31.05.2021
253
Апыр-ай
Апыр-ай!
Ішің қалай жылынбайды!
Себепсіз көңіл гүлі жұлынбайды.
Көргенде
Бізбен қоса,
Көзбен қоса
Көңілшек көз әйнектер жымыңдайды.
Мен талай барып көрдім,
Жазып көрдім.
Жүректің бар асылын қазып бердім.
Қуанып алдан шыққан жолаушыға
Фарлары жымыңдайды газиктердің.
Жетектеп немересін кәрі әжесі
Қыдыру —
Әр ауылдың ережесі.
Әр үйдің иесі түгіл,
Қонақ көрсе
Етеді жымың-жымың терезесі!
Сақалын малып сайдың бұлағына.
Ақ ешкі мекіренер лағына...
Құс қонса,
Шеңбер сызып —
Көл жымиып,
Жетеді екі езуі құлағына!
Жабағы бұлттар да жоқ алашабыр.
Жатқандай қонақ күтіп тамаша қыр.
Себепсіз
Өз-өзіңнен жымиясың;
Өмір де жымияды балаша бір!