Сүлейменге
Шаншулы найза ілулі,
Әшекейлі дөдеде.
Айбарлы ақ ордада
Алтын сапты селебе
Айқара қамқы жабылған
Алдында күміс тегене,
Ардақты туған атадан
Әуелі сәлем берейін
Сүлеймен сынды төреме.
Төреліктің белгісі
Елін жауға бере ме?
Еліне қорған болмаса,
Ел төрені көре ме?
Қаршығаны қайырма,
Қалыңға салса батпаса,
Мергенге мылтық кезетпе,
Атқан оғы айнымай
Түтінін үзбей атпаса.
Батыр деме батырды,
Шеп құрған жауға шаппаса,
Төре деме төрені,
Ел тірлігін таппаса.
Қару деме семсерді,
Шапқанға сүйек қаппаса.
Досым деме досыңды,
Күле кіріп кіргенде,
Күңірейіп есік аттаса,
Жыршының аты жыршы ма,
Әркімнен өлең жаттаса?
Сөз -жібек жіп, жыр - кесте,
Айшығы айқын көрінбес
Өрнексіз тігіп баттаса.
Шешеннің аты шешен бе,
Таңдайға дәмі үйіріліп,
Даугердің тауын шақпаса?
Дулатты Дулат демеңіз,
Тас ағызып ағыны
Төре алдында ақпаса.
Сүлеймен төре, құлақ сал,
Дулаттың төккен жырына.
Үңілсең, көзің жетер ме,
Теңізден терең сырыма?
Төредегі өңшең отырған
Топырыш-топас күшінен,
Жау айбынбас күшінен,
Ел түңілген ісінен,
Дулат келсе бермейді
Төрден орын сырыла.
Толғанып, төрем көз жібер,
Ойыңменен қырыңа.
Барақ сынды төреміз,
Кеңесбайдың кереңіз,
Ақтайлақ пен Аққожа,
Әділ бекзат кеткен соң,
Жаншып байла жанына,
Құрық берді ұрыға.
Аруақтың артқы сарқыны
Адал бекзат, туысым,
Айбарыңды байқасм,
Алтын зерлі түбімсің.
Ауыл-аймақ, көршіңе
Алтынның айшық буысын.
Әділдігін - қазақтың
Ақназардай биісін.
Адалдығын - аңқылдап
Сыбызғысын күйісін.
Қас дұшпанға қасарсаң,
Қан шықпас тастай түйінсің.
Ел қамын жеген ер болса,
Сабазым, сендей күйінсің,
Сырға берік сарбазым,
Ашуын таппас қиынсың.
Бірақ жалған, қайтейін,
Мезгілсіз келіп дүниеге
Ап-тапқа түскен басың бар,
Жау айбынар досың жоқ.
Жар - жапсарда қасың бар.
Жылайсың да шыдайсың.
Енді қазақ ел болмас,
Күні өтіп, айы асқан,
Дәрігері дарын болса да,
Ауруға ем қонбас,
Мүйіздескен сиырдай
Байласаң бас жіп жетер ме?
Толқыңды теңіз заманнан
Сенімді кеме болмаса,
Жел қайықпен өтер ме?
Елің үшін еңбек қыл,
Отыра берем бекерге
Көмбеге таяп қалғанда
Жүйрікке керек көтерме
Аяз қысса мүйізді,
Мүйіз қысып тұқылды,
Қанталаса тұқымың,
Алпыс екі тамырың
Қаңсып қалған сықылды,
Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты;
Атқа мінер ауылда
Итше ілініп ылықты.
Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан - дағы қылықты.
Ұлық кетсе, қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты.
Бұзауы өлген сиырдай
Саулы иіп Дулат жүр,
Місе қылып тұлыпты.