Алтынбек аға
Бос сөз бен бөспелеу пікірге жолай қой¬мас жазбагер Бекболат Әдетовтің жа¬қында ғана жарық көрген “Іңкәр көңіл” атты кітабында Алтынбек Жолдасбеков жайында мынадай жолдар бар: “Әсіресе, Алтекеңнің жөні бөлек. Қарақошқыл жүзі алаулай отырып, ара-тұра бір миығын бүлк еткізіп қойып, қайдағы ұтқыр сөздер мен өткір әзілдерді қарша боратады... Азамат еді ғой Алтекең, несін айтасың. Қиып түсе¬тін айтқыштығы дәл сондай жазғышты¬ғына сай болатын. Сол тұста Шымкентке бірер мәрте іссапарға барып жүріп байқаға¬ным: облыс деңгейіндегі іс басында жүрген аза¬маттар Алтекеңнен кәдімгідей-ақ айбы¬на¬тын. Сыйлайтыны да болар, әйтеуір алдынан қия өтпеуші еді. Тілшінің беделі – газеттің беделі. Соған біз де марқая¬тын¬быз. Сол әлгі Сабыржанның айтуымен бо¬лар деймін, бәріміз “Қара патша” атап кет¬тік. Осы лақап аты өзіне керемет жарасып тұрушы еді”.
“Социалистік Қазақстанның” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) Шымкент облысын¬дағы меншікті тілшісі болып ондаған жыл¬дар бойы жұмыс істеген Алтынбек Жол¬дас¬бековтің бүкіл болмыс-бітімі мен тұлға-тұрпаты Бекеңнің бедерлі жазбаларынан жан-жақты танылып-ақ тұрыпты.
Алтынбек ағамыздың қай тұстан бастап “Қара патша” атанғанын жылы жақтағы журналистер мен жазушылар да жақсы бі¬летін. Бірақ біз ол кісінің бұл лақап атын ашық айтпайтынбыз. Айта алмайтынбыз. Тек өзінің Өскенбай, Нәсіреддин, Әмірсе¬йіт, Пайыз, Зейілбек, Уәлихан, Әбдіманап сынды қатарластарының арасында ғана солай айтатындар табылатын. Алтекеңнің құрдастары ретінде тізбелей келтіріп отыр¬ған ағаларымыздың бәрі дерлік “Оңтүстік Қазақстан” газетінің басшылары, біразы бөлім бастықтары болатын. Нәкең – Нәсі¬реддин Серәлиев Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінде еді.
Алтекең келе жатады. “Оңтүстікке”. Аға¬тайымыздың келе жатқанын ең бірінші болып ең шеттегі мәдениет, әдебиет және өнер бөлімі біледі. Жолдасбековтің жы¬луар¬лығын саздауыт ойпаңдағы, қам кір¬піш¬тен салынған, екі қабатты, қарауы¬тыңқырап тұратын қарапайым кеңсеңіздің өзі де сезінетіндей. Сергек тартар деп-демде. Қаракөлеңкелеу бұрышта бүрісетін қарауыл апаймен ақжарқын амандасып, қатпарланған қабағын жадыратар “Қара патшаңыз” біздің бөлмеге бас сұққанда, дүр серпіліп қалармыз. Не айтар деп қай¬ран қала қарармыз.
“Әй, Зейілбек, күнде-күнде кеп жатқан жоқпыз, басыңды көтеріңкіреп, бір уақ біз¬ге де көз салсаңшы. Газет сенсіз де шы¬ға¬ды. Көп болса бас мақала жазып жатсың дә. Тәрбиеші туралы”, деп шымшиды мең¬ге¬ру¬ші¬мізді. Зекең желкесін қасып, қыза¬рақ¬¬тайды. Келіншегі Кәттә мектеп-ин¬тернатта тәрбиеші. Жылына бір мәрте “Тәр¬¬биеші” деп бас мақала жазатын дәстүрі бар.
“Өскенбай орнында ма? Әлі орнынан алынған жоқ па? Не тындырып отыр өзі?” деп, бас редактордың бірінші орынбасарын құрдасына қағытады.
