ТАРЫЛМА, ТОЗБА, ТҮЛКІБАС... немесе құт мекеннен мейір қашып бара ма?
«Адамзат баласы мен жер бетіндегі тіршілік атаулының түбіне жетіп тынатын мысалдарды, тәсілдерді күн сайын көзіміз көріп жүр. Сонда біз нені, қалай жазбақпыз?"
Гюнтер ГРАСС,
неміс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты.
Сөзіміздің «біссімілләсін» неміс жазушысының түңіліске толы пікірімен бастадық. Әдейі. Қазіргі кезде күллі әлем жазушыларының шығармаларында да, өздерінің болмыс-бітімдерінде де, сұхбаттарында да адамзат пен оның сана сапасы туралы, жер шарының, табиғат-ананың тағдыры жөнінде торығушылық басым.
Ол – ұзақ та ауыр әңгіме.
Бірақ біздің айтпағымыз – бұл емес.
Туған ауданымызға биылдыққа бір-екі мәрте барып ек, бірер жағдаяттар бұрынғыдан да еңсемізді езіп жібергендей күй кештік. Қаламгер дейтін атымыз болған соң жүрек сыздатар мәселелерді жазу – міндетіміз. Тиісті тұлғаларыңыз, жұртшылығыңыз тыңдай ма, жоқ әлде құлақ қоймай «мимо қарай» ма, өздері біледі. Біздікі: «Айтпақ – парыз» дегендік.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс ағатайымыздың Шерхан Мұртаза сынды шеберіміз тәржімалаған «Боранды бекет» романын білмейтін замандастар кемде-кем шығар. Сонда ғой, Едігедей ерен еріңіз Қазанғаптай қайран досының денесін Ана-Бейітке жерлей алмай, алапат азап шегеді. Мәңгүрттер мен мәңгүрттіктің кесір-кесапатынан жігері құм болады. Қаншама қорлық көріп, сансырап, ақыр соңында Едіге сорлы лажсыздан тосын шешімге келеді. «Әй, жігіттер, құлақ салыңдар, – деді ол. – Адам-атаның әдет-ғұрпына, табиғаттың заңына қарсы бармаңдар! Өлікті зираттан алып қайту деген өмірі болған емес. Жерлеуге алып шыққан адамды жерлеу керек. Басқаша жол жоқ. Міне мынау Құмдышаптың жары. Бұл біздің Сарыөзектің жері! Осы Құмдышапта Найман-Ана өзінің әйгілі жоқтауын айтқан. Мына Едіге шалдың сөзін тыңдаңдар. Қазанғаптың моласы осы жерде болсын. Маған да топырақ осы жерден бұйырсын. Құдай қаласа, мені өздерің жерлейсіңдер. Бұл менің сендерге айтар арызым. Ал қазір, күн кешкірмей тұрғанда анау жардың қақ басына марқұмды жер қойнына берейік!»
Соншама сандалыс көріп, амалдары әбден таусылған, Ана-Бейіттері арнайы ғарыштық зона аумағында қалғандықтан, Қазанғаптай асылдарының мүрдесін мүдделі мазаратқа орналастыра алмаған Едігенің шешімі еді бұл.
Шыңғыстың «Боранды бекеті» «Молодая гвардия» баспасынан 1981 жылы, біздегі «Жалын» баспасынан 1986 жылы жарық көрген. Алғысөзінде Айтматов: «Барша «космологиялық» хикаяны мен жер бетіндегі адамдарға қатер төндіріп тұрған ситуацияны әсірелеу арқылы жандандыра көрсету мақсатында ойдан шығардым», – дейді.
Бұдан ондаған жылдар бұрын данышпан жазушымыз осыларды ойдан шығарса, соған ұқсас жағдаяттар бүгінгі тіршілігімізде тұс-тұстан анталай бас көтеріп жатыпты. Гюнтер Грассты төңіректеп, Айтматовты айналсоқтап, айтуға аузымыз барыңқырамай отырған, ойымызға зілмауыр салмақ салып, кетпей жүрген бір мәселе – мынадай.
