31.05.2021
  277


Автор: Қадыр Мырза Әли

Атқан кезде ал қызыл ғаламат таң

Атқан кезде ал қызыл ғаламат таң
Сақта мені өсектен,
Балағаттан!
Татулықтың бәрі де түсінуден,
Тыныштықтың бәрі де қанағаттан.
Мен кепілмін бұл сөзді қостарыңа,
Жақсылығын тұздық қып тостарыңа.
Бірде қылтың етсе де,
Бірде сылтың,
Дос жетпейді деп ойла достарыма.
Бар қызығы адамның ас қана ма?!
Жоқ па сонша киімнен басқа нала?!
Жар жетпейді деп ойла әйеліме,
Үй жетпейді деп ойла баспанаңа.
Өмір емес кемсінер,
Қомсынарың,
Әр уақытта төрешің болсын арың.
Шықпай жатса көңілден
Шықпай жатсын,
Керемет бір жандар де қоңсыларым.
Адаммын де күймеген,
Алданбаған.
Жөн ешкімнің пікірін малданбаған.
Кемдеу болса кем болсын,
Шүкірлік қыл
Лайық де өзіме алған бағам!
Құламасын әйтеуір бәйтерегің.
Қолдан келсе,
Сүңгіп көр ой тереңін.
Шүкір дегін бәріне,
Шүкір дегін.
Жаман болса бұдан да
Қайтер едің?!
Кейбір сәтте жаба сал сезім көзін.
Ең бастысы өмірде —
Төзім!
Төзім!
Көңіл тоя бере ме,
О, бауырым,
Алдарқата білмесең өзіңді-өзің!





Пікір жазу