31.05.2021
  411


Автор: Мархабат Байғұт

ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ... ӘДЕМІ

“Егемен Қазақстанның” 2008 жылғы 4 маусымдағы нөмірінде Әбіш Кекілбайұлының “Әдебиет әзелгі мұратынан жаңылмақ емес” де¬ген толғанысы жарияланған еді. Өзімізге өз¬геше әсер еткенін айтпай қала алмаспыз. Ора¬лып қайта, тәптіштеп тағы оқи береміз. Орталығыңыз бен облысыңыз бар, ауыл мен ау¬даныңыз бар – қалам ұстағандардың бір¬талайынан сұрап та қоямыз. Оқығандар жоқ емес. Сіздің тілшіңізге прозашы, публицист Сай¬лаубай Жұбатырұлының “Оқығанда қан¬дай...” дегендегі дауысының түсі қатты ұна¬ған. Сай¬лаубай – “Алыстағы аралдар”, “Жа¬сыл са¬ғым”, т.б. кітаптары, “Абыржы” три¬логиясы, көп¬теген киносценарийлері ар¬қылы оқыр¬ман¬дар мен көрермендерге етене та¬ныс жазушы. 1948 жылы Арал ауданының Бө¬ген ауылында туған. Қазір Қызылорда қа¬ласында тұрады.
Сонымен, стилі бөлектеу, ой-толғағы еректеу жазбагер, “Парасат” орденінің иегері Сайлаубай Жұбатырұлымен сұхбатымызға зер салғайсыз.
– Әбіш Кекілбайұлының қай мақаласына, қандай толғанысына, сөйлеген сөзі мен жасаған баяндамасына болсын, қалайда елең ете қаласыз. Терең-терең тебіреніске түсесіз. Ал “Егемендегі” сол бір дүниесінде Әбіш аға¬мыз әдеттегісінен бетер өткір мәселелерді мәністеген ғой. Шынымызды айтсақ, қазақ бас¬пасөзі іліп ала жөнелер, ақын-жазу¬шы¬ларыңыз бен сыншыларыңыз, зерттеуші әдебиетшілеріңіз, тағысын-тағыларыңыз біраз-біраз пікір көгендеп, ой қоздатар деген едік. Олай бола қоймады. Тек бір газет қана жалқы мәрте үн қатты. Сіз Қызылордада отырып: “Оқығанда қандай...” дегенде, қуанып-ақ қал¬дық. Қараңызшы. “Ең бастысы, тек шы¬ғар¬машылық еңбегіміз ғана емес, бүкіл дү¬ние¬та¬нымымызды шырмауықтай шырмап алған шыр¬ғалаң дағдарысты жалтармай мойындап, жан-жақты талдай білмегіміз міндет”, – дейді Әбекең. Одан әрі ол кісі автордың, кейіпкердің және оқырманның үшеуі бірдей тығырықтан шығып үлгере алмай жатқандығына ерекше екпін түсіреді. Қоғамдық тәнді меңдеткен дерттің әдебиетті де меңдетпей тұрмайтын¬ды¬ғын баса атап көрсетеді. Осы тұрғыдан қа¬ра¬ған¬да, әдебиет мұраты хақында не айтар едіңіз?
– Әдебиет мұраты дегенде, болмыстағы адам және қоғам өмірінің шырқау оңы мен шетін терістігі арасындағы алып кеңістік, сол нысандармен ғана мән-мазмұн табатын уақыт феномені – алпыс екі тамыры соғып, он екі мүшесі бедерленіп, көз алдыңа келер еді. Со¬лай: әдебиет, әдебиет мәуесі шығарма – алтын заман болсын, қасаң ғасыр болсын – бірден-бір жан зәмзәмі; “ақыл-ойың мен ар-ұжданыңның, жадың мен ар-намысыңның” адал сенімді серісі; адамгершілік пен өмір тал¬пыныс жолдарында талай қысаң өтке¬лек¬терден жазбай өткеріп келе жатқан рухани лоцман. Осы, енді, құшаққа сый¬майтынды қамту тыраштығы емес, әлімсақтан Құдай әдебиетке берген ізгі миссия ауқымы. Бұл – тарихи аксиома.
