Отағасы
Шығын қылмай әлінше бір шыбықты,
Шайқастар мем айқаста жыр шынықты.
Түтіндемей,
Бықсымай,
Лап-лап етіп
Өртену деп білемін тіршілікті!
Түсінбейді шарапқа, сірә, бөккен.
Өлең деген ауырдым мұра-дертпен.
Жарты ғасыр ғұмырым
Бөле-жармай,
Түп-түгелдей.
Бүтіндей тұрады өрттен.
Қона кетіп көңілге ақылды әнің,
Дұрысыңды дұрыс деп мақұлдадым.
Шашыраған шоғынан қуаныштың
Шілдедегі шалғындай лапылдадым.
Тіл табысып он кісі,
Жүз адаммен,
Келіспедік кей кезде біз ағаңмен...
Ақ жалын боп,
От тиген цистернадай
Талай-талай жарылдым ызадан мен.
Біз болмасақ үлесің молыға ма?
Түсінбейді біздерді момын аға.
Құйған кезде өлеңді
Сөз балқытып,
Талай-талай айналдым домнаға.
Келісе алмай лауазым,
Атағыңмен,
Шәлкем-шалыс келемін шатағыңмен.
Жоқтан барға тұтанып сау кезімде,
Ауырсам да өртеніп жатамын мен.
Найзағай ғой ақынның ата-анасы.
Сондықтан да от менің аталасым.
Жас жігіттер бүгінде
Мына мені
Тектен-текке демейді отағасы.
Жаз өтеді әлі де,
Күз өтеді.
Жыр тигенде жүрегім тыз етеді.
Сөнбесін деп,
Алғашқы адамдардан
Күндіз-түні отымды күзетемін!