Түлкібас ауданындағы, Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен ауылдың зиратына сол маңайдағы көршілес және бір үлкен ауылдан марқұм болған кісіні жерлеуге апара жаттық. Жол-жөнекей күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгіме шықты.
«Не дейсің, бұл мазаратқа ендігі жерде көрші ауылдың адамдарын қойғызбайтын бопты...»
«Иә-иә, өзіміз куәміз ғой. Тіпті орын көрудің өзіне де жіберместен, бейіт қоршауының есігін ашпай, қиын болды...»
«Ойбай, марқұмның моласын қазуға келгендерді жолатпады. Ауыл ақсақалдарымен, молдамен келіссөз жүргізіп, әзер көндірдік...»
Күбір-сыбырдың анық-қанығына жетпек ниетпен қосымша біраз кісілерден сұрауға мәжбүрлендік. Бәрі рас екен. Аталмыш әңгімені жергілікті басшылар да анық естіді. Көпке созбай, көрші ауыл үшін бейітке арналған жер бөлу, немесе мына мазарат аумағын кеңейтуге мүмкіндік қарастыру жөнінде әжептеуір сөз болып еді.
Өкінішке қарай, осы жақында ғана, жаз ортасы ауып, жоңышқаның екінші орымы көкорайлана тербеліп тұрған шақта тағы да сол мазаратта, тағы да әлгіндей әңгімелердің салмағына жанышталған жағдайды бастан өткердік. Қыс аяғынан бермен қарата басылмаған әңгіме, шешімін таппаған мәселе жанды ауыртты. Ауыр-ауыр сауалдар, қарауыта қабарған қабақтар, жүдеу жүздердегі қатпар-қатпар әжімдер, жаутаңдаған мұңды жанарлар «Боранды бекеттегі» Едігені елестеткендей әсер еткенін қайтіп жасырайық.
Сырттай қарағанда, «мазаратымызға өзге ауылдан адам жерлетпейміз» дейтіндердің қылығы қатыгездік сияқты сезіледі. Тіпті мұсылманшылыққа, имандылыққа жат әрекеттей көрінуі де бек мүмкін. Алайда ол ауылдың адамдарын да кінәлау қиындау. Оларды да түсінуге болады. Бейітті байқап қарасаңыз, бұған көзіңіз анық жетеді. Мазарат қоршалып қойылыпты. Бос жатқан бөлігі бірте-бірте тарылып барады. Шығыс және батыс жақтары сайлы-жыралы боп кетеді екен. Ал, қоршаудың астыңғы, ойпаң жағында үлкен арық ағып жатыр. Үстіңгі жағы – тербелген көк жоңышқалы егістіктер. Әрине, олардың иелері бар. Қазіргідей уақытта, жерге деген қызығушылық қана емес, құнығушылық пен қанағатсыздық та өршіп, өрекпіп тұрған кезенейлі кезеңде ешкім де егістігін, жайқалған жоңышқалығын қайтарып бере қоймас. Ол үшін көп жұмыс істеуге тура келеді.
Жерге жанкештілікпен ұмтылатындар бар. Нешеме гектарлап жер алғанымен, тойым таппастар тіпті де аз емес. Ұмтылыс майданында ұтқандар да, ұтылғандар да көп-ақ. Елбасыңыз күні кеше де айтып жатыр ғой, кезінде қаншама жерді қараулықпен қармап қалып, енді соларды шетінен шертіп сатып, кертіп жеп, керемет байып кеткендер жетіп-артылады деп. Біздің ойымызша, тым жұмсақ айтты...
Жансауғалық жерге де, тіпті тәртіп бойынша тиесілі телімге де жете алмай, телмеңдей телміріп жүргендер жүздеп-мыңдап саналар. Қалаңызда да, далаңызда да.
