01.06.2021
  180


Автор: Кенен Әзірбаев

Жамбыл-жыр

Жамбылды Жамбыл десем, кім білмейді,
Өлеңнің ордасына кім кірмейді.
Елу жыл ертіп жүрген ардақты ата,
Домбыраң құлағымда күмбірлейді.
...Бір күні Жамбылды ойлап қиялдадым,
Көз ілмей, төсегіме сия алмадым.
«Кененжан» .дейтін сөзі еске түсіп,
Өзімді-өзім сөгіп, ұялғаным...
Ақтауға парызымды домбыра алдым,
Ойланып шырмауықтай он бұралдым,
Жан Жәке, қартайсам да жырым ширақ,
Басыма саған біткен қонды бағың.
Бұйырмай тәуір көлік, тәуір тағам,
Өнерді беріп еді тәңір саған.
Ақынның бұлбұлы деп бұл Жәкеңді
Көрген ел Жетісуда таңырқаған.
Жамбылдың арғы атасы Екей дейді,
Екейдің ақыны көп екен дейді.
Сүйімбай көген алмай, өлең алып,
Өлең сөз сол өлкені мекендейді.
«Екейде елу ақын, сексен бақсы,
Ел жинап Сарыбайы болған жақсы».
Ертеден ел аузында осы сөз бар,
Кененің содан бастап толғанбақшы...
Ұлы жүз ұлғат қылған Сүйімбайды,
Өлең-жыр Сүйімбайсыз бұйырмайды.
Ақындар Сүйімбайды атамаса,
Баяғы басқан ізді шиырлайды.
Ұстазы Сүйімбайдың Қабан ақын,
Ұлы жүзде бас иген тамам ақын,
Нағашысы Жалайыр Қабан-ды деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын.
Атағы үлкен адам Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.
Жиені — Сарыбас ақын сөйлерінде
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау.
Сүйімбай сөйлерінде мұртты қаққан,
Өлеңнен он екі взвод мылтық атқан.
Сөйлесе жаман аңын жұрт алдында,
Жанына Сүйімбайдың қатты батқан.
Үйреніп содан біздің Жамбыл өскен,
Жамбылың сара жолда даңғыл өскен.
Сол ақын жапан түзде ғасыр бойы
Баршамен бал-шекердей дәмді үлескен.
Дүниеде Жамбыл сыры жан сырымдай,
Енді мен соны айтамын жасырынбай.
Біреуге бұл өлеңім көне сарын,
Біреуге бұл өлеңім бал — шырындай!





Пікір жазу