ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ҚЫМЫРАНЫ
Бағзы замандардан бір көріністі көңіл экраныңызға шығарыңызшы. Сақ сұлуы – Қызылқұмның қызғалдақтай қырмызы қызы. Сырлы тостаған толы қымыран. Қызылқұмның қызыл түйесінің аппақ қымыраны. Арыстың Сырға құяр тұсындағы тоғайда, тораңғылдың түбінде әлсіреп жатқан жаралы жауынгерге – сақ сарбазына Қызылқұмның қызыл шырайлы қызы қымыран ұсынды.
Сырлы тостағанның сыртындағы сүйрік саусақтарға сүйсіне қараған сақ сарбазы бір сәтке жан азабын ұмытып, кезерген ернін жалап: «Қымыз ба? Қымыз жақпады», деді.
«Жоқ. Қымыран ғой. Қызылқұмның қымыраны. Жағады. Жазыласыз», деді қыз.
Сол сұлу ұсынған қымыраннан жаңағы жаралы жауынгеріңіз жазылып кеткен деседі. Әлімсақтың аңызы осылай сыр шертеді.
Айналайын ағарғанның – қымыз бен қымыранның қайталанбас дәмі мен нәрі сақ дәуірінің арғы жағынан да аңғарылар. Бергі жағынан да білінер.
Қымыз бен қымыран.
Екеуі егіз-қатар аталар. Бірін-бірі толықтырар. Қымыз бен қымыраннан айықпас ауру жоқ деп есептелер. Сақтан бермен қарата қазаққа дейін. Солай саналған. Кей-кейде қымыз жақпас сырқатқа қымыран жағады. Жазады. Шын ықыласпен, шынайы пейілмен әзірленсе. Сондай ықылас-пейілмен ұсынылса. Сақ сұлуының сұлқ сарбазға сырлы зеренмен, зерлі көзқараспен, ибалы ишарат еткеніндей.
Қымыранды бірқатар өңірлерде шұбат дейді. Кітаптарда, арнайы сөздіктерде де кейде шұбат, кейде қымыран деп жазады. Қай-қайсысын айтса-дағы таңдайыңызға тәп-тәтті әрі сәл-пәл ғана қышқылтым, жұмсақ-жұмбақ, мамық-мақпал, дәмді-нәрлі дүние білінер. Тіліңізді үйірер. Осы Оңтүстікте, оның ішінде ойсылқараны көбірек күйттейтін Қызылқұм мен Созақ атыраптарында қымыран деп атайды.
Сіздің тілшіңіз былтырғы басқашалау шілдеде біраз жерлерді аралап, «Қазығұрттың қымызы» деген мақала жазған. Бірқанша жағдаяттарға назар жығып, наз айтқан. Бірер мәселелерді көтермекке тырысқан. Жақында, яғни биылғы шіліңгір шілденің ортасына таман Қызылқұмға жол түсті. Бүгінгі Отырар ауданы талай жыл Қызылқұм атанған. Қызылқұм турасында қаншама жырлар бар. Әндер де аз емес. Қазір Қызылқұм атауы сирек қолданылар. Сағынышпен айтылар.
Күш атасы, ұлтымыздың ұраны, намыс туы, рух шыңы Қажымұқан мекен еткен, кейініректе қоныс аударып кеткенімен, қайта-қайта сағына оралып соғып, қона жатып қымыран ішкен Шілік жазирасының шетінде, Шошқакөлге бұрылар тұста тұрыппыз. Ұлы Жібек жолы жосылып жататын жазық қой. Жол жиегіндегі «Қымыран» деген жарнама-жазбаға алаңдай аялдағанбыз. Шағындау үйшікке қарай аяңдағанбыз. Біздің ат басын бұратындығымыздан хабардар болып үлгерген Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жақсыбек, «Отырар алқабының» бас редакторы Зайыр, Шілік ауылдық округінің әкімі Айдархан мырзалар күтіп отырыпты. «Бұл түйе дегеніңіз – ұлық түлік. Түйесі бар ауылдың адамдары қызыл шырайлы келеді. Әдетте түйені онша көп соймайды, бірақ етінің құнары басқаша болады. Маңызы сорпаға шығады. Өркешін айтсаңызшы, өркешін...» деп бір тоқтады шешендігімен аты шыққан Жақсыбек.