“Уәлиханға айлық жоспар жасауға жәр¬демдесейін деп келгенім ғой. Әйтпесе, бос¬тан-босқа орыстарға шығын боп, ұзын мой¬ын “Экстрасын” соларға қор қылады ол байқұс”, деп, Темірбековке тиіседі. Ең¬бек¬шілер хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің бастығы Уәлихан Темірбеков ағамыз орысшаға жоқ. Қазақша газет шы¬ға¬рамыз, бірақ айлық, тоқсандық, жылдық жоспарларды орыс тілінде жасап, обкомға тапсыратынбыз. Уәкең айлық жоспарын орысша жасату үшін көршілес “Южный Казахстан” газетінің жігіттеріне жалынады. Газетке ораңқырап, майы сорғалаған балы¬ғымен бірге ұзын мойын бір шөлмек апа¬ратыны рас.
Алтекеңнің біздің бөлімде көсіле сөй¬леп, есіле әзілдеп, бастықтарымызды мақ¬тамен бауыздайтыны жастарға ұнамайды дей алмаспыз. Сырттай сыпайысынға¬ны¬мызбен, іштей “сойыңқырай түссе екен” дейтіндеріміз де жоқ емеспіз, әрине. “СҚ” тілшісінің келгенінен барлық бөлімдегілер құлақтанып, көпшілігі жұмыс бөлмелері¬нен шыға бастайды. Алтекең қызметкер¬лер¬дің бір де бірін құры қалдырмас. Не жылы сөзімен, не шымшымасымен немесе қатқылдау қалжыңымен қарық қылады. “Очеркіңді оқыдым”, “Фельетоның жақсы екен”, дегендей пікірлері қанат бітірердей әсерлі-ақ. Қашқақтайтындарды әдейілеп, иығынан қаққылай икемдеп, өзіне қаратып алып, “Қара патшаға” ғана тән сұсымен жасқап қоятынын қайтерсіз.
Өмір ғой. Кей-кейде өзара әжептеуір ренжіскендер, басшылыққа қаттырақ өкпе¬леп жүретін қызметкерлер кездеспей тұр¬мас. Ондай-ондайды һәм біліп қоятын “Қара патшаңыз” редакция ұжымындағы ауа райын ашып жібермекке, ренжіскен¬дер¬дің қабақтарын жазып жібермекке құл¬шы¬натын. Басшылықта отырғандар негі¬зінен өзінің құрдастары болғандықтан: “Әй, тәмпік танау, тымпиған қыз! Сен анау біріншіге несіне өкпелейсің? Ол он¬дайға арзымайтын арсызым ғой. Жүйкеңді со бәлеге бола жұқартпағын. Оның орнын¬да болсақ, мен де, сен де сөйтуіміз мүмкін. Біреуді ұғыну үшін өзіңді әлгі бейшараның орнына қоя білші. Бітті! Бәрін түсінесің”, дейтін.
Ағамыздың астарлай тұспалдап болсын, өткірлеу әжуасымен болсын, бәрібір, зілсіз жеткізер әзіл-қалжыңы қарақошқылдау бұлттарды, кінәратты кірбіңдерді лезде сейілтіп жіберетін.
Алтынбек Жолдасбековтің бізге жиірек келетіндігінің және бір себебі бар еді. “Со¬циалистік Қазақстанның” меншікті тіл¬шісі және “Лениншіл жастың” өз тілші¬сі об¬лыстық газет партия ұйымының есебінде тұ¬ратын. Алтекең бастауыш партия ұйы¬мы¬ның мүшесі ретінде жиналыс сайын дер¬лік сөз сөйлеп, газеттің мән-мазмұнын, көр¬кемдік көкжиегін кеңейту, сын мате¬риалдардың салмағы мен журналистің жау¬апкершілігін, білімділік-біліктілік деңгейін арттыру жөнінде нақты-нақты ойларын нақ-нақ мысалдар келтіре отырып, ойып-ойып айтқанда, ұйып-ұйып тыңдап қалатынбыз. Сө¬зін іспен дәйектей тиянақтап, “СҚ” бетте¬рінде сын материалдарды да, талдама дүние¬лерін де “Мінекиіңіз, шамамен осылай жаз¬ған жөн” дегендей өрнектеп, өнеге көрсету¬ден танбайтын.
