31.05.2021
  325


Автор: Тұманбай Молдағалиев

Құстар

Алманы қарға шоқиды,
Көкқұтан кітап оқиды.
Ұшып кеп ағаш басына,
Ала сауысқан қоқиды.

Бұлбұлың әнге салады
Мадақтап гүлді даланы.
Ілегін жазбай топ тырна,
Жайылымға кетіп барады.

Көбелек қонып гүлдерге,
Жақсылық жасап жүрді елге.
Қырғауыл өзін жемдейді
Жайласып алып бір жерге.

Қонады шымшық жас талға,
Жас талды жайлап тербейді.
Самғайтын қыран аспанда
Сауысқандарға сенбейді.
Қанаса қырғи қанаты,
Аққу құс келіп емдейді.

Даланы сыйлап келген көп,
Атпайды құсты мерген боп.
Бөдене қырғауылдарменен
Көршілес қонып көрген жоқ.

Бәрібір жауын, дауыл да,
Қырандар қорқуды ұқпайды.
Қарлығаш келмей ауылға,
Көктем де қырға шықпайды.

Алматы жақта тұратын,
Өлеңнен тауып мұратын.
Құстарды жырлап, түгендеп,
Самғап жүр көкте бір ақын.





Пікір жазу