«Мынау үйлесімді үйшік – «Гүлмайра» шаруа қожалығының қымыран сататын бекеті есепті. Түйе баяғы бір «Темір» сынды керемет кеңшарлардың дәуірлеуі дәуренінен кейін енді-енді ғана көбейіңкіреп келеді. Қымыранға қараңыздар», деп және бір әуендетті әкімнің орынбасары. Қымыраныңызды құныға, қызыға сімірдік. Шілденің шіліңгірінен шөліркеп, ыстықтан қатты солықтап қалыппыз. «Неғып шешенсініп отыр демеңіздер, өзі бүгін бұрынғыдан да көбірек көпірмектің сәті түсіп тұр. Ауданымызда мейман жауған күн болатын ыңғайы бар. Астанамыздан Парламент Мәжілісінің мықты бір депутаты, оның үстіне облысымыздан «Нұр Отан» партиясының бір топ жетекшілері және біраз мекемелердің өкілдері келе жатыр», деді Жақсыбек. «Онда сіздерге рұқсат, бізге мына әріптесіміз де жетеді», деп Зайырды ишараладық. «Түсінгендеріңізге рахмет», деп Жақаң қуанып кетті.
«Гүлмайра» шаруа қожалығының сексеннен аса сарықоңыр түйесі бар екен. Қожалықтың қожайыны Оразалы Мұстафин кеңшар тарағалы түйемен айналысады. Әкесі Файзолла «Шілікте» парторг болыпты. Оразалының өзі жақында ғана он миллион теңге несиеге қол жеткізіп, қымыранды «пәкеттеп» сататындай жағдайға жабдық іздеп, жолаушылап кетіпті. Зайыбы Гүлшат та сонау Төрткүл жақтағы қымыран сататын бекетте жүріпті. Шіліктегі үйшіктің тірлігін үйлестіріп отырған Орынша он бірінші сыныпқа өтіпті.
«Сауылатыны оншақты түйе ғой, – дейді Орынша қызыңыз қымыранды бір қозғап қойып. – Жылына жиырмашақтысы боталайды. Боталар көбінесе қорада қамаулы тұрады. Енелері жайылып жүреді. Сауар сәттерде айдап келеміз. Азанда, түсте және кешке сауамыз. Күніне жеті-сегіз литрдей. Әрбір түйеден. Кей-кейде күн райына, жайылуына байланысты бес-алты литрге түсіп кетеді. Үш емшегін сауып, бір емшегін ботаға қалдырамыз. Түйені кім сауады дейсіздер ме? Бәріміз сауа береміз ғой, ағай. Мамам – бас сауыншы. Мен де сауамын. Оныншыға өткен інім Тұрмахамбет те сауады. Әпкелерім де сауа беретін. Қазір Гүлмира әпкем Шымкентте, Гүлшахира әпкем Алматыда. Тұрмахамбеттен кейінгі Нұрмахамбет те сауа береді. Он екі жастағы сіңлім Гүлмайра да жуас інгенді сауып үйреніп жүр».
Мұстафиндердің май татыған бал қымыранын білетіндер, алыстан келіп алатындар аз емес секілді. Бір-екі жерде бекеттері бар. Көбінесе әрбір литрін 150-250 теңгеден Шымкенттегі қымыз-қымыран сататындарға апарып өткізеді.
Көп жылдар бойы мал тұқымын асылдандыру жөніндегі зоотехник, бас зоотехник, аумақтық басқармада майталман маман болып еңбек еткен Тұрғынбай Егемберді мырзаңыз бүй дейді: «Бұрынғы Қызылқұм, қазіргі Отырар ауданында жарты миллионға жуық қой, 16 мың ірі қара, 5 мыңдай түйе бартұғын. Асыл тұқымды қаракөл қой сапқоздары үшеу еді. Бір тәуірі, әйтеуір, Көксарайдағы «Жомарт» өндірістік кооперативі сол асыл тұқымды қаракөл қойын сақтап келе жатыр. Пайдасы өзге қойдан азырақ, өздеріне тиімсіздеу болса да. Алғаш 400-500 еді. Бүгінде 3000-ның үстінде. Рахмет оларға!»
