01.06.2021
  202


Автор: Кенен Әзірбаев

Құдалар

Бар еді бір атадан төрт бес түтін,
Ағайын бірде жарты, бірде бүтін.
Әдісі сол атаның малға жұмсап,
Қолымды босатпайды я күн, я түн.
Бармасам бәрі қарғап ұрысады,
Кіргізбей үйлеріне тырысады.
Олардың тіліп алмай босқа жүрсем,
Жақтырмай мені көрсе бырысады.
Құлағым елеңдейді ән дегенде,
Кежегем кейін тартар мал дегенде.
Ақ ит пен ала мысық ере шығад,
Нан тастап, сүйек беріп дәндегенге.
Ол кезде ел жайлауға көшер еді,
Жалғыз қой, үш ешкімен өсе ме енді.
Шешем жоқ, әкем кәрі, өзім жалғыз,
Кім мені еркелесем көтереді?
Мінгізіп тай - танаға қойшыларды,
Көш озып қонар жерге кетер еді.
Баласы еңбекшінің сөкпеңіздер,
Шерім бұл өткен бастан шертер енді.
Ақтерек, Ырғайтыдай сай бар еді,
Сол жерде талай-талай бай бар еді.
Өзені қатпар жартас, күрлеген су,
Атқыған жыра сайын қайнар еді.
Көшкен ел бұл өлкені өрлей көшіп,
Шулатып қой, жылқысын айдар еді,
Үстіне шыға келсең мидай дала,
Сол сазды барған байлар жайлар еді.
Таулардың шоқысында ұлар ұшып,
Қойшылар салқындайды суға түсіп.
Түбінде бір ағаштың көлеңкелеп,
Демалып, отырушы ек сусын ішін.
Жайлауда шілдехана той болады,
Баққаны сорлы кедей қой болады.
Баруға баста билік болмаған соң,
Шерленген жүрегінде ой болады.
Той болса ел қатарлы бара алмаймын,
Жаутаңдап екі көзім алаңдаймын.
Қиялмен қарап жүріп ойға шомып,
Еш айла бұл дертіме таба алмаймын.
Ойланып тас түбінде қалсам жатып,
Даусымнан шошып тұрам ән сап жатып.
Кеткенін қойдың қайда мен білмеппін,
Жете алмай ой түбіне шаршап жатып.
Ол күнде малды адамның бәрі де үстем,
Дегенін істетеді малды күшпен.
Балама әйел алып беремін деп,
Біреуге әкем сорлы құда түскен.
Қопаның арғы жағы төс болады,
Ерте күн жарлыларға кеш болады.
Барлығын қой, ешкінің соған бердік,
Білмеймін онан әрі не іс болады?
Берген мал қалың малға өсіп кетті,
Қырсығын қайын атамның кесіп кетті.
Мал бітіп төрт түліктен ел қатарлы,
Жайлауға бие байлап, көшіп кетті.
Бай болып мал алғандар жата тұрсын,
Қызыққа қымыз ішіп бата тұрсын.
Қыз өсіп, қымыз ішіп, көңіл тасып,
Аузына келген сөзін айта тұрсын.
Болғалы маған қайын көп жыл өтті,
Аз емес, екі арада мол жыл өтті.
Жетімге үй-жайы жоқ қыз бермен деп,
Жеп алып барлық малды қорлығы өтті.
Менің әкем барады
Құдасына қуанып.
Жақтырмайды құдасы
Теріс қарап, қуарып.
Балалары шулап жүр,
Қой, жылқысын суарып.
Келіні шыға қашады,
Атасынан ұялып,
Құдағи жүр тырысып.
Екі ұрты суалып.
Балалары тағы жүр
Күңкіл етіп ұрысып.
Әкем сорлы үндемей,
Үстінде тәуір киім жоқ,
Қаудыр тоны құрысып.
Құда келді демейді,
Бай елей пе кедейді?
Сусыны қанып шай ішіп,
Тәуір тамақ жемейді.
Құдағи жүр күбірлеп,
Бүлкілдетіп көмейді.
Ұстап алар дегендей,
Қасына адам келмейді.
Белең алып күн сайын
Араздық, өкпе көбейді.
Сөзін айтар біреу жоқ,
Жарлыны кім жебейді.
Бай құданың бейлі жоқ,
Көзге ілсін бе кедейді,
Ұрсып күші жете ме,
Қартайған шал не дейді?
Керегі байға қалың мал,
Қызының қамын жемейді.





Пікір жазу