31.05.2021
  174


Автор: Қадыр Мырза Әли

Күні батқан шілденің зер кешінде

Күні батқан шілденің зер кешінде,—
Таулар, таулар
Сияқты жер көшіндей
Аспанменен таласқан алып шыңдар
Бар болғаны
Түйенің өркешіндей!
Алыс арман — біз үшін жасыл маяк,
Өскен көңіл тұрғанда басылмай-ақ,
Айдың өзі —
Сенсем бе?—
Сенбесем бе?—
Бар болғаны күнбағыс басындай-ақ!
Кеудеңді ұрма,
Болса да он екі ұлың!
Ұлылықтың танимын мен өкілін.
Жұлдызыңның өзі де
Бар болғаны
Сорғандағы шоғындай темекінің!
Алпамыстай,
Тарғындай ерім менің,
Орынды ғой,
Жантайған,
Керілгенің.
Кішірейіп тұрғанда әлем өзі,
Ұят шығар дардай боп көрінгенің!





Пікір жазу