Күтпеген жерден облыстық газет бастау¬ыш партия бюросының хатшылығына сай¬ландық. “Шал-шауқандармен” салыстырған¬да, сәл-пәл жастығымыз бар, коммунист бол¬мақ – шын мәнісінде кіршіксіздік, тазалық деп түсінетініміз бар, ай сайын өтетін жина¬лыс¬тың сапасын шынымен-ақ көтермекке ты¬рысып, тыраштанып-ақ бағатынбыз. Сон¬дай-сондайымызды сонадайдан сезіп, Бек¬болат Әдетовтің манағы меңзегеніндей “миы¬ғын бір бүлк еткізіп қойып”, мысқылдаңқы¬рай жымсиятынын жақтырмайтынбыз. Жол¬дасбеков жолдасыңыздың. Партбюро хат¬шысы ретінде.
Парторг сайланғанымызға екінші жылға кеткен. Алтекең бірнеше мәрте жиналысқа келмеді. “Қара патшаны” “қаламдастары мен қадамдастары” Алматыда аялдатыңқырап, жі¬бермей қойса керек. “Бір рет емес, үш рет кел¬медіңіз. Аупартком білсе, кемінде қатаң сөг¬іс аласыз”, десек, жұдырығына жөтелетін әдетіне басып, миығы жыбырлап: “Әй, бала, сені партбюро хатшылығына ұсынғандардың жуан ортасында жүрген мен едім. Абай айт¬қан¬дай, балтыр қанатар түрің бар ғой”, деп тұр. Әбиір болғанда, жанымызда ешкім жоқ еді. Зекеңшелеп желке қасумен құтыл¬дық.
Онысы мейлі ғой. Кәмөнес Жолдасбеков мүшелік жарнаны ешуақытта уақтылы төле¬мейтін. Айлықты әжептеуір алатын болу ке¬рек, кейде үш сомның үстінде, кейде төрт сом¬ның төңірегінде төлеуі тиіс. Үш-төрт сомы¬ңызға ол кезде бір апта бойына түскі тамақ ішесіз. Диеталық асханадан түстенер қалқоздың мүшесісіз. Қалқозға қосатын қар¬жыңыздан жырып, Жолдасбеков дейтін кә¬мөнестің жарнасы үшін бір ай төлерсіз. Екі ай¬ға шыдарсыз. Үш айға төзбегіңіз қиындау. Оның үстіне КПСС Уставы (СОКП Жар¬ғысы) бойынша үш ай мүшелік жарна төле¬меген кәмөнесіңіз партиядан шығарылады. “Автоматты” түрде.
КПСС мүшесі Жолдасбеков жолдас бір жолы тағы да үш ай бойы мүшелік жарна тө¬лемеді. Телефонына қоңырау шалып ескерт¬кен сайын: “әне барам, міне жетем”, деген¬нен танбайды. Жұдырығына жөтеледі. Ауы¬рып жүргенін сылтауратады. Алматыға жиі кететіні бар, тілшілігі мен тіршілігі бар, әсі¬ре¬се, елге аян аңшылығы бар деп, аяп, ор¬нына төлеп, жанымыздан күйіп, аупарткомға есепті ай сайын “туралап” тапсырумен жүрдік. Қашанғы шыдаймыз? Кезекті партия жиналысын аман-есен өткізіп, Алтынбек Жолдасбеков жолдастың және партбюро мүшелерінің кідіре тұруын өтіндік. “Не боп қалды?” дегендей бас редактордан бастап бәрі аңтарыла қарайды-ай.
“Сіздердің талқыларыңызға саламын. Ком¬мунист Жолдасбеков жолдастың үш ай бойы мүшелік жарна төлемегендігі туралы мәселені партбюроның кезектен тыс мәжі¬лісіне қойсақ, қалай қарайсыздар?” дедік.
Пауза. Ешкім күтпеген жағдай.
Алтекеңнің жайшылықтағы жаймашуақ¬тығы жайына қалғаны-ай сонда. Жөткірініп, бірдеңе айтпаққа ұмтылып барып, кенет кідірістегені қызық-ақ екен. Сирей бастаған маңдай шашының арасынан майда тер жылт ете түскендей. Бізге соның өзі жеткілікті еді.
Бас редакторымыз Әмірсейіт Әлиев көзәй¬негінің астынан бір, үстінен екі мәрте қарады. “Әй, әзілдерің бе, шындарың ба?” дегенді айта алмай отыр. Жауапты хатшы Байдулла Қонысбеков Әбекеңе сыбырлап: “Газет онсыз да кешігіп жатыр, мен кете берейінші”, деді. Бастық болар-болмас бас изеген соң, қуана қайқаңдап шығып кетті.
