31.05.2021
  2993


Автор: Аслан Қаженов

ТУАЛЕТТЕГІ ТУЫНДЫ

Жанарыммен жанап өтіп жұқалы,
Намысымның оты лезде тұтанды.
Туысымның туалеті ішінде
Жатыр екен бір ақынның кітабы.

Жатыр кітап. Бұл не деген сұмдық іс?!
Басты содан көңілімді мұңды мыс.
Бір бұрыштан бұйырылмай бір орын,
Бұл орыннан бұйырған ба бір бұрыш?

Қалай енді ашуымды тыярмын?
Қор болғанын көріп ұшқыр қиялдың.
Туалетте тұрған тұңғыш жыр көріп,
Туалете тұрып тұңғыш ұялдым.

Ұялдым да түсіп кеттім сұм күйге,
Өгей қылық өзегімді өртеуде.
Көздің жасын сүртетұғын жырлармен
Ақымақтар жамбастарын сүртуде.

Басқа, басқа, болады ма бүйтуге?
деп шыдамым өз шегіне жетуде.
Халық мұңын шаятұғын шындықты
Унитаздың суы шайып кетуде.

Кетіп жатыр, кетіп жатыр қап парақ,
Қап парақтар өмірі оның нақтырақ.
Ақын деген қатты сорлы болғанмен,
Мынау ақын сорлы екен қаттырақ.

Ол байғұстың жаны солай қуарды,
Қуартқанның айыптарын жуар кім?
Кітабы бар болғанына өкініп,
Кітабым жоқ болғанына қуандым.
(қазір енді бар ғой, өкінішке орай)





Пікір жазу