31.05.2021
  158


Автор: Қадыр Мырза Әли

Тұрып қалған

Тұрып қалған
Сияқты көне қымыз
Кермек тартып кетті ме өлеңіміз.
Айту үшін шындықты
Орағытып
Жердің түбін айналып келеміз біз.
Ыза-кекке кеткенде өзек толып,
Қадалатын ақынның сөзі оқ болып.
Ақымақ демей
Енді біз
Есек дейміз,
Кеткенбіз бе бәріміз Эзоп болып?!
Айттық екен шындықты, туыс, құпта!
Сол үшін біз керістік,
Ұрыстық та.
Бояймыз кеп,
Бояймыз ақиқатты,
Косметика не керек дұрыстыққа?!
Әділдіктен бойыңды ала қашып,
Сылп еткізіп ерніңді жаламашы.
Орай берме сыртынан,
Шындық — сәби,
Әдемі ғой сәбидің жалаңашы!





Пікір жазу