайды,
Кедейлік кімге қайыр сұратпайды.
Құдамның арғы атадан туысқаны,
Іздедім далбасалап Құрақпайды.
Құрақпай туғаннан-ақ жарлы еді,
О-дағы қолы қысқа зарлы еді.
Өзі әнші, өзі батыр, өзі сері,
Намысқой, ер көңілді, арлы еді.
Сөйлестім оңашалап соны тауып:
«Өзіңе келдім, – дедім ,- көңілім ауып.
Көмек ет, сен де кедей, мен де кедей,
Алсаң да дүниемнің бәрін шауып.
Жүрсің бе замандасым, батыр Құрақ,
Беруге күнде сәлем ауыл жырақ.
Жас – жастың тілегі бір деген кәне,
Өзіңе келіп едім ақыл сұрап.
Құрақпай, жасың үлкен, жаның құрбы,
Ер едің көпті көрген сегіз қырлы,
Қызбенен жөнін тауып сөйлестіргін,
Естідің ішімдегі барлық сырды.
Ағатай, ұмытпайын өлгенімше,
Қолыңнан жақсылық қыл келгенінше,
Аулына күндіз барсам жолатпайды,
Сол қызды күйіп, жандым көргенімше.
Құрақпай: – Сөзіңді ұқтым, Кенен, деді,
Келіпсің ақыл сұрап менен деді,
Тілегі нашарлардың бір емес пе,
Қызметті аямайын сенен деді.
Бел буса тәуекелге әркім күшті.
Тәсілін тапқан алар тоты құсты.
Қызбенен сөйлесеміз ебін тауып,
Дей бергін: «үмітімнің сәті түсті».
Ханзада сүйгеніңнің аты деді,
Әйел боп шыққан емес даты деді.
Ұялып мені көрсе қалушы еді,
Атасы меніменен жақын еді.
Бекқожа қыз ұзатпақ, тойы болар,
Жиылып қыз, бозбала ойын болар,
Дайын бол, өзім барып хабар айтам,
Айтатын қалыңдыққа ойың болар.
Тойына дүйсенбі күн малын сояр,
Жігіттің сұлу қыздар көзін ояр.
Сол тойға ат-тоныңды тәуірлеп кел,
Сені де көрген қыздың көзі тояр.
Деймісің осы үшін басты жояр,
Жаным жоқ, Кенен достым, сенен аяр.
Қызбенен оған шейін сөйлесейін,
Боп тұрсын уәдеге о да даяр.
Сен-дағы барың болса киініп кел,
Сұңқардай сұқсыр көрген түйіліп кел;
Қасыңа он бес-жиырма жігіт ертіп,
Ел болып парасатпен жиылып кел…
Болғанша қыздың тойы үйге қайттым,
Толғанша дүйсенбі күн зорға жаттым.
Осындай бір әңгіме бастадым деп,
Бәріне дос-құрбымның түгел айттым.
Біткенде уәделі күн келіп тұрдым,
Көңілімді тек осы іске бөліп тұрдым.
Жиылған бір-бір қозы, бір-бір қойға,
Үстіме біраз киім алып кидім.
Таңертең Құрақпайдың өзі келді,
Төрт болып отыр еді көзім енді.
Шетінде шай орамал күміс жүзік,
Қуантқан сүйген жардың сөзі келді.
Құрақпай: – Атыңа тез мінгін, – деді,
Жүреміз киіміңді кигін, – деді.
Осы той екеуіңе бір сын болар,
Менің де ерлігімді білгін, – деді.
Қонақ қып Құрақпайға лақ сойдық,
Ерттедік те, аттарды байлап қойдық,
Көрінбей түн болғанда барамыз деп,
Кедейден жасақ құрдық, жиын болдық.
Ауылы Ханзаданың Қырқұдықта,
Жиналған қырық-отыз үй бір құдыққа,
Күн батып, шам жамырап, түн болған соң,
Жөнелдік алты жігіт сол құдыққа…
Қалың ел тойға келген дуылдасып,
Ән салды қыз, бозбала шуылдасып.
Жиналған қыз, келіншек тіккен үйге
Көлеңдеп шай көйлегі сусылдасып.
Ол кезде қыз киеді құндыз бөрік,
Қадаған үкілері берер көрік.
Етегін оқалаған бешпент киіп,
Әсемдеп шолпы таққан, шашын өріп.
Кигені ұзын шапан жігіттердің,
Айтысып қыз, бозбала іріктелді.