Осы биік миссияның қай заманда да сыны жеңіл болмаған. Қисын бойынша, шын абырой жемістері жеңілден теріліп, оңай жолда шашылып жатпақ емес. Біздің уақыт – соның бір нақты кезеңі.
Әдебиеттің теңіз әлемін зерделеу де, әлгі айт¬пақшы, “тыраштықты” қажет етеді. “Кү¬бісіне сай піспек” – қажеттілік... Үлкен өмір-дарияның қапталында қатар ағып жатқан “өмір-дария” – Әдебиет. Екеуі бір-бірінен нәр алады, бірін-бірі толымды етеді.
Бүгін, аңсаулы, бірақ анық күтілмеген, әлгі, кең шалғай, көп кіндікті ақиқат бізбен қойын-қолтық тұр. Қызық уақыт! Берік ділді сынтастай шыңдаған, әлсіз тұғырды шай¬қақ¬қа салған бір мезгіл; төрт жақ – төрт құбыла да, төрт аран да көрінген бір жағдай... Жалғыз әде¬биеттің ғана сыны емес. Әдебиетке сын. Шы¬ғармашылық адамына (жалпы, ойлы жанға) қиын кезең; қызық кезең. Тағдыр тартқан құбылыстар дегенің жыртылып-айырылады.
Дегенмен, кешегі “ақ” пен “қарадан” ғана тұратын уақыт пен шындық майданының мін¬деті рахат екен ғой!.. Жаман мен жақсыны жаза баспай, саяси кәмелеттікте айта беруге бо¬латын еді... Енді, “сыншыл реализм”, “соц¬реализм” делінетін таптаурын-кепілді сүр¬дегінен көз жазып қалған бүгінгі әдебиет, өнер, әсіресе, іргелі жанрлар бізде біраздан аб¬дыраулы күй кешулі. Келеге келу алабы тым ұзаққа созылған сыңайлы. Кім білген...
Бәрі демократия мектебінің өмірлік дәрістерін ала білуде болар? (“Адамзат демократиядан артық ізгі қоғам жолын әлі ойлап таба қойған жоқ”). Демократия толғағы қандай? Соны қинала бастан кешіп, қағанағы қақырай туып жатқан қауымдар тыныштық дегеннің қадірін білмейтін жұрт па, түге?! Қалай дегенде де, әлем дәуірлер тоғысында ыңырана толғатып жатыр. Оған сырттан қа¬рап тұру, айналып өту мүмкін емес... Ка¬тар¬сис – адам (қоғам) болмысының, жанының, се¬зімінің ауыр ұғыну өткелектерінен өтіп, рухани жаңғыру, түлеу, тіпті, қайта туу тол¬ға¬ғы. Опыныс та, зая өмір мұңы да, “жы¬нынан айырылу” да, тәубе де, үміт те, жаңаға пас¬сионарлық әлеует жинау да осында. Осы¬ның бейбіт майданы, қайнап пісетін киелі тайқазаны, отпен шарпымайтын мартен пеші – шыншыл, тебіреністі Кітап.
Барқыт өткелек – “төңкерістерден” не пайда, замандас, біраз сәтте бүгін, азаматтық бұлғаққа ұрынғаннан бетер рухсыздық танытып тұр.
Қоғам дамуының бірнеше ерек саты¬ла¬рынан өткен, біздей қауым әлемде некен-саяқ болар. Ендеше, сондай ғұмырбаяннан біз алып шыққан, алтыннан ардақты тәжірибе қазынамыз болуға тиіс еді. Елден ерек тарихи ғұмыр-тағдырдан алған, жиған қымбат сабағымыздың бізге жаңа тарихымызда үндесіп, кәдемізге жарап, бергені нешік?.. Бұл тұрғыда үніміз неге шықпайды? Ал, тарих...
