31.05.2021
  2110


Автор: Мархабат Байғұт

ӘПКЕМНІҢ АУЫЛЫ

Үшінші мыңжылдық басталар тұста біздің жақтағы бірталай ауылдың тозыңқырап кеткені рас. Ал Үрисән әпкемнің ауылы тозудың орнына озды десетін.
Бармай кеткеніме бірнеше жыл болған. Үлкен ұлы үйленгенде бір мәрте төбе көрсеттік. Онда да құдаларын күтісуге жарамай, шарбақтың ішінде өткен кештен кейінгі арнайы дастарқанына қарамай, тайып тұрғанбыз. Аунап-қунап жатпаққа, қыдырыстап қайтпаққа қауқар шамалы. Қаладағы қоңыртөбел қызметтен айырылсаң, аштан қатарың ап-анық. Сызғыра соғып, санаңның түкпірін нұқып шұқылайтын уайымыңды басына түспеген кісі білмес те, түсінбес те.
Екінші мыңжылдықтың соңын ала жездеміз қайтыс болды. Сонда бір бардық. Онда да Қарағанды жақтағы қызының келуіне қаратамыз деген соң, бір уыс топырақ салу мұң болып, Күншуаққа қарай жолға шығуға мәжбүрлендік.
Үлкен ұлының үйлену кешінен кейін, таң бозара бастағанда, асығып қайтып бара жатқанымызда ше, Үрисән әпкем үйінің жанындағы түп-түзу тізілген теректердің түбінде, тамағынан шарынып алған ақ сәлкеш орамалына саулаған сары ала жапырақтардың бірнешеуін бүрмелеген күйі мөлт-мөлт етіп жылап қалған.
Бүзірік бәйтеректен үзіліп қалтыраған жапырақтар қаладағы қағынған дүниеден қабаржыған жаныңды одан әрмен ұлытқандайтұғын сонда. Үрисән көз жасымен-ақ бәр-бәрін білдіріп тұрды:
«Елдің інілері секілді құдалармен бірге болып, қуанышыма ортақтассаң қайтер еді, бір ғана күнге бөгеліп...»
«Қаладағы, Күншуақтай шәһардағы күнім ғой деуші ем. Күнім дегенім — інім ғой деуші ем. Төңірекке түгелдей».
«Дос-дұшпанға көрініңкіреп, оқта-текте келіңкіреп тұрсаң қайтеді, қарашығым?!»
«Әсіресе кейінгі жылдары кіртиіп, жүдеп-жадаған жездеңнің жанында жарты күн қалсаң қайтер еді, жарығым?»
Бозала таң қылаңытқан қыраулы күзде көзге көрінбегенімен, Үрисән әпкемнің жанарынан төгілген жастың тамшылары жерді теңселтіп жібергендей еді. Бүйрекбастау бұлағынан әрең-әрең құламай аттап, қияға өрледім. Алты жарымның автобусына үлгеруім керек-ті.
Ал жездеміз дүниеден озып, біз барған күні емес, ертеңіне, бәлкім екі күннен кейін жерлейтін болып, тағы да асығыс аттанғанымызда, Үрисән әпкем селт етпеген күйі меңірейіп отырды. Әпкемнің шошына суынғанын сездім, әрине. Жол-жөнекей, жалдамалы мәшинеде келе жатып, өзімді-өзім ақтап алмақтың айналасында аласұрғаным әлі күнге дейін есімде:
«Сіз де мені түсінгейсіз, әпке! Кімді-кім аяп, мүсіркейді бүгінде? Көкілеттіктен өкілеттік алған өркөкіректік жайлап бара жатқан жоқ па?»
«Екі-үш сағатқа әрең босатар бастықтарым екі-үш күнге қалай шыдасын, Үрисән әпке?»
«Баяғыда әкемізден айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалғанымызда ше, жер түбіне кетпей-ақ қойсаңызшы деп едік қой сізге».
«Ай дидарлы әпкешім-ай, Айкөрік дейтін ауылдан басқа ауыл, Жұлдызхан деген жігіттен басқа жігіт құрып қалғандай-ақ, кеттіңіз де қалдыңыз. Сонда мына менің де көз жасым көл боп аққан».
Міне, енді Айкөрік ауылына тағы да келе жатырмын.
Жұлдызхан жездемнің жылдық асына да келе алмағанмын. Одан кейін және сәті түспеді, уақыт жетпеді.
