31.05.2021
  209


Автор: Дулат Бабатайұлы

Сөзім барда, көзім жоқ

Сөзім барда, көзім жоқ,
Көзім жоқ деп жатпадым.
Би мен бекті жақтадым,
Бәйбішенің мойына
Жырдан алқа таққаным,
Өсек болды баққаным,
Момынға құрған қақпаным;
Өсекші - тәңірі дұшпаны,
Күнәмді қалай ақтадым?.
Аз нәрсеге ант ішіп,
Аруақты аттадым.
Қылмыстыны қызықтап,
Маңдайынан сипадым,
Қабағына қақпадым.
Бәріне мен кіріптар,
Қайсы менің тапқаным?
Біреудің отын үрледім,
Өз отымды жақпадым.
Сонда-дағы оңбадым,
Көн шалбар түспей бұтымнан
Қыс болса тапшы қызылдан,
Жаз болса шола жұтымнан.
Алал сопы мен емес,
Пірдің сөзін тұтынған.
Саудагер сарттай қайтты өмір,
Құмар ойнап ұтылған.
Мөңіреп жұртқа ой қатты,
Бузаулы өлген сиырдай.
Дабысы төбет қабаған
Жемтік көрсе тұра ма
Ырылдап танау жиырмай?
Өзімнен - өзім қызғанып,
Азын -аулақ жиғаным
Өзіме де бұйырмай.
Күнәм жойқын, тәубем аз,
Тіршіліктен не таптым
Дүние - жемтік, мен -төбет,
Соны бақпай, не бақтым?
Ырылдасып әркіммен,
Не қапқыздым,
Қылығын қылжаң, туысқан,
Қырт пенен мылжың ағайын,
Бәрінен де дауасыз,
Өсекті қайтіп бағайын?
Мақтан, күйшіл бүркіттей
Бәрінен де дауасыз,
Бабын қалай табайын?
Жағымпаз сөз әр кімге
Жұмсайтұғын малайым,
Арасынан жем тауып
Бәрі тегін жер тезек,
Қайсысын таңдап алайын?
Есіл сөзден пұл кетті,
Келемеж қылып атасын,
Алмай ақыл батасын,
Мойына алмай қатасын,
Шаруа десе жиреңдеп,
Өсек десе сүйреңдеп,
Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаң бастанып ұл кетті.
Ағайын араз мал үшін,
Аңдысып алды абысын;
Жаттай болып танысың,
Қазақтан мүлде түңіліп,
Артыңа қарап үңіліп,
Қайран талай жыл кетті.
Аңдығаны малың боп,
Тілегені бұлың боп,
Момыңды сорып сүлік боп,
Қонақасы бермесе,
Ат - шапанға ілік боп,
Параны көздеп бай кетті,
Сөзден кетіп пәтуа,
Базнаң жүрмей татуға,
Аңдысып құда сүйекпен,
Көтеріп тастап иекпен,
Қадыр-қасиет іс кетті.
Ескіден қалған бұрыңғы,
Патуалы ырымды,
Адаспастай даңғыл сол -
Қасым салған қасқа жол,
Шарға соғып із кетті.
Бермесең, жақын жау болып,
Бермесең, құрған ау болып,
Аяғы пәле дау болып,
Татқан дәм мен тұз кетті.
Күземе байтал секілді,
Шеше айтса кейін деп,
Жеңгесі айтса бейімдеп
Киімін тастап қыз кетті.
Қонысына қона алмай,
Шаруалары оңалмай,
Бай мен кедей аңдысып,
Араласқан сан пысық,
Дөң асқан малы табылмай,
Біріне-бірі сеніспей,
Кешірім жасап келіспей,
Бет-бетімен ел кетті.
Дұрыс бастар басшы жоқ
Әділетке шөлдетті,
Татуға өсек жүргізіп,
Пәленің отын өргізіп,
Қайран заман, аман бол,
Ер шөгіп, есер ер жетті.





Пікір жазу