Жергілікті жадыдан аруақтанған, бір рудың деңгейіндегі ғана батыр-бағландарды айтпағанда (олардың еңбегі аз еді деуге болмайды), әлі шын қасиеті ашылмай жатқан тұлғалар мен тарих тұрақтары қаншама! Де¬регі аңызда ғана байырқаланған, ресми ілімде әлі ескеріле қоймаған Асан Қайғы, Қарға бойлы Қазтуған тұстасы – Ормамбет (осы тұс¬тан Шерғұтты есімі де шаң береді) бейіті деп саналатын кішкентай Бөген ауылы ма¬ңындағы бір ғана шоқат бауырына не бүгіп жа¬тыр? “Он-сан ноғайдың бүлген” жері осы бол¬са ше?! Сол маңдағы Қамбар, Абат, Қарабура белгілері не сыр айтады? “Күндердің күні болғанда, ат тұяғындай жерден мың жан¬ның рухы көтеріледі” дейді көне сөз. Бір сөзбен, тереңдігімен қызықтыратын да, қорқытатын да теңіз жағасында тұрғандай сезім өшпейді. Ол өзіне шығармашылық қайығын салған қай уа¬қыт, қай қоғамның да ой адамына оң жел соқ¬тырып, мол ырыздық беруден танған емес. Бірақ біз¬дің қоғамдағы рухани авитаминоздың бетін сондай нәпақа қайтара ала ма? Қасиетіңнен айналайын тарих, соның кең, тіпті, кешірімді кеудесіне арқа сүйеген тарихи жанр – біздің асыл қазынамыз, мақтанышымыз. Әйтсе де, бү¬гінгі мың-сан сұраулы уақыттағы сарабдал сө¬зі¬міздің, әдебиетіміздің, рухани ахуал-дең¬ге¬йі¬міз¬дің терезесін теңгеріп көрсететін ол емес. “Әр базар – өз тұсында...” Міне, бірсыдырғы то¬лым¬ды шаруалар бедеріндегі жанрлар кібіртігі, әл¬де¬бір, шөл мен шөліркеу сезімінің көзі осында.
– Тәкен Әлімқұловтай ағаларымыздың шығармаларына арқау-арна болып тартылып жатар “Ерке болмыстың тәуелсіздігі” туралы кезінде кеңірек жазып, ой қозғаған болып ек. Әбекең басымырақ маңыз берген автор мә¬селесінде бүгінгі қаламгерлерде осынау ұғымға орай ойсырап жатқан олқылықтар басымырақ па, қалай өзі?
– “Қазақ байыса...” осы күні және үй сал¬ғыш болып алды (Бабалар даналығы – қа¬тып қалған қақпыш догма емес; шығармашылық із¬д¬еніске тұғыр; бәрі дұрыс!). Сондай үйсейіс бір шебер айтатын: “Табан топырағын бекемдемей, жөндемей, саздауыт, сорғақ, сырғақ тыңға үй салушы болма; егер сөйттің екен, көтергеніңді ал¬тынмен аптап, күміспен күптесең де, Жа¬рат¬қанның бір оң көзі түспесе, еңбегің еш, тұзың сор боларға кәдік...” Шебердің айтатыны, кәдімгі, іргетас мәселесі.