Ал бұрындары ше, баяғыда бала кезімізде, көбінесе күзде келетінбіз. Айкөрікке келсең, ақ теректердің жапырақтары түсер-түспесте, қызыл өріктерінің басы өртеніп тұрғанда кел. Десетін еді жұрттың бәрі жұтынып. Ақ теректерінің жапырақтары алтын сары, өріктерінің жапырақтары өрт қызыл болып, Айкөрік ауылы ұзын сайдың табанында созылатын-ай керіліп. Төр тұсынан Күрзі тауы төнетін көзін алмай сұқтанып. Бүйрекбастау бұлағы сүмбіле түсе тұнып ағып, түбіндегі тастары дүние-әлемге нұр таратып жататын. Бұлақтан өтіп ауылға кіресің. Үрисән әпкең мен Жұлдызхан жездеңді, жымың да жымың қағатын жиендеріңді көремін-ау деген қуанышыңа қоса сол бір сырғалары сыңғырлайтын сансыз ағаштарға, әсіресе жалқынқызыл өрікке өрекпитін жүрек-қалтаңа қайрансың. Тек Айкөрік ауылының аяққы тұсындағы қазан болған қауын-дарбыздың қарақошқыл тартқан пәлектері ғана мұңға қамырығып қоңыраятын.
Екі күнге мұрсат алып, бірнеше жылдан бермен қарата безбүйректенген бауырынан түңіліп жүрген Үрисәнді, жат бола бастаған жиендерімді көріп қайтпаққа бекінгенім осытұғын.
Шынымды айтсам, Айкөрік ауылын да қатты сағынғанмын. Қаншама қатыгезденіп кетсек те, кісіркенуден аулақ көңілің кісәпірлене қоймас.
Айкөрік ауылынан жетіп жататын ылғи дағы ықыласты хабарлар құлақ жылытатын-ды:
«Айкөрік ауылынан оншақты жылдың ішінде бірде-бір үй көшпепті».
«Сегізжылдық мектебі онжылдық, орта мектепке айналатын болыпты».
«Айкөріктің Айнасайындағы баяғы пионер лагері қайтадан қалпына келтіріліп жатыр екен».
«Жыл сайын жеті-сегіз жаңа үй салынып жатыпты».
Бірнеше жыл бойы Үрисәндер де тырс етпеді. Үлкен ұлы мен келіні базар-ошарлап, Күншуаққа барғанда ғана аз уақытқа аялдайды. Нағашыларына тартқан да, байыз тауып отыра алмай, себеп-салдарын саулата ақырзамандатып, тездетіп тайып тұрады. Олардың ләм-мимдері мен қимыл-қозғалыстары да әпкемнің өкпесінен хабардар етіп, өкпек жел соқтыратынын байқамай қала алмаспын.
Қой дедім, күндердің күнінде. Жаман жұмыс, жәутік қызмет менде ғана ма осы, Үрисәннің үрзада көңілін бір аулап қайтайын.
Айкөріктің төбесінен төнетін шоқыдан қарап, сары долананың түбінде ұза-а-ақ отырдым. Күншуақ қаласына қалықтап жетер хабарлар ып-рас болды да шықты. Күрзі тауы жағынан жаңа көше салына бастапты. Айнасайдағы лагеріңіз жайнап кетіпті. «Артекті» кім көріпті, алайда теңізі жоқ демесеңіз, ол шіркініңіз де осындай-ақ болған шығар-ау. Айкөріктің мектебі анау тұр ғой. Жаңадан салынбаса дағы, жаңғыртылып, көп-көп қосымшаланған сияқты. Еңсесі биіктеп, Айнасайдағы ақшаңқан лагердің үйлерімен әуендесіп-ақ тұрыпты-ай.
Сары долананың әжімді діңін сипаладым.
Шоқының үстінен ап-анық байқаған басты бір көрінісім көлденеңдеді. Төбелерін түнікелетіп, тіпті біздің Күншуақ қаласындағыдай «еуропаландыра» бастаған түтіндер де жоқ емес екен. Кенет жан-жүрегім алып-ұшып, атқақтап соқты. Шоқы үстінен үңіле үздігіп отырып, теректердің жапырағын неге бірден көрмегенмін?! Өріктердің алаулағанын ше?! Одан сайын еңкейе түстім елжіреп. Бүйрекбастаудың табанындағы тастардың нұрсәулесі қыр басына жетіп тұрғандайтұғын.
Тамағыма кенеттен бірдеңе кептеліп тұрып алды. Батыс жақ беткейдегі бейітке бұрылдым:
«Жұлдызхан жезде, кешіргейсің біз бейбақты...»
«Әпке, ауырып қалған жоқ па екенсіз, соншама неге суыл кернеп барады бұл жүректі?»
«Әлде мына мейірім жүдеген мезгілде тасқа айнала бастаған бауырдың бұйра сағымға ерігендегі, жібектей желге жібігендегі сиқы ма?»
«Үрисәнді көргенде үгітіліп кететін шығармын мына күйіме қарағанда».
«Ол кісі қайтер екен? Бірқанша жылдар бойы көрместен, келместен, ат ізін де салмастан, қалайынша шыдағанмын?!»
Баяғы таныс теректердің талай-талайы қырқылып, жаңа үйлерге жаратылып кеткен екен. Ескі діңдердің айнала шетінен дулай көтерілген балғын бұтақтар әлі нәзік көрінеді, алыстағы Күншуақ қаласынан қалжыраңқы жеткен жолаушыға жапырақтары желбіреп, сәлем беріп тұрыпты. Өріктер де өзгеріпті. Алайда жапырақтарына жаутаңдап қарап, балалық, жастық жылдарымды, әпкеме деген сол бір кездегі сағынышымның суреттерін іздеп келе жатқанымды ұғындым.
