Құдасының айтқаны
Ей, құда, үстіңде жоқ киім, деді.
Табуын қалың малды қиын, деді.
Қызымды қу кедейге бере алмаймын,
Байлауым осы соңғы түйін, деді.
Балаңмен менің қызым қатар, деді,
Малсыз берсем, жаныма батар, деді.
Жетімге баспанасыз қыз бердің деп,
Бәйбіше мазамды алып шатар, деді.
Ержетіп, осы күнде ақыл кірді,
Бәйбіше де бір нәрсе байқар деді.
Қызымды байлап-матап бергенменен,
Үйің жоқ қайда барып жатар, деді.
Қызымды енді саған бере алмаймын,
Сөзіңе зарласаң да көне алмаймын.
Ат мінбей, таяқ мінген тақыр кедей,
Мен саған қыз беремін дей алмаймын.
* * *
Шал байғұс амалы жоқ қайтып кетті,
Құда мен құдағидың қорлығы өтті.
Қыз бермейтін күшіңді көрермін деп,
Әлінше о да қайрат айтып кетті.
ЬІза боп әкем келді үйіне де,
Қорлыққа шыдай алмай күйіне де,
Елемеді, шағып ед әкем барып,
Сол елдің Нұрбек деген биіне де.
Зарланып айтты одан соң ағайынға:
- Мұңымды сендерге де шағайын да.
Өзіммен тілегі бір жарлы, жалшы,
Жәрдем қыл, келінімді алайын да!
Мүсәпір ортаңдағы шалың едім,
Ежелден өздеріңе мәлім едім.
Қылмасаң туысқандық осындайда,
Келмейтін болып тұр ғой әлім менің.
Келінді құда жатыр бермеймін деп,
Мен кеттім қорлығыңа көнбеймін деп.
Ол айтты: «қызым шығып боз ордадан,
Астына алты уықтың өнбейді» деп.
Бәрі де көп кедейдің мақұл, деді,
Әкеме бұл айтқаның ақыл, деді.
Бір қозы, бір-бір қойдан бермек болды,
Болсын деп көмек, жылу пақырға енді.
Ал құда көнбеймін деп тұра тұрсын,
Әңгіме, өсектерін құра тұрсын.
Айтайын өз жайымды біразырақ.
Басқалар шаруасын қыла тұрсын.
* * *
Мен келдім сол уақытта он сегізге,
Бармақ ем қайын жұртқа келер күзде.
Шыдамай бұл қорлыққа намыстанып,
Шырқаймын әнге салып жапан түзде.
Көрген ел қалыңдығың жақсы, дейді,
Тек қана әл-ауқатың тапшы, дейді.
Бір байға Шоқы деген бергелі жүр,
Бұзылып әкесінің нәпсі, дейді.
Сүйгенің әрі ақылды, түсті, дейді,
Майысқан он саусағы істі, дейді.
Атасқан күйеуімді бір көрсем деп,
Арманы жүрегінде күшті, дейді.
Елуде ол Шоқының жасы, дейді,
Ағарған сақалы мен шашы, дейді.
Қу шалға шыныменен кетем бе деп,
Батпай жүр қыздың ішкен асы, дейді.
Сүйгенің әнге десе тоты, дейді,
Гауһардай екі көздің оты, дейді.
Малмен қыздың әкесін қызықтырып,
Тоқал ғып алғалы жүр Шоқы, дейді.
Қарасаң бой нұсқасы тал құрықтай,
Қиылған белі оның қылдырықтай.
Дариға - ай, күйеуімді бір көрсем деп,
Дөңбекшиді төсегінде бұлдырықтай.
Тізілген аппақ тісі меруерттей,
Нұр атқан екі беті жанған өрттей,
Қу шалға шыныменен барам ба деп,
Жатады көңілінен қайғы кетпей.
Осылай әркім айтты қыздың жайын,
Көбейді сағат санап қайғы, уайым.
Аулына кедейсініп жолатпайды,
Ойлаймын не істесем деп, не қылайын?
Қызбенен енді қалай кездесемін,
Қисынын қайтіп тауып сөйлесемін.
Рас па, өтірік не ел айтқан сөз,
Қалайша ебін тауып меңзесемін?
Жігітті ыза, қорлық шыдатпайды,
Кедейлік кімге қайыр сұратпайды,
Құдамның арғы атадан туысқаны,
Іздедім далбасалап Құрақпайды.