Тұрғанбай отағасы тұп-тура зейнеткерлікке жасы ілінген күні демалысқа шыққан сиректердің бірі екен. Күрсінуі көбірек. Зейнеткерлікке ертерек кетіп қалғанына емес. Мал шаруашылығындағы осы күнгі олқы тұстарға опынады. Әнекиіңіз, әжептеуір көбейіп үлгерген қойдың әрбірін шаруаларыңыз жетпіс теңгеге қырықтырады. Сол есіл жүнді өткізетін жер, алатын адам жоқ. Қойдың жүні де, түйенің жүні де бостан-босқа рәсуа. Қырқымнан кейін қырғын өрт. Жүнді жабыла өртейді жұртыңыз. Бұл – біздің жақтағы үлкен мәселе, ділгір діт. Қырқылмай деміккен қойды да, жүні жұрқалана салбырап, шудалана шұбатылған қоңырқызыл, сарықоңыр, бозғылтсұр боздаған түйелерді де жиі ұшыратасыз. Ойсылқарадан обал-ай. Дейсіз.
«Қызылқұм ауданының аты Отырарға айналмай тұрған анау заманда бұл аймақ малымен мәшһүрленген. Оның ішінде түйесімен де, – дейді Тұрғынбай. – «Темір» кеңшары ше? Түлік төресі түйемен күллі Кеңес Одағына белгілі еді. Яхия Бошаев сынды басшысы болған. Әлгі, білесіздер ғой, Айтбек Мұсаев ше? Бәрі сол жылдарда дүркіреген. Менің әкем үлекті де, маяны да сол «Темірден» қайықпен әкелгені есімде. Онда тіпті түйе зауыт құрылғантұғын. Асыл тұқымды. Сол асыл тұқымды түйе зауытының озаттары Мәскеуіңізге барып, көрмеге қатысқан. Жеке қожалықтарда енді-енді екпіндеп келеді ғой. Бірақ, жаңағы жүн мен тері секілді қымыранды да өткізу өте қиын».
Аудандағы ауыл округтері бойынша байыптасаңыз, Қоғамда Қосмырза Құрманбеков, Маяқұмда Бақтыбай Байымбетов, Серікбай Медетбеков, Отырарда Сәбит Ержанов, Баян Нарбекова, Жарылқады Шорахметов, Қарақоңырда Сейітхан Шопанбаев, Кәрібай Молдабеков, Қарпысбай Құдабаев, Көксарайда Сапаркүл Машырыпова, тағы басқалар түйе шаруашылығымен айналысады. Осылардың арасынан Отырар ауыл атырабындағы Баян ханыммен сұхбаттасудың сәті түсті.
Баян Мамырбекқызы Нарбекова Алматыдағы халық шаруашылығы институтын 1975 жылы есепші-экономист мамандығы бойынша тәмәмдаған. Әйдік әкіміңіз, біраз уақыт министр болған Бердібек Сапарбаевпен бір курста бірге оқығанын мақтан тұтады екен. Жұбайы Мұратхан Дайырбаев талай жыл кеңшар басқарған. Бертініректе мәслихат хатшылығына сайланған. Ауыл шаруашылығының айтулы маманы. 1999 жылы Елбасы кәсіпкерлікке мықтап көңіл бөлмекке шақырғанда Баян Нарбекова қоржын сауданы қанағат тұтып жүрген. 2001 жылға қарата «Төребек Д» деген ЖШС ұйымдастырды. Мұратхан мырзаңыз кеңшар директоры, мәслихат хатшысы кездерінде де шенеуніктерше шіреніп көрмепті. Қызметтен келе сала киімін ауыстырып, қара жұмысқа кірісіп кетуші еді. Деседі. Қызылқұм жұрты. Қолынан күрек пен кетпен түспейтін. Бүгінде бұлардың үй-жайы Шәуілдір ауылы бойынша бау-бақшалы, мәуелі шарбағымен айрықшаланады.
Қайбір жылы Баянның өт жолы қатты ауырды. Бір бие, бір түйе алды. Бал қымыз бен балғын қымыранды қалай әзірлеуді ерінбей үйренді. Өзі сауды. Биенің сүті барлық уды алып кетеді. Қымыран асқазан, ішек-бауырды нығайтады. Қарақоңырдағы түйе зауыты тарағанмен, содан қалған асыл тұқымды қоспақтарды жинай бастады. Баян ханымыңыз төрт қызы мен бір ұлына жаман-жұман он көйлек жиғанша, жалғыз да болса жақсы көйлек киіңдер дейді. Өзгелер тастап кеткен 48,5 гектар жерді игеруге кірісті. Түйені он беске жеткізген. Арыстың бойына шит септі. Патенттік жүйе бойынша сексен пайыздық жеңілдікке жетті. Жылына 9-11 миллион теңгеге дейін табыс тапты. Алайда ақша дегеніңіз, абайламасаңыз, сылдыр су екен. Малға айналдырды. Түйені Түркменстаннан КамАЗ-бен тасыды. Асыл тұқымдыларын. Қайбір ғасырларда Ұлы Жібек жолымен осы Қызылқұмнан Бактрияыңызға айдалып әкетілген қызылқоңыр қоспақтардың ұрпақтары шығар. Бек бәлкім.