Жұлдызхан жездемнен қалған ескі үйге жалғап салынған қосымша бөлмелер бейтаныстау көрінді. Сыртын сылап, әдемілеп әктеп, бұрыш-бұрыштарына өрнектер нақыштап қойыпты. Түнікелетпесе дағы, «еуропаландырмаса дағы» жаңа, ақ шипырмен жауыпты. Қақпалары биік, аспан түстес етіп бояпты. Құлыптаулы.
Қарама-қарсы үйден Үрисән құралыптас әйел шығып қарады. Баяғыда, бала шағымда, студент кезімде келгенімде, әлде-е-е-қандай етіп, әпкемнің «әптеритеті» зор болғандықтан, көршілері көп шақыратын-ды мына мені. Танымадым бірақ. Танымағаныма тарылды-ау, сірә. Көпе-көрнеу кіржие кекжиді де:
—  Кім керек еді? — деді.
— Үрисән әпкем, — дедім.
— Келмей кеткен інісі емеспісің? — деді әйел, даусын сәл-пәл жұмсартыңқырап. — Үлкен жиенің Боралдайдың басында. Байлардың малын бағады. Келін екеуі. Қалғандары оқуда. Үрисән мектепте уборшы, қас қарая қайтады. Үйге кіріп күте тұр. Шәй-пәй іш.
— Рахмет, апай! — дедім құмығыңқы үнмен. — Әпкем мектепте болса, сонда барайын.
— Жөн-жөн, шырағым, бар-бар, — деді әлгі әйел менен көз алмаған күйі күрсініп.
— Барайын сол жаққа, — дедім жанынан өтіп бара жатып.
— Бар-бар, — деді әпкемнің көршісі. — Келмегеніңе жүдә көп болды-ау. Бауыр деген безбейді ғой, безбейді. Безбейді бәрібір. Е, бірақ бүгінде бірдеме деп бола ма...
Мектепке де жеттім. Кіреберісте еден жуып жүрген егделеу әйелден сұрап ем, ол бүйдеді:
— Үрисән сенің кімің еді?
— Әпкем.
— Туған әпкең бе?
— Иә, туған әпкем.
Еденжуғыш егделеу әйел бас-аяғыма асықпай қарады. Асықпай қарап болып, жанында тұрған шелегін алып, үлкендеу ыдысқа қоймалжың суын қотарды. Шелекті саңғыр еткізіп қоя салды да:
— Туған інісі бар ма еді ол сорлының? — деді. Алғаш не жауап қайтарарымды білмей, тұтығып, үнім де шықпады, әзелден соң әрең түзеліп:
— Туған інісімін... Ол кісі осында ма өзі? Аман-есен бе? — дедім сасқалақтап.
— Інісі болсаң, неге білмейсің?
— Аман ба өзі, айтыңызшы!
— Тірі, — деді еденжуғыш егделеу әйел жұмысын одан әрі жалғастырып. Сонсоң «жарайды, осы әурелегенім жетер» дегендей, қисайып кеткен орамалын сәл түзеп, жаныма жақындады. — Өзің біртүрлі сұрағансын, мен де біртүрлі жауап беріп жатырмын, тағы қандай сауалың бар?
— Айтыңызшы, апай, Үрисән, Үрисән осында ма? — дедім бойымды ыза буа бастағанын бүркемелей алмай.
— Осында дедік қой, — деп, әлгі әйел тағы да тесіліп тұрып қарайды-әй маған.
— Қайда сонда?!
— Мектепте. Мектепте болмағанда, қайда кетеді енді? Ғарышқа еден жуатындарды ұшырмайды ғой. Уборшыларды әкім қояды деп естіп пе едің әлде?
— Мектептің қай жерінде?
— Ішінде.
— Ішінде болғанда... Енді... Қай жағының еденін жуып жүр ол кісі? Қайдан табамын?
— Үрисән ханым еден жуып жүрген жоқ, — деді әйел кенет маңғаздана қалып.
— Енді не істеп жүр?
— Екі сыныпты біріктіріп, сабақ беріп жатыр.
— Са-ба-а-ақ?! Қа-а-ал-ай?!
— Немене, сонша шошып кеттің? Еден жуатындар сабақ бере алмайды, бала оқыта білмейді деп ойлайсыңдар ғой, ә-ә-ә? Қате-ле-се-е-е-сіңдер!
— Апай, шынымен айтып тұрсыз ба? — дедім, бұдан өзге не айтарымды білмей.
— Еден жуатындар өтірік айтпайды.
— Мақұл, апай. Әпкемді қалай, қайдан көре аламын?
— Көргің келе ме? — Ентелей, ентіге еден сүртуге кіріскен әйел шынымен-ақ ашуымды апшыта бастады.
— Ол қандай сұрақ, апай?! «Көргің келе ме?» дегеніңіз неңіз?! Жер түбінен, Күншуақ қаласынан кеп тұрмыз ғой. «Көргің келе ме?» дейсіз.