Құрақпай туғаннан - ақ жарлы еді,
О - дағы қолы қысқа зарлы еді.
Өзі әнші, өзі батыр, өзі сері,
Намысқой, ер көңілді, арлы еді.
Сөйлестім оңашалап соны тауып:
— Өзіңе келдім,— дедім,— көңілім ауып.
Көмек ет, сен де кедей, мен де кедей,
Алсаң да дүниемнің бәрін шауып.
Жүрсің бе замандасым, батыр Құрақ,
Беруге күнде сәлем ауыл жырақ,
Жас - жастың тілегі бір деген кәні,
Өзіңе келіп едім ақыл сұрап.
Құрақпай, жасың үлкен, жаның құрбы,
Ер едің көпті көрген сегіз қырлы,
Қызбенен жөнін тауып сөйлестіргін,
Естідің ішімдегі барлық сырды.
Ағатай, ұмытпаймын өлгенімше,
Қолыңнан жақсылық қыл келгенінше,
Аулына күндіз барсам жолатпайды,
Сол қызды күйіп, жандым көргенімше.
Құрақпай: Сөзіңді ұқтым, Кенен, деді,
Келіпсің ақыл сұрап менен, деді,
Тілегі нашарлардың бір емес пе,
Қызметті аямайын сенен, деді.
Бел буса тәуекелге әркім күшті.
Тәсілін тапқан алар тотықұсты.
Қызбенен сөйлесеміз ебін тауып,
Дей бергін: «үмітімнің сәті түсті»
Ханзада сүйгеніңнің аты, деді,
Әйел боп шыққан емес даты, деді.
Ұялып мені керсе қалушы еді,
Атасы меніменен жақын еді.
Бекқожа қыз ұзатпақ, тойы болар,
Жиылып қыз, бозбала ойын болар,
Дайын бол, өзім барып хабар айтам,
Айтатын қалыңдыққа ойың болар.
Тойына дүйсенбі күн малын сояр,
Жігіттің сұлу қыздар көзін ояр.
Сол тойға ат-тоныңды тәуірлеп кел,
Сені де көрген қыздың көзі тояр.
Деймісің осы үшін басты жояр,
Жаным жоқ, Кенен достым, сенен аяр.
Қызбенен оған шейін сөйлесейін,
Боп тұрсын уәдеге о да даяр.
Сен - дағы барың болса киініп кел,
Сұңқардай сұқсыр көрген түйіліп кел;
Қасыңа он бес-жиырма жігіт ертіп,
Ел болып парасатпен жиылып кел...
Болғанша қыздың тойы үйге қайттым,
Толғанша дүйсенбі күн зорға жаттым.
Осындай бір әңгіме бастадым деп,
Бәріне дос - құрбымның түгел айттым.
Біткенде уәделі күн келіп тұрдым,
Көңілімді тек осы іске бөліп тұрдым.
Жиылған бір-бір қозы, бір-бір қойға,
Үстіме біраз киім алып кидім.
Таңертең Құрақпайдың өзі келді,
Төрт болып отыр еді көзім енді.
Шетінде шай орамал күміс жүзік,
Қуантқан сүйген жардың сөзі келді.
Құрақпай:— Атыңа тез мінгін, деді,
Жүреміз киіміңді кигін деді.
Осы той екеуіңе бір сын болар,
Менің де ерлігімді білгін, деді.
Қонақ қып Құрақпайға лақ сойдық,
Ерттедік те, аттарды байлап қойдық,
Көрінбей түн болғанда барамыз деп,
Кедейден жасақ құрдық, жиын болдың.
Ауылы Ханзаданың Қырқұдықта,
Жиналған қырық-отыз үй бір құдыққа,
Күн батып, шам жамырап, түн болған соң,
Жөнелдік алты жігіт сол құдыққа...
Қалың ел тойға келген дуылдасып,
Ән салды қыз, бозбала шуылдасып.
Жиналған қыз, келіншек тіккен үйге
Көлеңдеп шай көйлегі сусылдасып.
Ол кезде қыз киеді құндыз бөрік,
Қадаған үкілері берер көрік.
Етегін оқалаған бешпент киіп,
Әсемдеп шолпы таққан, шашын өріп.
Кигені ұзын шапан жігіттердің,
Айтысып қыз, бозбала іріктелді.
Тұсынан керегенің көзін тігіп,
Қағады қызға жігіт кірпіктерін.