Тұсынан керегенің көзін тігіп,
Қағады қызға жігіт кірпіктерін.
Айтысып қыз, бозбала ән салып тұр,
Сыртында шал мен кемпір тамсанып тұр.
Қыздар мен жігіттерді таныстырып,
Сылқылдап жеңгелері ақша алып тұр.
Айналып керегені біз де жүрдік,
Көрмекке Ханзаданы іздеп жүрдік.
Бір жерге атымызды байлап тастап,
Қасында бір-екеуміз көздеп жүрдік.
Құрақпай ертіп келді қос келіншек,
Ақтүлкі, Өлмесектей жас келіншек.
Топ жігіттің ішінен мені іздеп,
Еркетайдың сүйгенін, деді, – көрсек.
Екеуі бізге келді шамын алып,
Бой жеткен екі-үш қызды жанына алып.
Көрісіп, қол ұстасып амандастық,
Оңаша ертіп келді үйіне алып.
Отырдық күліп-ойнап әзілдесіп,
Барады Ханзаданы көзім тесіп.
Ақтардық жүрек сырын терең жатқан,
Етін жеп, қайнап тұрған шайын ішіп.
Сымбатты, ашаң жүзді, орта бойлы,
Көрген соң сұлу көркін көңілім тойды.
Ақтүлкі, Өлмесекпен ақылдасып,
Отырмыз біз де ойлап әр түрлі ойды.
Бар екен сол арада бұзылған там,
Ішінде күңгірттене жанып тұр шам.
Тұрғандай сол уақиға көз алдымда,
Жүрегімде сақталған боламын таң.
Біз бардық сол бір тамға қол ұстасып,
Кетуге бел байластық, ақылдасып.
Жүрекпен сүйгеннен соң қосылайық,
Жүрсек те өлмеспіз деп отын тасып.
Бақытым өзімді іздеп келгендей боп,
Жүрегім отқа жанып күйгендей боп.
Кеудемде қуанышты күй толады,
Өмірдің бақшасында жүргендей боп.
Жасымды төгуші едім торыққанда,
Жүрегім дүрсілдейді қорыққанда.
Тәуекел, жүріп кеттік түнделетіп,
Бұл жүріс кем болмады жорықтан да.
Құрақпай алға түсіп, жорта берді,
Екі жас көгергін деп бата берді.
Қоштасып қос жеңгесі ақыл айтып,
Олар да амандасып қайта берді.
Тиген соң қалағаным қолыма енді,
Қуанып қайта түстім жолыма енді.
Келінін аман-есен көрсе әкем,
Қалар тасып, көңілі толып енді…
Артынан ағалары жетті қуып,
Қолында жігіттердің сойыл, құрық.
Талдырып түсірдік те аттарынан,
Ауылға шеру тартып, кеттік жүріп…
Кейіннен арамызға кісі түсті,
Ол кезде би мен манап, болыс күшті.
Билігін айтпақ болып дау-жанжалдың,
Сау етіп солар біздің үйге түсті.
Пысығы екі жақтың билік қылды,
Құрақпай бәрін алдап қулық қылды.
Қолдағы біраз малды аямастан,
Болыс пенен билерге сыйлық қылды.
Пара алып би, болыстар тарасады,
Бұл қылық арсыздарға жарасады.
Ауылдан қырық қадам шыға беріп,
Олжаға шуылдасып таласады…
Өзімде, туысқанда қалған малды,
Соңынан қуып келіп құда да алды.
Егер де көнгің келмей бұраңдасаң,
Қызымды қайта алам деп күшке салды.
Ол, бірақ, қызын қайтып ала алмады,
Өйткені, болыс, биді пара алдады;
Және де мені қостап бір тайпа ел,
Дайын тұр шығаруға дау-жанжалды.
Адалға қолымызда мал қалмады,
Көрінді желке сіңір, жал қалмады.
Жан сақтау сол уақытта қиын болып,
Қарыздан қозғалуға әл қалмады.
Адамға еңбек еткен жарасады,
Жалқаулар бақытынан адасады.
Байлардың қойын бақтым амал бар ма,
Кім маған босқа жатсам қарасады?!
Қой соңында жүрем деп кетті күйім,
Көрдім азап, қу жоқтық қандай қиын!
Торғай әкеп қамасаң тұрмайтындай,
Шұрық тесік отырған киіз үйім.
Өксумен өте берді өмір-жасым,
Кедейлік зарын тартып қайран басым.
Жетуге бір арманнан бір арманға,
Құйқылжып, қанат қағад көңіл-лашын.
1908