Біз үшін қазір ұлттық сана, патриотизм ділгір. Қай уақытта да, қай қоғамда да ділгерлік кілті адам жанынан, адам әлемінен ізделген. Еңсесі биік шаңырақтың ең сенімді тірегі – толымды адам. Мүліктен бай, бірақ рухы кедей қоғам – қамсыздықпен қасиет күшін ұрлатып алған қауым. Биік, алтын ғимараттың берік іргетасы – халық. Беріктік көзі – сенім мен үміт. Жазушының әлеуметтік тапсырыс, саяси қақпай дегеннен ада, ой-сезім, қуаныш-қай¬ғы¬сынан туған шынайы туындысы, осы бекем ір¬гетас үшін жұмыс істейтін, тұғыр бекемдейтін са¬на-сезім әлеуеті. ХХ ғасырдың бетбұрысты ба¬сында Раушан-коммунист, Мырқымбайлар осылай “жұмыс істеді”. Мына ғасырда да дария-құ¬былыстар үстіндегі шөл сияқты дағдару, кө¬біне, осы міндетті сезінуден туындап жатқан бо¬лар. Отан абыройы, ел мүддесі, қазақ сөзі және осының бәрін сыйғызған ғарыштай адам жаны, адам¬зат үні Жазушы деген атты сәнқойдың иы¬ғындағы шері терісіндей сүйреткен науқаншыл-ұран¬шыл біреу (сүйкеусөзші-графоман) болмаса, шын шебердің әрдайым жүрегінде, санасында, материалданғанда – сөзі, қаламы, өнерінде. Шынайы шығармада жіті көз, сергек көңіл, сезімтал жүрекке, яғни, көңіл көзін боқ дүние мен прагматизм шелі баспаған түйсікті адамға осының бәрі бар. “Өнер екі жардың – жеңіл ойлылық пен көгілдір насихаттың арасынан жол тауып, құламай өтуге тиіс... Суреткер еркіндігі, жа묬пы, адамға тән еркіндік тәрізді тыныш¬тықтан әлдеқайда алыс тұр...”, деген Альбер Камю осыдан жарты ғасыр бұрын. Тәкен туындыларының арқау-арнасы да осыған саяды.
Сондай атты дегдар көңілді түсініп, құшақ ашатын қауым бар ма, енді?..
– Сәке, қалай ойлайсыз, бүгінгі әдебиет бүгінгі қоғамды жаңғырта ала ма өзі?
– Бір жерден көзіме түскен, Лу Шұң деген қытай жазушысының мынадай жазғандары бар екен: “Мен төңкеріс алдында құл едім, төң¬-керістен кейін көп өтпей, құлдардың құлына ай¬нал¬дым. Батырлардың зығырданы қайнаса, қы¬лы¬шын өзінен күштілерге суырады; қоян¬жү¬ректер ашуланса, қылышын өзінен әлсіздерге суы¬рады. Ем қонбайтын біздің ұлттың ішінде кө¬зін балаларға ғана алартатын бір қауым қа¬һар¬мандар да бар. Әттең, осы әлжуаз қоқымдар-ай! Меніңше, бодандықтан құтылды дескен Қытай деген осы ел көптен бері жоқ сияқты сезіледі. Меніңше, бірқыдыру құрбандардың қаны аяқасты етілді, бірақ бұл қасақана емес. Меніңше, барлығын жаңа бастан бастау керек...”
Қоғам әдебиетті қамшылай ма, әлде, әдебиет қоғамды жаңғырта ма? Меніңше, мұныңыз – ажыратып айтуға келмейтін біртұтас құбылыс. Өткен тарихтарда руханият пен қоғамның опалы үйлесімі аз болмаған. Мысалы, ХІХ жүзжылдық Ресей әдебиетінің алтын ғасыры аталды. Осы ғасыр Ресей жұртының рухын асқақтатты. Биік мерей ХХ ғасырдағы елдің биік мәртебесіне әсер етті, тіпті, әлем алдында солай болуға міндеттеп берді. Бүгінгі сұрапыл қарулы, атом, ғарыш дәргейлі Ресей әлеуетінен сол рухани гүлденудің өзіндік таңбасын байқауға болар еді... Тарих демекші, өткен ғасырда да көршіміз сол бір серпініп шыққан рухани орбитадан төмендеген жоқ. Кітап емес, өнер туындысы – “Ком¬му¬нист”, “Бәрі де адамдарға қалады” сияқты ке¬ремет кинолар есте болар?..
Ал енді, біздің сондай атты әлеуетіміз кем бе? Үніміз қайда?