Қазір Баянның Отырардағы шаруа қожалығында 300-ге тарта түйе бар. Аналықтары жүзден асады. Тек түйемен шектелмес. 350 сиыр өсіреді. Аудандық, учаскелік ауруханаларды, мектеп-лицей интернаты мен балабақшаларды сүтпен қамтамасыз етеді. 2005 жылдан бастап малды асылдандыру бағдарламасына өтті. Сиыр етінің сатылуы жаман емес. Үкімет 60-70 пайыз субсидия төлейді. Жанар-жағар майдан жәрдем береді. Қырықшақты отбасын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Төребек Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, оның басшысы Баян Нарбековаға алғыс айтатындар аз емес. Алғашқы жылдары салық комитетіне 34 мың теңге төлеуші еді. Қазір бұл көрсеткіш 6-7 миллионға жетіп жүр. Техника, тағысын-тағы құрал-жабдықтар жеткілікті.
Түйе жарықтық жантақшыл. «Жантақ бір жыл тұрса – пұл болады, жоңышқа бір жыл тұрса – күл болады», дейді қызылқұмдықтар. Өкінішке қарай, осы Баяндайын баршаға белгілі кәсіпкеріңіздің өзі жиырма түйені ғана сауады. Көбірек сауар еді. Оған мүмкіндік мол. Бірақ қайран қымыранды өткізетін жер жоқ. Азын-аулақ бөлігін аудан ішінде, ауыл арасында сатыңқырайды. Облыс орталығына – Шымкент шаһарына күн сайын жүз литрдейін жібереді. Жеке сатушылар 150-250 теңгеден қабылдап алып, өздері 350-400 теңгеден саудалайды. Шіркін-ай, қымыраныңызға қырын қарау қашан түзелер екен?! Қадірін біліп, қасиетін бағалауға жетерміз бе?! Деп күрсінеді Қызылқұм мен Созақтың түлік төресімен төтелей айналысатын адамдары. Әлдебір атқарушы органдардан шынайы патриот басшылар табылып, үйлестіріңкіресе, жанашырлық танытса, әйтпесе әйдік бір кәсіп иелері шығып, Қызылқұм мен Созақтың қымыранын қамқорлықпен қабылдап алатын арнайы орын ашса, миллионға жуық тұрғыны бар, арақ-шарапсыз тойларға бетбұрыс жасай бастаған Шымкент шаһарын тап осы Отырар мен Созақ аудандары қымыранмен толыққанды қамтамасыз етер еді. Деседі. Баян ханымдарыңыз бен Оразалы, Совет сынды мырзаларыңыз. Әзірше бұл – арман. Әзірше қымыраныңыз да, сіздің тілшіңіз өткен жылғы шілдеде жазған қымыз сияқты, түрлі-түрлі жерлерде, түрлі-түрлі жағдайларда, қиқы-жиқылау киіз үйлер мен аңғал-саңғалдау үйшіктерде, қалқима қалқаларда, күдіктілеу сапаларда саудаланып жатыпты. Обалы нешік, жылдан-жылға тазалыққа, тектілікке, мінәйі мәдениеттілікке, шынайы әдептілікке, әдемі салт-дәстүрге ұмтылыс байқалады. Алайда, ақшаға құнығып, кері кетушілік те аз емес-ау, аз емес.
Қымыранды айтасыз-ау, тұтынушысы, жоспар-жобасы, субсидиясы, жалпы алғанда, жолға қойылған деп саналар сиыр сүті мен етінің өткізу жағдайларында да шешілмей келе жатқан мәселелер шаш-етектен. Сүт сапасын, ет деңгейін анықтамақ азапқа айналатын кездер боп тұрады. Сүт цехы, мал соятын цех жоқ. Баян Нарбекованың басты армандарының қатарында шағын да болса сүт цехын, мал соятын цехты және баклашка мен пакет қапшық, құты жасайтын цех ашу жоспарлары баршылық. Жақында облыс орталығында аса пайдалы семинар өтті. Ғылыми-тәжірибелік деп аталғаны қуантады. Облыстағы тиісті салалардың басшылары, небір ғұлама ғалымдар ойларын ортаға салды. Бәрі тамаша. Ғылыми тұжырымдар, ғылымға негізделген болжамдар шеккі дей алмассыз. Алайда тікелей тәжірибеге енгізу, іске асыру, жүзелеу жағы бұлдыраңқырап көрінетіндей. Солай сезілді. Басқаларды кім білсін, батыл істердің басында, бейнеттің бел ортасында жүрген Баяныңызға солай сезілгені рас.
