Тымсал өлең
Дулат Аққожа бидің бір баласының үйіне келсе, қатыны кербез адам екен. Дулатты менсінбей, жөнді қонақасы бермейді. Таңертең бір сері аңшы келсе, келіншек құрмет алып, күте бастайды. Серімен әзілдесіп отырып, келіншек кекеген үнмен: «Бізді әлде жырау жырына жалау қылып кетер» – дейді. Сонда Дулат:
Айтпасымды айтқыздың,
Аузыңды бақпай, келіншек!
Шаруа десе – шалдуар,
Салақ, олақ, еріншек.
Бой түзеген боркемік,
Күлкігөй, күйшіл, көңілшек!
Қарт басқанның белгісі –
Жексұрын саған көрінсек.
Аларманың алтау-ақ,
Алпысқа болдың берімсек.
Шақырып алып алдына
Ел мақтаған ұстаны:
«Қысқашсыз ұстап темірді,
Балғасыз соқ!» –деп қысқаны.
Ұстаны қысқан падыша,
Айтшы, кімнің дұшпаны?
Құтың болса, құйып ал,
Құтсыз болсаң, төге сал,
Сөйлейін біраз нұсқаны.
Таста отырған байғыздың
Жанына тауыс келеді,
«Неткен құс, –деп менсінбей,
–Бармақтай-ақ денелі?»
Әсем жүнін таранып,
Өн бойына қаранып,
Бастайтұғын наздана,
Үлгілі сөзді келелі:
– Бармақтай-ақ қаралдың,
Қортиып қалай жаралдың,
Түріңнен қалай ұялмай,
Тасқа шығып тарандың?
Сұлулықтан бойыңда
Еншің жоқ алған тарыдай.
Сенен қораш құс бар ма
Денеге қалған жарымай?
Атың кім сенің, жөнің кім?
Тіршілік қалай сақтайсың?
Түспей-ақ көзге онан да,
Ініңде неге жатпайсың?
Өліп неге қалмайсың?
Бәрібір тірі жүргенмен,
Атақ, мақтан таппайсың.
– Менің атым – Байғыз қарт,
Көзге түсер сиқым жоқ,
Орынсыз күлер күлкім жоқ,
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.
Көзге қораш бойым бар,
Теңізден терең ойым бар,
Шынардан биік санам бар,
Атан егіз ағызған
Ақылдан алпыс сабам бар.
Қорған құрыш сөзім бар,
Бұлттан өтіп, мұнарды
Болжайтұғын көзім бар,
Шіркейге жетпес елім бар,
Алтыннан ауыр дәнім бар.
Қайратымнан атым зор,
Белгілі атым әлемге.
Қорашсынсаң денемді,
Кеудем –ақыл сарайы,
Кірем десең, кел, міне.
– Ақылды деп естіп ем
Сыртыңнан талай атыңды,
Сүлейменге жеткізген
Айызға айтып датыңды.
Ақылды болсаң, жауап бер
Сұрағыма татымды.
Жан иесін жаратып,
Алла берген ерікті.
Әрбіріне әр түрлі
Көрік, шырай беріпті.
Құстардың, айтшы, қайсысы
Ең сымбатты, көрікті?
(«Сен сұлусың дер-ақ, – деп,
Мінеки, анық көре-ақ», – деп,
Қанатын көкке сермепті).
– Таңдап тоят тататын,
Талғап жерді жататын,
Қиырдан болжап көретін,
Қызылшылар еретін,
Көз тойғандай сымбаты,
Кір шалған жемді жемейтін
Құстардың мен бекзаты.
– Ай, тауысым, тауысым!
Мақтанның тойын тойлайсың:
Таусылмас мақтан – дария,
Сіміресің, тоймайсың.
Өртенемін демейсің,
Отты ұстап ойнайсың.
Бекзат, сұлу деген не?
Өзің қалай ойлайсың?
(Сонда тауыс таранды,
Жан-жағына қаранды).
– Құлфындайын құлпырған,
Құбылып тұрған жүнім бар,
Молдан ойып алғандай
Мүлтіксіз біткен сыным бар,
Басқа тұрсын, әуелі,
Құс төресі самұрық
Мені көрсе, жымыңдар.
Өзің берші төрелік,
Қай жерімде мінім бар?