Менің бір зияткер, шығармашы танысым бұрынырақта: “Ей, Махамбет, сен сөйлесең – отты сөз, мен айтайын десем – уголовщина; ей ұлы шайырлар, сендер ойнасаңдар – лирика, мен сөйтейін десем – аморалщина; ей, ұлы Абай, сен қазаққа айтсаң – хакім жанашырлық, мен солай дейін десем – көпке топырақ шашқан көрбілте әдепсіздік, енді қайттім?!” деп таусылар еді.
Стандарттарды бұзу керек; әсіресе, мидағы қылбұраудан құтылып шығу азабынан өту керек. Әбіш ағамыз да аталмыш толғанысында осыны көздей көксейді емес пе? Мидағы тездің екі жағы бар: бірі – тек руханият қана емес, бүкіл адами болмысымызды қор қылған, енді ділі¬міз¬ден көшу орнына, жаңа әлпетпен дендеп бара жат¬қан құлдық, ләппайлық сана; екінші – (сол қа¬сіреттен шығады) барымызды орыстық, батыс-шы¬ғыстық стандарттармен өлшеп, сол жақ¬тауларға сыйғыза алмай әлектенген “кішіктік”. Осы “кепілді көген іздеушілік” руханият бе¬дерінде тым рабайсыз көрінер еді...
Азат қазақ өз сөзін жалтақсыз айтуы керек (Азат ой, шын талант ережелерді жоққа шығара отырып, өз ережесін жасап шығады). Жазушы өз көкейінде піскенді, тек бір Жаратушыдан ме¬дет тілеп, демек, ақиқат, махаббат, әдеп, тал¬ғам деген киелердің өзі діттеген межесінде, айызы қа¬на жазуы керек. “Мен сондай құбылыспын, мен солай айтуға тиіспін, мен солай айттым!” деген үлкен көңіл болмаса, енді жалтақ көңілмен жазбай-ақ қойған да дұрыс-ау!.. Әр туын¬ды¬мызды ерек топырағымызда туған өзіндік бір әлем деп қарасақ... Не тудырғанына әдебиет се¬йіс¬тері бас қатырсын; қажет еткендер өздері та¬нып, түстеп, стандарттап-ақ алсын!.. Қазақ то¬пы¬рағында кеңестік, посткеңестік шайқақтан соң жаңа бір ағым-таным туып жатса, Құдай оны бізге көп көрмес. Шығармашылық кө¬кірек керек бізге. Италия – неореализм, Фран¬ция – экзистенциализм (негізі – Дос¬тоевский), жалпы батыс-шығыс модернизм, пост¬модернизм және т.б. “измдер” тауып бе¬руге, таңып беруге міндетті де, тиісті де емес. Әдеби, шығармашылық құбылыстар мен үр¬дістерді сараптау – терең ілім шаруасы (Мұның проблемасы – бөлек әңгіме). “Ма¬ған ұнамады, демек, жаман”, деген бағамнан өт¬кен тайыздық болмас. Стандарт-жақ¬тау¬ларда тыпырлағандар солай жүре тұрсын.
Бізде “измдерден” хабары жоқ, дін-аман Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз деген кере¬мет¬тер болған... Осы қатарға еш күлбілтесіз, пілте мылтығын тұтатқан Шақан (М.Мағауин, “Шақан-шері”), сананың шырғалаңдарында шарқ ұрған Тұлға (Т.Әбдіков, “Парасат май¬даны”) әлемін қоссақ, ойымыздың бас-аяғы қи¬сынмен түгенделеді. Ал адами деңгей, мә¬дениет тұрғысында зерделесек: бір ғана жақсы ту¬ындысы үшін, батпағы езілген түнгі “бан¬дитский” Петербургті жаяу кесіп барып, жас Герценді құшағына алған Белинский, Золяны та묬май хан көтерген Сезанн, Набоковтың “Ло¬литасын” “Бұл керемет!” деген бір ауыз сөзі¬мен пу¬ритандық күстана табанынан аман алып қал¬ған Грэм Грин тектілігіндей өнегені сіңіру керек.
Адами әлпетті сын туралы сосын айтуға болады.
