31.05.2021
  260


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жек көреді дейсің, дос, тойлауды кім

Жек көреді дейсің, дос, тойлауды кім.
Қажеттірек әйтсе де ойлау бүгін...
Жүгенім жоқ,
Ноқтам жоқ,
Бұйдам да жоқ,—
Бірі де жоқ,
Бірақ та байлаулымын!
Жек көреді еркелік жасауды кім?
Артта қалды әйтсе де асаулығым
Кісенім жоқ,
Бұғау жоқ,
Шідерім жоқ,—
Бірі де жоқ,—
Бірақ та тұсаулымын.
Шаруасымен дәстүрдің,
Ғұрыптардың
Кіре алмайтын жерлерге кіріп бардым.
Дегенменен...
Ханым жоқ,
Қадиым жоқ,—
Бірі де жоқ,—
Бірақ та кіріптармын.
Шектелуді тірілікте сауап көрдім.
Ақылына сыяр бұл сауатты ердің:
Кіріптармын,
Еркіммен кіріптармын!
Ар алдында өйткені жауапкермін!





Пікір жазу