Той-думанға қимаймын мен кешімді
Той-думанға қимаймын мен кешімді,
Қиды десе,
Сен оған сенбе, шындық!
Бірақ қайда бармайын
Мені үнемі
Аңдиды да жүреді пендешілдік.
Бармайсың ба шақырса,
Барасың ба?!
Бір құдірет қазақтың бар асында.
Сол құдірет жібермей
Отырамын
Жаным сүймес жандардың арасында.
Осалдыққа, бауырым, қара мына:
Көзім жетпей тағдырдың тарамына.
Әпжыланға тап болған бозторғайдай
Арбалам да қаламын шарабыңа.
Қылмағанмен өмірді кәсіпханам,
Сүйсе болды қуаныш қысып қана,
Сөз дегенің пәле ғой,
Сиқыр ғой ол,
Түспейтұғын қақпанға түсіп қалам.
Еріну ме?
Бауырым, мен де ерінем.
Кейде нағыз жалқаумен теңгерілем.
Көз дегенің пәле ғой,
Нәркес көздің
Шыға алмаймын кей кезде шеңберінен!
Сұхбаттасып жаспен де,
Кәрімен де,
Емделдім мен сөзбен де,
Дәрімен де...
Сезім мені сүйресе,
Санам маған
Құтыл дейді осының бәрінен де!
Әкетпесе ағызып мытып ағын,
Сытылатын тұстарда сытыламын.
Құтылар ем бәрінен,
Мен өзімнен
Өзім қашып қалайша құтыламын?!