– Кәсіби әдебиет пен ермекі жазармандық (Ә.Кекілбайұлы) арасын ажырата алмаушылық та қоғамның кеселіне айналып бара жатқан жоқ па?
– Иә, біз, қазақ, айтулы халықпыз. Ба¬ры¬мызды басымдықпен айтатын болдық (Жақсы сөз – жарым ырыс). Ал енді, өлмеу шарты – ауруымызды да жасырмай айтсақ ше?.. Біз стандартшыл жұртпыз (Соқырлық, әм кемшін мәдениет синонимі). Сыр¬ты¬мыз¬дан жарқын ұрандатып, ішіміздегі мүкті пси¬хологиядан өлгенде айырылғымыз келмейтіні тағы бар (Өйткені, ескі жол – оңай, кепілді, сенімді. Кеңестен тұралап шыққан жұртымыз да осыған сондай бейім). Жершілдік, іштар¬лық, бюрократтық, немқұрайдылық, қарау¬лық, көкіректік, ағайын жеңісіне қуана алмау¬шы¬лық, өсетінді еңседен басып, озатынды аяқтан шалу, көре тұра – көрсоқырлық, біле тұра – меңіреу менмендік, қолға тиген сәл билік, мінбер мүмкіндігінде өзінен өресі де, ары да биікті айызы қана тұқыртып бағу, өз деңгейінен көріп қанағат алу – бұл күңгірт тізімнің шеті-шегі ұзақ.
Осы сырқаттан – өкінішті-ақ! – әдебиет, өнер, рухани дүниеміз де таза емес. Ин¬тел¬ли¬гент дегеннің бюрократтығынан өткен жыл¬бысқы сүйкімсіздік болмас. Өркенімізді өсір¬мейтін, жүзден жүйрік, мыңнан тұл¬пардың жолын кесетін, түптеп келгенде, ха¬лық игілігі, ел мәртебесі тамырын қи ара¬сында жатып қиятын солар. Бірақ олар бұлай деп ойламайды, уәждері бет бақтырмастай. Өмір – күрес дегенмен, басым күш солар жақта... Андре Жидтің бір сөзі бар: “Өнер қыспақта өмір сүріп, еркіндікте өледі”. Міне, осы дегдарлықты әлде де қинай түсетін, түбі, бәлкім, өлтіріп тынатын біраз факторлар солардың қолында.
– Ақын-жазушыларды, өнер адамдарын ауыл жаққа, елге шақырушылық, олардың өздерінің де облыстарға, аудан-ауылдарға араласуы, тіпті қоныс аударуы болып тұратын үдеріс қой. Өзіңіз де астаналарды, орталықтарды көріп-білуден кенде емессіз. Алайда, қазір алыс облыста, елдесіз. Осы орайда айтар ойларыңыз қап кеткен жоқ па?
– Елбасымыз да қаламгерлерді елге ша¬қы¬рады. Аса сабақты мәселе. Жер шұрайын, жағажай жұмсағын таңдаған осы күнгі “коттедждер қозғалысы” емес; өмірдің (әсіресе, бүгінгі шындық) перипетияларын кабинет терезесінен зерделеуден жоғарырақ, халыққа барсам деген ниетпен шалғайға ұзаған әріптестер бар. Бұл талаптың жолы тым ауыр. Бір проблема: қаламгер көрсе, еш¬к¬ікөзденетін кей жергілікті шенеунік, со¬лардың ауанымен жел баққан әлгі бюр¬о¬кра¬тиялық салғырттық. Басқасын қайдам, бұл бір Жаратқаннан басқаға бағы¬нышты да, жа¬лынышты да болмасам деген азат суреткер жо¬лын тосқан “батыраш” көңіл. Екінші: шы¬ғармашылық ортадан шығарма бейнетін ке¬шіп ұзаған әріптесті Жазушылар одағы сияқ¬ты Құдай жазған бірден-бір мекемеміздің көзден де, көңілден де алыстатуы. Қазір осы одақ біздің не өлімізді, не тірімізді білмейді. Алыста болғасын, оның ноқтасын үнемі тартқылап отыратын мүмкіндік бізде де жоқ, “пара бергенше, бара беру” қолдан келе бер¬мейді. Үнсіз адам – жоқ проблема. Қарап оты¬р¬саң, қазақтың кең даласы өлі де, бар тір¬шілік астаналарда қалған сияқты: пейіл, мара¬пат, мадақ, алапа – “көркем жігіт, сұлу қыз, бәрі” сонда... Бұған, тағы да, стандарт-стерео¬тип¬терге аса тәуелді “тәуелсіз” меценаттар тірлігін қосыңыз... Шен-шекпен дәметсең, астаналарды сағала деген бұралқы сөз бар...
