31.05.2021
169
Шағылысып шағылмен күн шөлмегі
Шағылысып шағылмен күн шөлмегі,
Алып келген осында мың шілдені.
Безек қағып сонда да кесірткелер
Тоқтамайды тіршілік құм-шөлдегі,
Ойыменен ұғысып, құптасып қыр,
Жайылып жүр жануар жұптасып бір.
Қу даланың өзіне қына шығып,
Тау мен тастың өзін де мүк басып тұр.
Өскен анау көк сазда құлшынып тал,
(Кірмейді оған қураған бір шыбықтар)
Қара табыт сияқты
Қара пәле
Қара асфальттың астында тіршілік бар
Қай бұтағы болмасын бүкір шығып,
Қасарысып өседі мықыр шыбық.
Арпалыспай,
Алыспай,
Тіршілікті
Даттай беру сыртынан — күпіршілік!