Жоғарыда бір пікірін эпиграф етіп алған жауһар жазушы Гюнтер Грасс тағы да айтады: «Байып қалыңдар!» дейтін жаңа ұранның өзге елдерде де бәсі жүріп тұр. Мұндай жағдайда, әрине, ең алдымен қарапайым еңбек адамы залал шегеді». Жасыратыны жоқ, қалаңызда да, далаңызда да жер жөнінде залал шегіп, запыран жұтып жүрген сол қарапайым еңбек адамдары, қанағатшыл қарапайымдар ғой.
Ұзын сөздің қысқасы, бүгінше басқа жағын қоя тұрып, пендешілік пен пәнилік, жалғандық жағдаяттарыңызды сәл-пәл шегере тұрып, бақилық жайына бір сәт назар жығалықшы! Бейітке жер қарастыру мәселесін мәністелікші! Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы Едігеңіз Құмдышаптың жарлауытынан болса дағы Қазанғаптай досына мола қазар жер тапты. Ал, бүгінгідей психология дендей берсе, біздің жағдай одан да мүшкілденбей ме? Түлкібас ауданындағы, Ұлы Жібек жолы бойындағы жаңағы айтылған ауылдың жағдайында не істемек керек? Жоғарыда айтыңқырадық. Мазараттың үстіндегі жоңышқалықтардың иелерімен келісіп, оларға өзге жақтан жер беріп, бейіт аумағын әлдеқайда кеңейту мүмкіндігі бар. Бірақ оған жер иелері келісе ме? Әне, гәп қайда? Көрші жатқан үлкен ауылдың ескі бейітінде бос орын қалмаған. Мазарат болады-ау деген аумақта жаңа зауыт құрылысы басталып кетіпті. Бос жер жоқтың қасы. Бәрібір, бейіт үшін орын қарастыруды, жер бөлуді жедел шешпек қажет.
Мұндай жағдай Түлкібас ауданының бір ауылында ғана емес, бірнеше ауылының басында бар. Бүгін болмаса, ертең туындайды. Мазараттарда бос орын азайып, ескі бейіттер толуға жақындап қалғанда ғана, шатақ шыққанда ғана ойланатынымыз қалай?!
Жақында сол Түлкібас ауданынан шыққан аса бір атақты азаматқа жолығып қалдық. Тұрмысы бақуат, қалтасы қалың, әрекеті де, берекеті де баршылық. «Таулы, кереметтей көркем ауылдың маңайынан бірнеше гектар жер сатып алдым, – деді ол мақтана мерейленіп. – Үй-жайлар салмақшымын. Бір шетінен бейіт үшін орын дайындамақ ой бар...»
«Ауыл үшін бе?» – дедік біз.
«Жоқ, өзіміз, өз әулетіміз үшін», – деді ол енді сәл көңілсіздене күрсініп.
«Түсінбедік», – дедік біз.
«Түсінбейтін несі бар? – деді ол одан әрмен ойға түсіп. – Біздің ауылдың орны алыс қиырда қап қойды. Ол жақтағы бейітке бізді апарып жерлей алмайды ғой кейінгілер. Ал енді біраз-біраз ауылдар өзгелерді жолатпайтынға айналыпты деп естідім. Сондықтан, қазірден қам жасамақпыз...»
Әнекиіңіз, осындай-осындай гәптер мен кептер де кездесіп жатыр.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қайсысы жөн, қайсысы жосықсыз?
Мазарат мәселесін кім шешпек? Қалай шешпек керек? Өмір барда өлім бар. Ауыл болған соң бейіт те керек.
Бүгінгіні ғана емес, ертеңгіні кім ойламақ?
