Босаға
Әлденеге көңілің босап, ана,
Қарамашы,
Қарама босағаға!
Босағаға қарасаң,
Түседі еске
Өткен өмір ауылда,
Қособада.
Көтергенмен басына Дала бүгін,
Көрдім-ау мен өмірдің алалығын.
Жетім жанар жаутаңдап,
Жыпылықтап,
Босағада өтті ғой балалығым.
Жыламашы!
Жылама босап, ана,
Көрместі біз көрдік қой Қособада.
Сұрай барып көршіден шайыңа сүт,
Сүйендім ғой мен талай босағаға.
Көре тұра жақында босамасын,
Жайлы орынды қашанға тоса аласың?
Кейінірек
Үйленген кезімде де
Жалдап тұрдым біреудің босағасын.
Көңіл толмай қарының тоғаймас-ты,
Бола ма екен жасауға солай қастық?!
Әрі оздырмай өзімді босағадан,
Босағадан қайырды талай бастық!
О бip кездің бұлты да қалыңырақ.
Қалыңырақ,
Бөлектеу мәні бірақ.
Өмір сыры ақынға
Төрден гөрі
Босағадан көрінер анығырақ!
Енді, міне,
Сияқты бас қонағың,
Төрде отырып,
Кейде той басқаpaмын.
Хан сарайға шарығын іліп қойған
Аяз биді сол кезде еске аламын!