— Әпкең Үрисән ба еді?
— Иә. Қанша рет қайталаймын сізге?!
— Қанша рет қажет болса, сонша рет қайталайсың. Қайталаудың қаншалықты пайдалы екендігі педагогикадан белгілі. Біз, еден жуғыштар, педагогикадан жүдә жақсы хабардармыз, қарақ.
— Апай, енді...
— Әпкең Үрисәнді көресің бе өзі?
— Апай...
— Еденжуғыш, уборшы Үрисәннің мұғалім болып отырғанын көруің керек. Қазір, мен мына мүйісті сүртіп бітіре салайын. Дәл уақтысында, діттеген сағатта келгеніңді қарашы. Айып етпегін, айналайын. Саған ренжігеніміз рас. Біз де бір мапиямыз. Уборшы, еденжуғыштар мапиясы. Сөйтіп бірікпесек, күн көру қиын қазір. Сол мапия саған жүдә қапамыз. Әпкеңнен безіп кеткенің қалай, қарақ? Әлі де ұрсамыз саған, білдің бе? Әй, қарақ, бері қара. Есі дұрыс кісі, дені-қарны сау іні, туған әпкесін соншама жыл көрмей, келмей, іздемей, сұрамай жүре бере ме, а?! Үрисән қандай еді?! Іштен тынып, қартайып кетті ғой ол сорлы. Сырын да, жырын да бізге айтады. Қартайтып жібердің ғой Үрисәндай сұлуды. Көркем жаратылысты. Сотталып, айдалып кетпесең, жылына бір мәрте кеп тұратын жөнің бар емес пе еді, қарағым... Жүр бері, былай қарай.
Тірідей табаға шыжғырылып, сап-салқын мектептің ішінде шып-шып терлеп, әлгі әйелдің соңынан сүмірейе ілбідім.
—  Қазір біздің Айкөрік орта мектебінде сынып бөлмелері жетіспейді, — деп, бірте-бірте сыбырға көшті еденжуғыш әйел. — Екі класс түс қайта, екінші ауысымда оқиды. Құдайға шүкір, ауылда бала саны артып келе жатыр, тіпә-тіпә. Мектепке қосымша бөлмелер салып жатырмыз. Мұның бәрі жақсы емес пе? Жақсы ғой, жақсы. Бір жаманы — мектепті тексерушілер жүдә көп. Бұрынғыдай қалқоз жоқ, сапқоз жоқ. Тексеретін, қорқытып-үркітетін мектеп пен аурухана ғана екенін айдаладағы Айкөрік ауылы да біледі. Біледі бәрін. Сен де білесің. Мектеп деректірі ауырып, ауданда жатыр. Сонда да тексерушілер тиылар емес. Бүгін де бір-екеуі нәлектен бе, пәлектен бе, әйтеуір бір жақтан келіп, бәріміздің есімізді шығарды. Аман-есен құтылу үшін, ауданда ауырып жатқан деректіріміздің атына, Айкөрік ауылының атына кір келтірмеу үшін, забышы бар, екі кластың мұғалімі бар, басқалар бар, бәрі бірігіп, анау төмендегі көкмайса саздың шетінде, Бүйрекбастаудың басында, сары долананың сап-сары жапырақтары жүзген судың жағасында тексерушілерді күтіп жатыр. Екі класты бір бөлмеге жинап, улатпай-шулатпай ұстап отыру біздің Үрисән ханымға сеніп тапсырылған. Әпкеңді әр саққа жүгіртіп, сабақ беріп жатыр дегенімнің мәнісі осы, қарақ. Түсіндің бе?
— Түсіндім, апай.
— Жоқ әлде қайталайын ба?
— Қайталамай-ақ қойыңыз. Әпкем қайда?
— Айқайлама. Саңырау емеспін мен. Еденжуғыштарды ешкім менсінбейді. Мына Үрисән уборшы болам деп болды ма? Мамандығы жоқ, үйде отырған адам еді. Жұлдызхан тірі болғанда, мұқым-мүлде жұмыс істеместен, балаларын тәрбиелеп, отбасында жүре берер, жарасымды жаратылыс еді. Амал нешік, лаж жоқ, еден жуып кетті.
—  Әпкем қайда? — деп сыбырладым мен де еденжуғыш әйелдің мақамына салып.
—  Міне, мында келгін. Мында отыра тұр. Сабақты бөлуге болмайды. Балалар шулап, бағынбай кетеді. Еден де бекер-босқа былғанады. Осы жерден тыңдасаң, бәрі естіледі. Пердеден сығалап қана отырсаң, әпкең жақсы көрінеді. Енді жарты сағатта қоңырау соғылады. Сабақ аяқталады. Балалар мектептен қайтады. Үрисән бүгін еден жумайды. Мұғалім күйінде үйіне қайтуға рұқсат береміз. Түсінікті ме? Қайталайын ба әлде?
