31.05.2021
  386


Автор: Қадыр Мырза Әли

Болмай-ақ табиғаттың еш апаты

Болмай-ақ табиғаттың еш апаты,
Тиеді біреулердің кесапаты.
Бітпейді бұл тірліктің мұң-мұқтажы,
Бітпейді бұл тірліктің машақаты.
Мазалап түздегі де,
Үйдегі де,
Шырқырап,
Жаның талай күймеді ме?!
Бітпейді бұл тірліктің кем-кетігі,
Бітпейді бұл тірліктің күйбеңі де.
Сенгенмен туысыңа,
Тектесіңе,
Кім кепіл оның сатып кетпесіне?!
Бітпейді бұл адамның арманы да,
Бітпейді бұл адамның өкпесі де!
Күтесің қызығыңды,
Күт!—дегесін.
Қайтесің оныңды ертең үптегесін?!
Тек ғұмыр тез өтеді,
Тез бітеді,
Бәрі де бітпесе ғой бітпегесін!..





Пікір жазу