31.05.2021
  1184


Автор: Аслан Қаженов

Қыздар...

Қыздар, сізге, арналғанмен мол әнім,
Теңеу таппай құса-нала боламын.
Ойланбастан гүлге теңей салар ем,
Гүлдер бірақ солады.

Солады да паналайды жер үйді,
Ал, сендермен ер бақытты, ел игі.
Ойланбастан аппақ қарға теңер ем,
Қар да бірақ ериді.

Ериді де түссіз болып жатады,
Ал сендермен нұрлы таңдар атады.
Ойланбастан күнге теңей салар ем,
Ал, күн, бірақ батады.

Батады да қараң қылад көшені,
Ал, сендермен, тек жарқындық дос еді.
Ойланбастан жарық жұлдыз дер едім,
Жұлдыз, бірақ, өшеді.

Өшеді де ағып тынад дер едім,
Сонда теңеу таппады ма өлеңім?
Көрінбейтін нәрсеге де теңер ем,
Сізді, бірақ, көремін.

Білем, қалқам, айтпасаң да білемін,
Келбетіңнің таппай қойды жыр емін.
Тәтті дер ем, тата қалсам тіс емес,
Ауырады жүрегім.

Көз алдымнан көлбей беред көп елес,
Көлбегенмен көрмей қойдым тең белес.
Ең адал жан өзіңсің деп айтар ем,
Қулығың да жоқ емес.

Осындаймен бас айнала бергенде,
Ең шешуші тоқтамыма келген мен.
Қыздар деген басылмаған жердегі,
Ашылмаған терминдер.





Пікір жазу