Күлетін жағдай емес пе, талант құны, шы¬ғар¬машылық мәнділік астаналар про¬пис¬ка¬сымен анықталатын сыңайлы. Газеттеріміз де сол пейілде... Осыны басқа емес, шы¬ғармашылық тұлғалардан көру – жігеріңді құм етеді. Оу, біз ағайынға Сөз арнаған ізгі ой¬д¬ың еңбеккері емес пе едік?! Қатпары қалың мәселе...
Махамбетті, Абайды тудырған Дала кие¬сінен қорқу керек! Біраз азаматтың етегін жауып, өміріне рухани нәпақа беріп, ұзатқан да сол Дала. “Өзі болған қыз төркінін танымас...” Сондай кие қазір сабырлы шетіндікте, ойлы тағатта, тыншығып жатыр.
Ендеше, жаны шөліркеулі жұрттың тілегі, ақжолтай үміті ғұмырлы бола тұрсын!
– Әңгімеңізге бек рахмет, Сәке.
* * *
Мінекиіңіз, сұхбатымыздың сыр-сипаты негізінен осы тұрпатта өрбіген. Сайлаубай бауырымыздың ащылау айтыңқыраған тұстары бар, әрине. Бірақ аса артық кетті деу¬-ге келмес. Шырқыраған жан-жүрек шырылы, шынайы шығармашыға, хас талантқа тән терең тебіреністі талдау – аз олжа емес-ау. Жоғарыда аталған толғанысында Әбіш ағамыз да қоғамдағы кесепаттар мен әдебиеттегі дерттерді оташыдан бетер осып ашып, кесіп-кесіп көрсетіп берген. Алайда, ол кісінің өзі һәм “Әдебиет әзелгі мұратынан жаңылмақ емес” деп қорытқан. Көрдіңіз бе?! Мұңая оқы¬ған мақалаңыздан тыңая түйін түйесіз. Қа¬лай болғанда да, қазақ әдебиетінің әлеуеті осал емес. Мына Сайлаубай батыр Жұ¬бат¬ыр¬ұлы сынды суреткеріңізден өзге Сыр бо¬йын¬дағы шаһарыңызда Қомшабай Сүйеніш, Әс¬кербек Рақымбекұлы, Жақсылық Рахматулла, Шә¬кизада Әбдікерімов, тағы басқа да та¬ланттар тұрып, туындылар жаратып жатыр. Олар¬дың әрқайсысы – бір-бір әлем. Қы¬зыл¬ор¬даңыздың өзі осындай. Демек, ұлтымыздың әдебиет әлемі... әдемі. Іркілістер, дағдарыстар көбірек шығар. Суреткер қаламгерлердің “еңбегі еш, тұзы сор” боп тұрғанын да бекер дей алмайсыз. Әзірше делікші. Сайлаубай бауыр меңзегендей, ақжолтай үміт үзілмейді. Әде¬биетіңіз әдемілігін табады әлі. Адам¬за¬тыңыз әлемінің де әрін, адам¬гер¬шілігіңіздің де нәрін әзірше аман сақтап келе жатқан санаулы ғана салаларыңыздың бірегейі һәм – Көркем Әдебиет! Әдебиет әлемі... Әдемі.





Пікір жазу