— Рахмет, апай, — деп, орындыққа жайғастым. Алғашқыда ештеңе де, ешкім де көрінбеген. Пердені көбірек түруге болмайды, кластағылар мені байқап қоюы бек мүмкін. Сәл ғана сығалап қарадым. Жан-жүрегім бұлқынып кеп жөнелгені. Жұлқына жүгіріп, класқа кірмекке оқталып, орнымнан ұшып тұрып, қайта отырдым.
Әпкем парталардың арасында жүр екен. Баяғы, бұдан бірнеше жыл бұрынғы Үрисән емес! Басқа біреу секілді. Жаңағы, еденжуғыш егде әйел атап-атап көрсеткендей, қадап-қадап шегелегендей, жарасымды жаратылыс жоқ. Еден жуатын егде әйелге айналыпты әпкем де! Жігерім жүгерідей-жүгерідей боп бөлшектеніп, одан қуырыла қарайып, құмға айнала үгітіліп барады-ау. Басымды салбырап бара жатқан жерінен әзер көтеріп, тағы қарадым. Әпкем әлі де парталардың арасында. Қолында шүберек орап, еден жуатын швабра. Иә-иә, кәдуілгі швабра. Бағзы заманда геометриядан беретін ағайымыз «перпендикуляр» деген ұғымды түсіндірмекке мысалға келтіріп, көрнекі құрал ретінде көрсеткен швабра ше, соның дәл өзі.
Үрисән кенет швабрасын қос қолдай ұстап, жоғары көтерді.
Мен шошына күбірледім:
«Мұнысы несі, әпкемнің есі дұрыс па?»
«Жоқ әлде, геометрия сабағын өтіп жатыр ма екен?» Ол швабраны биікке көтерген күйі мұғалім отыратын орынға жақындады. Үстелге жете бере қайта бұрылып:
— Сен екеуің енді бір-біріңмен ерегіссеңдер бар ғой, оңдырмаймын! —деді.
Үрисәннің үні де өзгеріпті. Іртік-іртік дауыстың ара-арасынан ғана қашаннан етене жақын, қаншама заманнан бері естілмей кеткен туыс үзіктерді тауып қана тыншыдым-ау деймін, өзімді-өзім жұбатып. Алайда айрықша әуендей естілетін әпкемнің әуезді үнінен баяғыда апам қымыз құйып, қызына әкететін шырт-пырт шишаға түскен айықпас сызаттай аянышты ма, ашынулы ма, жарықшақты сүйек-сүйегім сыздай сезініп сырқыраған.
Үрисән швабрасын мұғалім үстелінің жанындағы сөреде сызыла тізілген компьютерлердің үстіне қойды. Аппақ компьютерлердің үстіндегі швабра шіркініңіз әбден ақжемденіп ысылғандықтан, бүкіл әлемді билеп алған бөлекше дүниенің бір бөлшегі секілденіп көрінеді екен-әй.
— Неменеге таңырқап қалдыңдар? — деді ашулы күйінен тана алмаған әпкем. — Менің швабрам тап-таза, шошымаңдар сендер. Компьютерлерің тазармаса, былғанбайды бұдан, білдіңдер ме? Ал шулайтын болсаңдар, анау екеуіне ұқсап ерегіссеңдер, өз обалдарың өздеріңе. Тура осы швабрамен қадап кеп ұрамын. Соттасаңдар, сосын көріп алармыз. Соттай алмайсыңдар, білдіңдер ме?! Осы Айкөріктен алты ай жазда ұрланатын мал қанша? Білесіңдер ме? Сендер білмесеңдер, әке-шешелерің біледі. Айкөріктен ұрланатын жылқы да, сиыр да, қой да, тіпті қаз-үйрек пен түйетауық та аз емес. Бір адамды тауып, соттап жатыр дегенді естідіңдер ме? Әй, мен сендерден сұрап тұрмын, естідіңдер ме деймін-әй?
— Жоқ, апай!
— Жөндеп былай, бәрің бірдей дегендей, ұйымшылдықпен айтыңдар. Қосылмайтындарың былай шығыңдар! Әйтпесе... Кәне!
— Естіген емеспіз, апай! — деп, бүкіл класс шу ете түсті.
— Міне, өстіп сабақты мұқият тыңдау керек, — деді әпкем ашуы қайтыңқырап. — Жарайсыңдар, балалар.
— Сіз сабақты емес, ұрлықты айтып отырсыз ғой, апай.
— Немене, менің айтқаным сабақ емес пе сонда?
Кластың іші үнсіз.
— Әй, сабақ емес пе деймін-әй, сендерге?
— Сабақ болғанда қандай, апай! — деді бір бала.
— Ең үлкен сабақ өмірдің өзінде ғой, апай,—деді екінші бала.
— Міне, көрдіңдер ме? Сен екеуің бір-біріңе бекерге тиісіп, қырсығып құриды екенсіңдер. Әйтпесе, нағыз мықтылар сендер болар едіңдер.
—  Апай, бізге «бес» қойып берсеңізші, — деп тықылдады бірінші бала. — Өмірімізде «бес» алып көрмеппіз.