Кенет ауыл шаруашылығы бөлімінің бас¬тығы, бюро мүшесі Әбдіманап Әлшериев қар¬қылдап күліп қоя берді. Күліп-күліп ал¬дыдағы: “Парторг жолдас, Жолдасбеков үшін, бәрібір, біреу төлеп келген болар? Үш ай бойы аупарткомға есепті қалай беріп жүрсіңдер?” деп тағы кеңкілдеді. Бұрын бес-алты жыл партбюро хатшысы болған, тісқақ¬қан тарланның күлкісіне қалғандар ілесе жөнелген.
“Бұл жолы кешірейік. Әй, өзі өмірінде дәл осылай терлеп көрмеген шығар. Пар¬торгымыз “Қара патшаны” қалжың-қыс¬паққа салып алайық деген ғой. Бұдан былай алдын-ала, екі-үш айға бірден төлеп тұрады, – деді Әлшериев. – Он бес минөттен соң Уәкеңнің бұрыштағы бөлмесіне жиналамыз... Жуады Жолдасбеков жолдас”.
Сол жуыстың соңынан Алтекең біздің бө¬лімнің көнетоздау қызғылт креслосында ұзақ отырды. Жөтелін жорта жиілетті ме, әлде шы¬нымен-ақ қолқасы қабынып жүр ме, әй¬теуір қайта-қайта ауыра беретінін әңгімеледі. Аңшылықтың қырлары, саятшылықтың сыр¬лары туралы көлемдірек дүние жазып жүр¬генін, деректілікпен қатар көркемдік құнар жағына көбірек көңіл бөле бастағанын сыр ғып шертті. Ара-арасында үш ай мүшелік жарна төлемегені үшін кешірім сұрап: “Сен өзің сыртың сыпайы көрінгенмен, ішің жүдә жуас емес-ау”, деп шымшып қояды-ай.
Алтекеңнің аңшылығы алапаттұғын. Апта са¬йын болмаса-дағы, ай сайын аңға шыға¬тын. Көптеген кеңшар директорларымен достұғын. Шардараға, Қызылқұмға, Созаққа кетіп қалатын. Кей-кейде біздің ауыл жаққа, Бозторғай асуына, Қайыршақтының қатпар¬ларына баратын. Бозторғайдың аузындағы орман және аңшылық бекетінде біздің аға¬ларымыз Әсілбек, Ілес, Кеңестер отырар еді. “Айтпақшы, ағаларың сәлем айтты. Жүр, мен сені ендігі аптада алып кетейін, газет сенсіз де шығады. Әсілбектің уәдесі бар”, дейтін. Алайда аңшылыққа жоқ едік біз. Мылтық кезене алмайтынбыз. Әсілбек ағамыз аңға алып шыққанда, арқарды әдейі үркітіп, атпай қойған пақырыңыз біз болатынбыз. Елік пен кекілікті де сөйткенбіз. Сонымызды сездір¬сек, Алтекең сеніңкіремейтін. Миығын мыс¬қыл түртетін.
Сексенінші жылдардың соңы мен тоқса¬нын¬шы жылдардың бастапқы тұсында Ал¬тын¬бек аға қатты жалғызсырап жүрді. Талай-та¬лай тұрғыластары бақилық боп кетті. Ден¬саулығы да сыр беріп, сырылдай демігетін. Оқ¬та-текте кеп тұрар еді. Ентігіп, екі иығы¬нан дем алып отырса-дағы, қайран да қайран қалжыңын қалдырмас. “Әй, парторг бала, баяғыда мені шынымен-ақ шып-шып терлет¬кенің есіңде ме? Сонда мына біз сүйікті партияңның тарап тынатынын білген екенбіз ғой”, деп сылқ-сылқ күлетін. Күлкісін қыс¬қарақ қайырып, қатты күрсінетін.
Күндердің күнінде сансыз баптың мекені Сайрам жағында тұратын сардарыңыз да шын дүниеге аттанды. Алтын күздің жазға бергісіз ақшуақ шағы еді. Алтынбек аға күннің күлімсіреген сәулесі молынан түсетін жы¬луар¬лы жотаның бозғылтым беткейіне жерленді.