Қоспақ түйенің еті көбірек. Қылқи түйе сүтті молырақ берер. Баяндар етке түйе соймас. Сирек жағдайда ғана, мәжбүр кездерде ғана болмаса, төре түлікке пышақ тигізбес. Бестораңғылдың, Сыр мен Арыс бойындағы бұйратты биіктердің, жазық жазиралардың жантағы жетіп-артылар. Биыл жемшөп жағы жақсы. Былтырғыдан екі еседей арзан. Түйе қорасын қайта салып, қамданып-ақ жатыр. Келесі жыл күтпеген, қиын мінез көрсетуі мүмкін. Түбінде қымыз бен қымыранның қасиеттері өз бағасын алар. Теңдесі жоқтығына көз жетер. Ол кезде қазекемнің кеш қалуы да бек бәлкім. Бәр-бәрін басқа біреулер иемденіп, бәсіре-брендтеріне айналдырып алмақшы деген де әңгіме бар. Жел тұрмаса, жантақ басы тербелмес.
Сәске-түсте Совет Ержан мырзаның нығыздалған шөпті қаттап жинап жатқан ауласында болдық. Совет мырзаңыз советтік заман тұсында талай-талай бюроның қарауында қара терге түскенімен, қайсарлығынан танбаған мамандар қатарынан саналады. «Жоспар үшін жерді қинап, ақпар үшін елді азапқа салған Шарамконың шатағын да бастан кешкен бейбақпыз», дейді ол. Бүгінде бұ кісі де – түйе өсіретін «Ғани» шаруа қожалығының ақылшы ақсақалы. Алпысқа жуық ойсылқараның жиырмадан астамы – інген. Үй-жайдың ішін бітіріп, сыртын әктей бастаған Ботагөз келін шелегін ошаққа сүйей салып, қымыран әкелмекке жүгіріп барады. КамАЗ мәшинесінен бумаланған шөпті түсіріп, тасып жатқан жігіттердің бізге қарайлауға мұршалары жоқ. Совет мырза да сол совет кезінде жүгері егісінде күні-түні аш жүріп, асқазанын құртқан. Содан ілмиіп бара жатқан соң жалғыз түйе сатып алған. Бірер жылда үшеуге жеткен. Ауру-сырқауларды былай қойғанда, ауданның пәпкі ұстарлары қылқи түйенің қымыранын аңсап, қылқиып келіп тұратынға айналған. Зайыбы Аманқыз қабақ шытуды білмейді екен. Өзінің асқазаны қымыраннан құлан таза жазылған. Қой-ешкіңіз бен сиырыңыз мұрын шүйіріп, мүлдем менсінбейтін тікенек шөптің бәрін түйе жейді ғой. Жантақ, шеңгел, қарасора, алабота, т.т. және т.б. Қолға қарамас. Қысы-жазы жайылар. Су да сұрамас. Өздері келіп, сауғызып алып, маң-маң басып жайылымға жөнелер маялар да кездесер. Совет Ержанның шаруашылығы шағын. Сонда да жақында үш адамды жұмысқа қабылдады. Біреуі механизатор, екіншісі бақташы, үшіншісі сауыншы. Несиеге «МТЗ-80» тракторын алған. Өз жағдайы жаман емес. Өкініштісі сол, көп адамдар азын-аулақ жер телімдерін игере алмай қалды. Қайран да қайран суармалы егістіктер бос жатыр. Тікенек басып. Жері барлардың өзі не егуді білмей дал болады. Бәрі бірдей бір ғана дақылды егіп, өткізе алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Өнім өндірушілердің жұмысын сәл-пәл болса-дағы жүйелеу, реттеу, үйлестіру жөнінде қай тараптардан-дағы олқылықтар басымырақ. «Бірте-бірте жөнделер, неғыпты сонша... Қымыран алсаңыздаршы», деп қояды Совет дос.
