31.05.2021
213
Қай күні кетіп балалық
Қай күні кетіп балалық,
Қай күні келді жігіттік?
Балалық,
Әлде шалалық,
Бәрін де соның ұмыттық.
Жетпейміз кері жүрсек те,
О кездің енді үйі алыс.
Балалық өтті бір сәтте,
Кинодай жалғыз сеанс.
Көңілдің, сірә, құнты бұл —
Түсірді анам от келін.
Білмеймін қазір,
Күн түгіл,
Жылдардың қанша өткенін.
Басқалар айтқан есептен
Есебім менің сәл бөлек.
Бала боп жатып төсекке,
Жігіт боп оянсам керек.
Бал күндер сосын көбейді,
Махаббат атты кестеде.
Не болып өзі,
Не қойды
Түсіру қиын еске де!
Жастықтың шоғы сөнбейді
Жазылып қалған өлеңде.
Жарыңның өзі сенбейді
Осылай болды дегенге!
Баяғы от жоқ денеңде
Жүргізер жастық кемесін,
Біз жігіт болдық дегенге
Шынымен күдіктенесің!
Зымырап күндер,
Тоқтамай,
Ұттың-ау мені,
Ұттың-ау!
Білдірмей келген көктем-ай,
Білдірмей өтіп кеттің-ау!