01.06.2021
  215


Автор: Кенен Әзірбаев

Жамбыл жатып қалғанда

Жамбылдың жасы жүзге тақалған-ды,
Мезгілден қарттығы да «ақы алған-ды» —
Қарттыққа екі беттен етті беріп,
Мұрты мең селдіреген сақал қалды.
Жамбылдың жатып қалған мынау жайы,
Жүректің жұқарған соң ылди - сайы,
Отанды отты соғыс жайлағанда,
Ақынның соған кеткен Алғадайы.
Алғадай неше дүркін жауға шапқан,
Ерлікпен көзге түскен қалың топтан.
Ақыры, кескілескен бір айқаста
Ақынның қайрап ұлы қаза тапқан.
Зіл батпан шаңырақ пен керегеңді
Басса да, көңіл айтпақ керек енді.
Үкіметтің үлкен-үлкен өкіліне
Мұқтар, Сәбит, Ғалилар ере келді.
Баласының қайғысы қатты батқан,
Нәр татпай, бір тіл қатпай ақын жатқан.
«Ескі дос, тілін тапса сол табады,
Кененді алдырсақ» деп ақылдасқан.
Шілденің күні жанған оттай ыстық,
Асығыс біздің үйден бір шай іштік,
Сәбитжан мініп келген машинамен
Екеуміз елден шыға құстай ұштық.
Ие дерге білмей келем асып-сасып,
Сәбитпен алдым біраз ақылдасып.
Келеміз ақыл айтып қырсықтырмай,
Өзіне шағынуды мақұлдасып.
Бұл бізді сынға салар бір іс дедік,
Жамбылды сақтап қалсақ, ырыс дедік.
Ақылға өз аузынан сөз сұранып,
Ескіше егілгенді дұрыс дедік.
Қиялап Басбатырдың өрімінен,
Дегерес, Қозыбасы беліменен.
Киікті күмбезінен Шиен асып,
Таң ата зорға жетіп келді Кенен.
Көрістік бауырым-ай деп шуылдасып,
Тезекбай, Сатыштармен құшақтасып.
Бой бермей үйдің ішін кернеп кетті,
Халықтың кәрі-жасы дуылдасып.
Төсекте Жамбыл жатыр теріс қарап,
Екі-үш күн тамақ татпай аттай жарап.
Келгендер Кенен сөзін естиміз деп
Аумақты үйге сыймай алды қамап.
К е н е н:
Ау, Шәке, көпті көрген батырымсың,
Қайғырып Алғадайға жатырмысың?!
Пендеге бұл жалғанда өлім рас,
Тағдырдың сөгесіз бе қылған ісін.
Кім күшті, тәңірім күшті, тағдыр күшті,
Жүзге дейін көрдіңіз талай істі.
Миуалы бақ ішінде дарақы едің,
Бір жемісің жел соғып жерге түсті.
Сен тұрмасаң, береке бізден қашты,
Түгесіп те бітірдік көзден жасты.
Қарасай бабаң шейіт емес пе еді,
Атаң батыр Шапырашты, көтер
басты!
Басыңда бағың түгел, елің аман,
Құдайға қарсылығың жарамас-ты.
Бұл жатқан төсегіңнен сен тұрмасаң,
Жүректі жазылмастай жара басты...
Көтерді басын сонда төгіп жасын.
Зорға отыр қалтақтап.
Жұрты жатыр аруақтан.
Келіні Күлән кезден жас бұлады:
«Ас адамның арқауы» — деп сұрады.
— Жәкең тамақ ішті! — деп Сәбит сонда,
Телефонның құлағын көп бұрады.
Сонда қайта сөйледім,
Сөйлегенде бүй дедім:
— Ассалаумағалейкүм, Жамбыл ата,
Атағың жер жүзіне даңғыл ата.
Мен келдім өтінгелі Қасқараудан,
Жұртыңды жұбатқандай қам қыл, ата!
Алғадайдың артында Қуанышы бар ,—
Артында өз көзіндей алтын сақа.
Бұл сөзді мен айтпасам кім айтады,
Бастап-ақ езіңізден алған бата.
Үкімет бізге нұрды жауғызып тұр,
Атыңды барша адамға жайғызып тұр.
Мәскеуден тамақ, киім, түрлі заттар,
Поезбен керегіңді алғызып тұр.
Сойысқа колхоз, совхоз мал жеткізіп,
Қымызға тоғыз бие сауғызып тұр.
Сәулетті он бес үйге он бес кілем,
Жиһаздың бәрін төсеп салғызып тұр.
Сол үйдің айналасын бау-бақшалы
Қырық түрлі жеміске малғызып тұр.
Талайдың жампозы өлді, қай біріне
Сәбитті көңіл айта барғызып тұр...
Тойлайтын жеңіс туын желбіретіп,
Уа, Жәке, алдымызда бар қызық тұр.
Мінсе деп көк машина жұлқынып тұр.
Мінсе деп күрең жорға сілкініп тұр.
Алғадай Отан қорғап құрбан болды, —
Отанның көңілі үшін орныңнан тұр!..
Орнынан осыдан соң тұрды қартың,
Біздерге көп айтпады сырды қартың.
— Алғадай, Алғадайлап! — ертелі-кеш,
Сенделіп бақ ішінде жүрді қартың.
Жүз де жетті, жүрек те солғын соқты,
Бірте - бірте тоқтатты жырды қартың.
Көнерген көздерінен оқыдық біз
Тоқсан жыл тоқтамаған жырдың артын.





Пікір жазу