— Ағайлар мен өзге апайлар бізден сіз құсап нағыз сабақты сұрамайды ғой, — деді екінші бала одан сайын тереңдей түсіп.
Үрисән сәл-пәл күлімсіреді. Әжімі көбейіп кеткен жүзі жылуарланып, әдемілік сәулесі әйнекке келіп жеткендей. Кешке қарайғы күн де теректің сары, өріктің қызыл жапырақтары жайлаған әлемнің арасынан сығалап қарап қалыпты.
— Сабақ дегеннен, ұрлық дегеннен шығады, балалар, — деді әпкем үнінің жарықшақтары мұқым айыққандай мүлде түзеліп. — Осыдан үш жыл бұрын ше, бірталайың білесіңдер, біздің үйдің отағасы қайтыс болды ғой. Ойпырай, қандай ғана қатыгездің қолынан келгенін қайдам, тап сол түні, арысымыз сұлап, бәріміз шулап жылап жатқан түні қорамыздан семіз-семіз төрт-бес қойымызды түгел алып кетпеді ме? Бұған не деп болады? Сол ұрлықшылар сол күйі табылмады ғой.
Әпкем бір уақ үнсіз қалды. Кенет:
— Әй, Әлімтаев! Жыбырламай, тыныш отыр! — деп қайтадан ашуға булықты. — Мен сендерге сабақ айтып тұрмын. Ағайларың журналға тиме деп еді, әйтпесе... Бірақ мені қорқады екен деп ойламаңдар. Тыныш отырмасаң, қазір-ақ қонжитып «екі» қойып беремін. Сол қойларды жайшылықта жымқырса мейлі, адамы өліп жатқан үйден ұрлағаны күйдіреді ғой. Сондайлардан не үміт, не қайыр? Сондағы ұры басқа жақтан келген жоқ. Осы Айкөріктің өзінен. Білмесек те, сеземіз біз. Түсіндіңдер ме? Әй, мен сендерден сұрап тұрмын?!
— Түсіндік, апай, — деген дауыстар естілді.
— Жер жүзінде, дүние бетінде біздің Айкөріктей ауыл кемде-кем, — деді Үрисән одан әрі. — Әттең, осыншама сұлулық тұнып тұрған ауылда жаңағыдай адамдар да бар. Ойпырмай, сондайлар басқа жақта болса, мейлі дейсің-ау, ал Айкөрікте жер басып қалай жүреді? Қазір қимылдай білген күн көреді емес пе? Аштан өлмейді ғой, көштен қалса дағы. Малы бары өз малын бағады. Малы жоғы өзгенің малын бағады біз секілді. Жеңіл жегісі келетіндер көбейіп бара ма, қайдам. Ұрлайды сөйтіп. Отағасымыз жер қойнына кірмей жатып-ақ басынды біреулер. Басынатын кісі ме еді ол? Жұлдызхан марқұм жақсылықтан басқа не істеп еді осы ауылға? Әй, тыңдап отырсыңдар ма?
— Тыңдап отырмыз, апай.
— Адам басынған соң қасқыр қарап қала ма? Бір күні шаңқай түсте, шарбақтың аяғында, апорт алманың түбінде ағаш жарып отырғам. Әй, тыңдап отырсыңдар ма, өзі?
— Иә-иә, апай.
— Айта берейін бе?
— Айта беріңіз, апай.
— Шарбақтың аяғында, алма ағашының түбінде қураған өрікті жарып отыр ем. Көрпе жоңышқаның шетінде бие байлаулы еді. Байқасам, бие осқырынып тұрыпты. Арқаны да, қазығы да мықты еді, көрпе жоңышқаның күші шығар, мына неме семірейін деген екен ғой деп ойлап, сәл былайырақ көз тастасам, екі бірдей ит біздің биеге ішіп-жеп қарапты да қапты. Бұлар неғылған иттер-әй, шарбаққа қалайынша қарғып түсіп жүр өздері? Деп ойлай бергенім сол, биенің осқырынғаны сап тынып, тұла бойы қалтырап, төрттағандап тыншыды да қалды. Дір-дір етеді-әй. Менің де жүрегім сулап қоя берді. Орнымнан тұрайын десем, тұра алмаймын, балтаны көтерейін десем, көтеру қайда, қолым қарысқан. Екі бірдей ит дегенім қасқыр боп шықты. Біреуі бір қарғып түсіп, торы биенің тұмсығына тап беріп, тістей қатты. Торы тырп ете алмады. Екінші касқыр қайран биенің шабын жарып кеп жіберді. Жануар-ай, жайрады да қалды. Шаңқай түс сәл ауған шақта, көз алдымда ыстық буын бұрқыратып, бауырын асады ма, қазы-қартасын қарбытты ма, білмеймін. Тұрайын десем, тізем дірілдейді. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Балтаны көтерейін десем, білегім — былқ-сылқ. Дірмәнсіз отыра бердім омалып. Қасқырлардың қорлағаны-ай сондағы. Асайтындарын асап, жасайтындарын жасап, аузы-бастарын асықпай жалап, аптықпай қарап, шарбақтан қарғып-қарғып түсті де, бүлкектей желіп кете барды. Басынған деген осындай болады екен, балалар. Бізді сөйтіп, адам да басынды, айуан да басынды. Кімсің, Жұлдызхан — Үрисән едік. Жұлдызханнан көз жазып қалғанымды сонда ғана сезіндім шынымен. Осылайша біз отағасымыздан айырылғаннан кейінгі екі-үш айдың ішінде жалғыз сиырға ғана қарап қалдық. Сонда да ұрлық жасамадық, балалар. Үлкен балам Боралдайдың басында ғой, білетін шығарсыңдар? Қаладағысы бар, ауылдағысы бар, біраз байшыкештердің малын бағады. Үлпілдеп отыратын Үрисән уборшы боп кетті сөйтіп. Үш жылдан бері. Бұған өкінбеймін, қорланбаймын мен. Үлкен ұлымыз екеуміз, Қарағандыдағы қызымыз үшеуміз үш-төрт баланы анау-мынау емес, Алматыда оқытып жатырмыз. Құдай-ау тоба, бізге де мал біте бастады. Жұлдызхан анау-мынау емес, мал тұқымын асылдандыру жөніндегі маман еді ғой. Колхоз бен совхоздың тарағаны қиын тиді. Бірақ малдың талан-таражына қатыспады. Өзін-өзі қағажулап, қанағат тапты. Есін жия алмай жүргенде ауру жабысты. Содан бәрін қойып, иесіз, қараусыз қалған пионер лагеріне қарауыл болды. Қаладағы зауыттың лагері еді ғой.
Күншуақ қаласының жартысын алып жатқан зауытты жеміріп жеп тауысқан жалмауыздар титімдей де ұялмастан, мына Айнасайдағы лагерді де қылғытып жібермекші болды. Жұлдызхан ағаларың жалмауыздарға түйір темірін де бермеді, тұтам тақтайына тигізбеді, сол күйінде сегіз жыл сақтады. Міне, енді еге табылып, жөндеп жатыпты. Жұлдызханның арқасында ғана жер бетінен жоғалып кетпей, жебірлердің көмейіне жұтылып кетпей, аман қалған «Айнасай» лагерін «Әртек» жасаймыз деп, әкімқараларың алашапқын.
Үрисән осы жерде біраз кідіріс тапты. Бағзыдағы бір әдетінше, қалтасынан тастамайтын (көбінесе өрнегі өрік гүлді болушы еді) орамалын алып, бұл күнде жиектерін әжім шиырлаған әдемі көздерін сипап-сипап қойды.
— Өзге жақтағы лагерлердің бәрі тоналып-жоғалып, қирандыға айналғанда, «Айнасайды» сақтап жеткізген Жұлдызханға не көрсеттіңдер, жұртым-ау?! Деп айқай салғым келеді кейде, балалар. Ескерткіш орнатыңдар деп отырғам жоқ. Қайтадан қатарға қосылған лагеріңнің бір бұрышына: «Осынау ғажайып ертегідей мекенді сегіз жыл бойы сақтап, көзінің қарашығындай күзетіп, аман алып қалған Жұлдызхан көкеміз еді,» — деп мәрмәрға ойып қоймайсыңдар ма? Десем де жарасады. Оны да айтып жатқам жоқ. Ал енді өліп жатқан күні қорасына түскен тағылықтарыңды түсінбеймін. Түсіне алмаймын. Компьютеріме кірмейді! Швабрамен нұқып, шұқып кіргізбесеңдер, кірмейді. Түсіндіңдер ме, әй, не айтып тұрғанымды? Аһ?!
— Түсіндік.
— Түсініп отырмыз, апай.
— Апай, қораға түскен біз емеспіз ғой.
Әпкем баяу бұрылып, мен отырған жаққа қарай қадам басты. Тап қазір, табан астында көзіне түскім келмеді. Бәрін байқап, бақылап отырмын. Сөзін естіп, сабағын тыңдап отырмын. Сабақты бұзу, толғанысты тоқтату дегеніңіз тазартылып жуылған еденді орынсыз былғау сияқты сезілер, сірә. Өзімді көрсеткім жоқ сияқты, шаң-тозаңы баттасып, аяқ астындағы еденге айналып кеткен жан айнамды жасыра тұрғым бар. Жылысыңқырай қисайып бақтым бір бүйірге. Үрисән теріс қарап, қайтадан сабағын жалғады.