Қызылқұмның қымыраны. Қайран қымыранды, сөзіміздің басында әдейі келтірген сақ сұлуы – Қызылқұмның қызылшырайлы, қыпшабел қызы ұсынған құнарлы сусынды сол бір ежелгі, көне ғасырлардағы жаралы жауынгерлеріңіз де құныға, құмарта ішіп, құлантаза жазылған. Күні кешегі кеңестік кезеңдерде кемеңгер қаламгеріміз Мұхтар Әуезов Қызылқұмды, Отырар шаһарының орнын, қирандысы көмулі Көкмардан төбені көргенде, әлсін-әлсін қымыраныңызбен шөл қандырған. Бір шеті сәл ғана көтеріліп тұрар сүйкімді ернін баппен сүртіп, қымыранға қайта-қайта қарайды екен. Сол Мұхаң «Қырғи тілді Асқаржан» деп атаған атақты ақын Асқар Тоқмағамбетов осы Қызылқұм мен Созақты көп аралаған. Ол тұста арақты ішу емес, ішпеу айыпқа саналған жерлер де болған. Асыра сілтеушілік нормаға айналған. Тоқмағамбетовтің тобындағы жеңілтектеу бір інісі арақ пен қымыранды «тең праволы түрде ішемін» деп соққан ғой, баяғы. «Өкең сілтеп арақ пен қымыранды; Түніменен дөңбекшіп ыңыранды. Ақырында ағарған уды жеңіп; Әйтеуір әзер-әзер тірі қалды», деген шумақты шайыр Асқарыңыз сонда шығарыпты. Бұл өлеңнің өзге де варианттары бар. Оларды осындағы әріптес ініміз Әбдімәлік көбірек біледі.
Қайран қымыз бен қымыран қазақпен бірге жасаса берер. Бейнетіне көніп, салт-дәстүрлерімізді сақтап, жаңашалау жол-жобалар тауып, қолымыздағы қымбаттарымыздың қадіріне жетіп, қасиетін қастерлесек, кәнеки! Бәсіре-брендтерімізден айырылып қалып жүрмесек, болғаны да, әйтеуір...
Алыста Көкмарданның көгілдір сәулесі мұнартады. Оқсыздың тұсында бір шөкім бұйра бұлт қалқып барады. Сол маңайларда маңдайы жарқыраған бала дарын, болашақ данышпан Әбу Насыр Әл-Фараби де құлдыраңдай жүгірген. Қымыран сімірген. Торсық шекесіне сұқ саусағын тіреп, кенет ойлана қалатындай бейнесі елес берер. Жолсерігіміз Бақытжан екеуміз қайтарда Ұлы Жібек жолынан Шошқакөлге бұрылатын бұтақтың бойындағы «Қымыран» деген жарнама-жазудың жанына аялдадық. Таңертең татқан «Гүлмайра» шаруа қожалығының қымыранын қайтадан аңсап қалғандаймыз. Орыншадан үш-үш литрден қымыран сатып алдық. «Келіп тұрыңыздар!» деп қояды елгезек қызыңыз.
Бақытжанға: «Қажымұқан атаңыз осы Шошқакөл деген атауды онша жақтырмаған көрінеді. Жүдә бомағанда Қабанкөл деп өзгертуді ұсыныпты деседі. Қазақ шіркін Қажымұқанына да құлақ салыңқырамай, салғырттанып, Мұңайтпасұлына дейін мұңайтқан ғой», дедік. Бақытжан бала күлімсірей күрсінді. Шілденің шалығы басылатын емес. Шілік жазығының үстінде теңіздің теңбіл-теңбіл толқынындай сауыс-сауыс сағым ойнайды.
Алдымызды қызылқоңыр қылқи түйе кес-кестеді. Алғашқыда жалба-жұлбалау киінген, қалжыраңқылау қазекем секілді көрінген. Қадала үңілесіз. Қырқылмаған жүніне, асфальт жолда шұбатылған ақшыл шуда арқанына қарамастан, тым маңғаз. Титтей менсінбейді. Амалсыз айналып өтесіз. Өркеші тіп-тік. Рухы жығылмаған өршіл жандай ойсылқараға қызыға таңырқайсыз. Өткен ғасырларға өкінішсіз, осынау озық заманыңызға опыныссыз, келешектің кенеркөгіне күдік-күмәнсіз көз тастайтындай. Түліктің төресі. Қымыранның қайнары. Көнбістіктің көкесі. Төзімталдық тектісі. Сезімталдығын сездірмес...