(«Сыр-сымбаты дәл келген
Құс жоқ қой мендей көрнекті»,
Деп мақтанып тауыс құс,
Қанатын көкке сермепті).
– Құс бекзаты – лашын
Алыстан тоят тілеген,
Мұзға салып ұясын,
Қаңтарға қарсы түлеген,
Жем жемейтін түн асқан,
Тоятына қаз басқан,
Ерлікке сай сымбаты,
Лашын ғой құстың бекзаты.
– Өзім әлі көзіммен
Көргенім жоқ лашынды.
Көруге бірақ құмармын
Сондай бекзат асылды.
Лашынды көрсем егер де,
Құшағыма алар ем.
Құмарымды тарқатып,
Хош уақыт болып қалар ем! –
Дегенде, байғыз тауысқа
Мысқылдай күліп қарады,
(Маңызы бар батпандай,
Бармақтай-ақ қарамы).
– Бекзаттық, сұлулық түгіл
Айырмайсың, тауысым,
Әуелі ақ пен қараны.
Мақтаныңның әбден-ақ
Ашылыпты араны.
Өзің түгіл, әуелі,
Мақтаныңның шарпуы
Мені шарпып барады.
Сұлулықтың тегін біл,
Сынау үшін сұлуды.
Білем деген айтуға
Бір ауыз сөз жеп-жеңіл,
Біле біл білім білуді.
Сырты сұлу талайдың,
Қайсыбірін қалайын.
Кір жұғады, тозады,
Сұлу деп қалай санайын.
Айырмаң жоқ басқадан,
Сен де соның бірісің.
Сұлу түгіл, дүниенің
Жуып тастар кірісің.
Ал жүнің сенің әдемі-ақ,
Айтшы, неге жарайды?
Алғашқы көрген әуес қып,
Балалар ғана қарайды.
Қуыршақтың үкісі
Басқа іске аспайды.
Бір күн ұстап әуес қып,
Ертеңіне боқтыққа
Апарады, тастайды.
Сұлулық деген жарық қой –
Дүние тозса, сөнбейтін.
Сендей сұлу болмайды
Іске асып, өнім өнбейтін.
Зұлымдықтың иесі,
Бекзада дедің лашынды.
Бекзаданы білер ең,
Қиса келіп басыңды,
Топшыңды түтелеп,
Жұлса төбе шашыңды!
Бір көрсем деп құмарттың,
Болар ең көрсең көрместей,
Мақтаныңа семіріп,
Қанатыңды керместей.
Бекзаданың белгісі –
Қиянатқа баспайды,
Өз түгіл, басқаны
Жақсылыққа бастайды.
Жан иесі болған соң,
Жандының оған қаны арам.
Пайдасы көпке тимесе,
Салтанат пен сәні арам.
Лашынның мейірі қанбайды,
Күнінде қан ішпесе –
Алабұртып айналып,
Қамысты көлдің сұқсыры
Уысына түспесе.
Сен –дүниенің кірісің,
Өмірдің лашын – лаңы.
Іске аспаған сұлулық
Лаңменен тынады,–
(Дегенінше болмады,
Лашын көктен түйілді.
«Аңсап едің көруге,
Тартқын, – деді, – сыйыңды»).
Байғыз отыр тапжылмай
Келіп қонған тасында.
Бекзада сұлу тойлады
Қанды тойын қасында.
Шеңгелден қан шыпылдап,
Тұмсықтан түбіт бұрқырап,
Шеңгелінде бекзаттың
Сұлу жатыр шырқырап.
Біраздан соң қасында
Лашын кетті, тауыс жоқ.
Қанаты жатыр қалбиып,
Өз қанымен сауыс боп.
Әсем жүні боялды
Өзінің қан-жынымен.
Таңдаулы тәубе тауысты
Жеп-ақ кетті шынымен.
Таңдаулысың, тәуірсің
Сен-дағы керім тауыстай.
Құмарлық – бұлт көшпелі,
Тұра ала ма ауыспай.
Бірақ сені лашынның
Құмартқанын білмессің.
Ілінбей де қалмассың,
Сыбағалы жүлдесің.
Ақылыңа өлшеп бұл сөзді,
Өрістеп ойың толғасын.
Келемеж қылған шалыңыз
Бармақтай байғыз болмасын.