Айтысып қыз, бозбала ән салып тұр,
Сыртында шал мен кемпір тамсанып тұр.
Қыздар мен жігіттерді таныстырып,
Сылқылдап жеңгелері ақша алып тұр.
Айналып керегені біз де жүрдік,
Көрмекке Ханзаданы іздеп жүрдік.
Бір жерге атымызды байлап тастап,
Қасында бір - екеуміз көздеп жүрдік.
Құрақпай ертіп келді қос келіншек,
Ақтүлкі, Өлмесектей жас келіншек.
Топ жігіттің ішінен мені іздеп,
Еркетайдың сүйгенін,— деді,— көрсек.
Екеуі бізге келді шамын алып,
Бой жеткен екі-үш қызды жанына алып.
Көрісіп, қол ұстасып амандастық,
Оңаша ертіп келді үйіне алып.
Отырдық күліп-ойнап әзілдесіп,
Барады Ханзаданы көзім тесіп.
Ақтардың жүрек сырын терең жатқан,
Етін жеп, қайнап тұрған шайын ішіп.
Сымбатты, ашаң жүзді, орта бойлы,
Көрген соң сұлу көркін көңлім тойды.
Ақтүлкі, Өлмесекпен ақылдасып,
Отырмыз біз де ойлап әр түрлі ойды.
Бар екен сол арада бұзылған там,
Ішінде күңгірттене жанын тұр шам.
Тұрғандай сол уақиға көз алдымда,
Жүрегімде сақталған боламын таң.
Біз бардық сол бір тамға қол ұстасып,
Кетуге бел байластық, ақылдасып.
Жүрекпен сүйгеннен соң қосылайық,
Жүрсек те өлмеспіз деп отын тасын.
Бақытым өзімді іздеп келгендей боп,
Жүрегім отқа жанып күйгендей боп.
Кеудемде қуанышты күй толады,
Өмірдің бақшасында жүргендей боп.
Жасымды төгуші едім торыққанда,
Жүрегім дүрсілдейді қорыққанда.
Тәуекел, жүріп кеттік түнделетіп,
Бұл жүріс кем болмады жорықтан да.
Құрақпай алға түсіп, жорта берді,
Екі жас көгергін деп бата берді.
Қоштасып қос жеңгесі ақыл айтып,
Олар да амандасып қайта берді.
Тиген соң қалағаным қолыма енді,
Қуанып қайта түстім жолыма енді.
Келінін аман-есен көрсе әкем,
Қалар тасып, көңілі толып енді...
Артынан ағалары жетті қуып,
Қолында жігіттердің сойыл, құрық.
Талдырып түсірдік те аттарынан,
Ауылға шеру артып, кеттік жүріп...
Кейіннен арамызға кісі түсті,
Ол кезде би мен манап, болыс күшті.
Билігін айтпақ болып дау-жанжалдың,
Сау етіп солар біздің үйге түсті.
Пысығы екі жақтың билік қылды,
Құрақпай бәрін алдап қулық қылды.
Қолдағы біраз малды аямастан,
Болыс пенен билерге сыйлық қылды.
Пара алып би, болыстар тарасады,
Бұл қылық арсыздарға жарасады.
Ауылдан қырық қадам шыға беріп,
Олжаға шуылдасып таласады...
Өзімде, туысқанда қалған малды,
Соңынан қуып келіп құда да алды.
Егерде көнгің келмей бұраңдасаң,
Қызымды қайта алам деп күшке салды.
Ол, бірақ, қызын қайтып ала алмады,
Өйткені, болыс, биді пара алдады;
Және де мені қостап бір тайпы ел,
Дайын тұр шығаруға дау-жанжалды.
Адалға қолымызда мал қалмады,
Көрінді желке сіңір, жал қалмады.
Жан сақтау сол уақытта қиып болып,
Қарыздан қозғалуға әл қалмады.
Адамға еңбек еткен жарасады,
Жалқаулар бақытынан адасады.
Байлардың қойын бақтым амал бар ма,
Кім маған босқа жатсам қарасады?!
Қой соңында жүрем деп кетті күйім,
Көрдім азап, қу жоқтық қандай қиын!
Торғай әкеп қамасаң тұрмайтындай,
Шұрық тесік отырған киіз үйім.
Өксумен өте берді өмір - жасым,
Кедейлік зарын тартып қайран басым.
Жетуге бір арманнан бір арманға,
Құйқылжып, қанат қағад көңіл - лашын.