— Жұлдызхан ағайларыңды ауру қатты айналдырды, айналайындар. Ауданда алты ай жатты. Аяғын баса алмайды. Айкөріктің жерінде аяғын нық қадамдап жүретін кербез адам еді, табан астынан қор болды да қалды. Аудандағы дәрігерлердің бәрі жабылып диагнозын қоя алмады, балалар. Бәрі айналып келіп аяғын қарайды. Жиналып келіп жағдайымызды білгісі бар. Жұлдызханның мал тұқымын асылдандыру жөніндегі маман болып талай жыл жұмыс істегені құлақтарына тиіп, құтырып кетті кейбіреулері. Жиған-тергені жұқаналау екеніне сенбейді ешқайсысы. Дәрігердің де дәрігері бар дә, айлықтары аз, білем ғой. Біреуі иманнан жүдә жұрдай екен. Ақша бер дегенді ашық айтпай, тұқшыңдап жүріп тұспалайды байқұс. Ақырында, ақшамыз жоқ, малымыз шамалы екенін түсініп, бес қап бидай әкелесің деді. Апардық. Қияр мен қызанақ әкел деді. Бес-алты жәшігін жеткізіп бердік. Күндердің бір күнінде: «Саяжайыма бір мәшине қойдың қиы керек еді», — де-е-еп тұр. Жұлдызханға білдірмей, онысын да орындадық. Тыңдап отырсыңдар ма, балалар?
— Тыңдап отырмыз!
— Айта берейін бе?
— Айта беріңіз, апай!
— Е-ей, қарақтарым-ей, мен сендерге қайбір апаймын? Апай деп мұғалім қыздар мен келіншектерді-ақ айта берсеңдерші. Мен деген жай ғана еден жуатын жанмын. Сөйтіп, талай нәрсе тасығанымызбен, ештеңе шыға қоймады. Арада алты айға жуық уақыт өткенде, әлгі саяжайына бір мәшине қойдың қиын жетпіс шақырым жерден жеткіздірген кісі бүйдеді: «Апай, — деді ол. — Жақында ауданға Алматыдан бір үлкен профессор кісі келеді. Ағайдың ауруын қарату үшін арнайы тізімге кіргізуіміз керек». Ақылым айранға айналған мен сорлы: «Ойбай-ау, кіргізудің қандай амалы бар?» — дедім. «Ой, апай, соны да білмейсіз бе, не бару керек, не беру керек», — деді бір мәшине қойдың қиынан кейін әбден емін-еркін сөйлейтін болған сол кісім. «Кімге барам, кімге берем?» — деймін ғой баяғы. «Күншуақта кіміңіз бар?» — дейді дәрігерім. «Күншуақта менің күнім бар ғой, — деймін мен. — Күнім дегенім — інім дегенім. Күндей көретін інім тұрады ғой Күншуақ атты шаһарда».
Класс ішінде сәл кідіріс сезілді.
Байыз тауып отыра алмастан орнымнан тұрғым келді. Қозғалу қиынға соқты, жұлын-жұлыным діріл қақты. Желкемнен жоғарырақ, шүйдемнен төменірек тұс шымырлады ма, жыбырлады ма, артынша құлағымның бірі, сәлден соң екіншісі шыңылдады.
Үрисән сабағын одан әрі жалғады. «Күндей ініңіз нендей тірлік істейді?» — деп сұрады бір мәшине қиды Айкөрік ауылынан алдырған ақ халатты кісі. «Қандай қызмет істейтінін айтуға болмайды. Құпия. Өзі ешқайда да шыға алмайды. Сол себептен ауылға анда-санда ғана, жыл аралатып жолы түседі». «Апай, күніңіз бар ма, айыңыз бар ма, білмеймін. Бір жылқыны жоққа санамасаңыз, ағай тізімге кіре алмайды», — деді дәрігерім. Жұлдызханымнан жылқы аяйын ба, жеткізіп бердік. Сонымен, балалар, бағанағы айтқан, қасқыр тал түсте туталапайын шығарған торы биеміз бен төрт-бес қойымыз қалды. Ал Жұлдызхан ағаларың не болды дейсіңдер ме? Әлгі профессор миының қақпағын ашып жіберіп, әлдебір қоймалжың нәрсені сылып алып тастады. Аяғында емес, бәленің бәрі басында екен. Әттең, дүние-ай, әлгі профессор ауданға алты ай ғана бұрынырақ келгенде бар ма, құлантаза жазылып, қатарға қосылып кететін екен. Сонымен, балалар, біз бір кездері мал тұқымын асылдандыру жөнінде ауыл-аймаққа белгілі маман болған, кейіннен колхоз бен совхоз тарап, мал түгелдей таражға түсіп кеткенде, не істерін білмей отырып қалған, одан соң сегіз жыл бойы «Айнасай» лагерін қарауылдап, қылдай нәрсесіне қол тигізбей сақтаған Жұлдызханнан арада апта өткенде айырылып тындық...
Әпкем әңгімесін, яғни сабағын тәмәмдауға таяғандай. Жайлап барып аппақ компьютерлердің үстінде көлбеп жатқан швабрасын алды.
Кластың іші тып-тыныш, тым-тырыс.
Үрисән есікке қарай беттеді.
Қоңырау соғылды.
Сабақ аяқталды.
Балалар алыса ойнап, жарыса жүгіріп, мектептің ұзын дәлізі бойымен бірінен-бірі озып кетіп барады.
Бір таңданарлығы сол, еден түк те былғанбай, тап-таза күйінде жалтырап жатты.
Мен орнымнан тұра алмай, омалып отырмын...





Пікір жазу