Жұмекенге
Өкпе айтпайсың өмірге,
Асқазанға,
Тағдыр атты өрілген таспа заңға.
Аздап-аздап ұқсайсың өзіңе-өзің,
Ұқсамайсың өзіңнен басқа жанға!
Болса болсын басқаның дегендері,
Ұстамдысың, не керек, менен гөрі.
Тәмпіш мұрын,
Қысық көз,
Тілі удай
Түсе қалған аузыңнан өлеңдерің.
Істегенде бір істі Манастайсың,
Береріңді бересің,
Санаспайсың.
Жағаласып жатқанда жұрт жағалай,
Даңққа да,
Сөзге де таласпайсың.
Сені шағып жатқанда қандаласын,
Жамандағың келмейді жан баласын.
Таң қалмайсың сындарға өзің жайлы,
Жылы сөзге айтылған таң қаласың.
Біреулердің сияқты қотыры асыл,
Шабытым деп ойлайды оқырасын.
Дастарқанның басында
«Данышпандар»
Түгел сөйлеп болғанша отырасың.
Отырасың жымиып күлесің де
Көңіл деген көктемнің күнесінде.
Сөйлесе де мың адам
Жұмекеннің
Жұмбақ сөзін айтпасын білесің бе?!
Сұлу сөзге өлеңді малындырмай,
Жыр үстінде жайнайды жаның нұрдай.
Айтарыңды айтасың алаңдамай,
Ішеріңді ішесің жалындырмай.
Жауап беріп заманның талабына,
У-шу болып жатады қала мына
Той-думаннан қайта сап,
Сағынғандай
Жармасасың шылым мен қаламыңа.
Сәбилі үйде оңаша бола ма орын,
Жеп жатады жүйкені бала-бөрің...
Бірте-бірте толады ақ парақтар,
Бірте-бірте ортайып «Беломорың».
Құшағыңа кеткендей Дала кіріп,
Танысыңа қарайсың сәл аңырып.
Амандасқан өзіңмен
Ағайынның
Бір аптадай жүреді қолы ауырып.