Ойланбақ ләзім. Жұмыс істемек керек. Жүйелілікпен, жанашырлықпен. Түсінік жұмысы. Тәрбие мен тәлім ісі. Сөздің емес, нағыз істің адамдары аз емес қой бізде, шүкіршілік. Ал біздікі – сөз ғана. Аз ғана. Жан-жақты ойластырылған, парасатты да пайымды әрі жедел жұмыстар жүргізілмесе, қиындықтар қабыздай бермек, шиеленісті түйіндер тамырлай түспек.
«Міне, енді айырылысар сәт те соқты! – деді ішінен Едіге Қазанғапты мәңгілік орны – лақатқа жайғастырып жатып. – Сені мұншама уақыт өз мекеніңе қоныстандыра алмағанымызға кешір. Күні бойы ары-бері сандалдық та жүрдік. Жағдай осылай болды, бауырым. Сені Ана-Бейітке қоя алмағанымыз – біздің кінәміз емес... Жер жарықтық ұшы-қиырсыз, ал саған небары он сүйем ғана орын бұйырды ғой...».
Әне, осылай дейді «Боранды бекет». Қарапайым еңбек адамы Едігенің аузымен айтады мұны адамзаттың Айтматовы.
Ауданнан қайтып келе жаттық. Кенет алай да дүлей жел тұрды. Қуарып, қурап бара жатқан тау мен даланың апшысы қуырылды. Жабағылы-Үрбұлақ тауының баурайындағы биік беткейде екі-үш жылдан бері: «Түлкібасы – құт мекен» деген жазу көз тартып тұрар еді. Жолдан өткендер: «Бәрекелде!» – десетін-ді. Жер жаннатының бағасын білдірер сол үлкен жазудың бояуы оңып, бұлдырап, бұлыңғырланып, мүлде көрінбей қалған екен. «Әктей салу да соншама қиын болғаны ма?» – деп ойладық.
«Адамдардың пейілі тарылып, мейірі қашып бара ма?» – деді жанымыздағы бейтаныс кісі күрсініп. Жол жиегінде қиналып тұрған жерінен жаңа ғана мінгізіп алғанбыз.
«Неге олай дейсіз?» – дедік біз.
«Қаншама мықты мәшинелер бос өтті. Үш сағаттай қол көтеріп, қарым талды. Сіздер болмағанда... Мен сізді білемін, сіз мені танымайсыз. Осыдан жиырма жыл бұрын Көлбастау мен Шұбайқызылды қоршау, қорғау, келер ұрпақтар үшін көздің қарашығындай сақтау туралы жазғансыз...» – деді ол.
«Шұбайқызыл сияқты қызғалдақ төбе бүкіл дүние жүзінде жоқ қой», – дедік біз.
«Сіз жазған Көлбастаудың шаруасы шамалы қалды-ау, «маевкалар» биылғыдай жалғаса берсе, Шұбайқызыл да бірер жылда тақырланып таусылар», – деді әлгі кісі. Біз іштен тынып:
«Жиырма жыл бұрынғы жазғанымызды жадынан шығармаған жалғыз адамның барына да шүкір», – дедік үнсіз ғана.
Бір тәуірі, биыл бұл өңірде гүлқайыр көп екен. «Мейір жүдеген жылдары гүлқайыр жиірек өседі, пейіл тарылтпау керектігін пенделердің есіне салады», ― дейтін еді Әсем апамыз.
Ондай-ондайды сезінер ме пенделер?! Ай, қайран апам-ай...
Білім-білігіміз, байлығымыз, жеке меншігіміз, үй-жай, коттедждеріміз, сайлаулардағы «саяси белсенділігіміз», шүкіршілік, ғажайып ғарыштық өлшемдермен қарыштап, «космологиялық» деңгейлерде дөңгелеп барады-ау! Алайда пейіліміз тарылып, құт мекендерден мейір қашпағай да. Әсіресе, мазараттардың мазасын алмай, аруақтарды алаламай, алдын-ала ойланайықшы, ағай-е-ен.
«Тарылма, тозба, Түлкібас...» – дегіміз келетіні сондықтан.