01.06.2021
  181


Автор: Кенен Әзірбаев

Кененнің Бөдене және Шәйнек деген жеңгелерімен әзіл қағысы

К е н е н:
Жеңгелер, жүрмісіңдер күйлі-жайлы,
Ішкелі аңсап келдім күрең шайды.
Ауылға көшіргелі келіп тұрмын,
Жатақ қып жатасың ба осы Ақсайды.
Көп боп еді, жеңгелер, көрмегенге,
Сала келдім бір қолқа жеңгелерге.
Ақсайда ағаш бағып отырғанша,
Көшсеңші Қордайдағы туған елге.
Бөдене — Шәйнек:
Орныңыз құтты болсын, болыс қайным,
Кигенің шенел, шәпкі, орыс қайным.
Кедейден өкімет боп шыққаныңда,
Жақсы екен нашарларға болысқаның.
Қош десең тоқсан түйе жиғызып кел,
Құрмет пен парасатты білгізіп кел,
Жүз жорға, ертоқымы ылғи күміс,
Жүз қамшы ер басына ілгізіп кел!
К е н е н:
Жеңгелер, көшем десең көшіремін,
Еркелеп төсегіңде көсілемін.
Байлардың жорғаларын алып келіп,
Мінгізіп көңіліңді өсіремін.
Иірсу, Берікқара малдың жері,
Көкорай, көк майсалы ылди, өрі.
Қосылған ағайынға көшіп барып,
Әркімнің өзіне ыстық туған елі.
Бөдене — Шәйнек:
Өкімет бізге де жер берді кесіп,
Кедейге ерінбеген болды несіп.
Астығы ағыл-тегіл жерді тастап,
Неміз бар сол Қордайға қайта көшіп.
Қайным - ау, малдан қымбат тал мен терек,
Алма, өрік, ақша болар, мал не керек?!
Ақ бидай, қызыл тары бәрі бізде,
Картошка, қауын, дарбыз жөні бөлек.
К е н е н:
Жеңгелер, ермедіңдер қайныңызға,
Қарадық олай болса жайыңызға.
Жүрерміз келіп-кетіп, есен-сау бол,
Ал енді аттаналық аулымызға.





Пікір жазу