АДАМ ТҮЗЕЛМЕЙ, ҚОҒАМ ТҮЗЕЛМЕЙДІ
«Саралайтын кезең келді!..»
Ашық хат осылай аталады.
Астына қол қойған кімдер?
Алдымен солардың аты-жөндеріне қараймыз ғой.
Алфавит бойынша екен. Асанәлі Әшімов пен Әкім Тарази бастапқы тұсында тұрыпты. Орта шенінде Шерхан Мұртаза, Қадір Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев. Соңына таман Олжас Сүлейменов пен Қалихан Ысқақ.
Отызшақты адам. Осалы жоқ.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнері мен тарихының тарландары. Түрлі ұлттар өкілдері бар.
Не дейді?
Неменеге үндейді?
Кәдімгі, көптеп жазылып жататын ашық хаттардың қатарынан емес.
Жөні бөлектеу, жосығы еректеу.
Көркем ойдың көнеркөгін кеңейтіп жүрген кемелдеріміз тарихшылар мен жазушыларға, журналистер мен саясаттанушыларға, сценаристер мен режиссерлерге, суретшілер мен кинематографистерге, ғылыми және шығармашылық қауымның барлық өкілдеріне сөз арнапты.
Қайталай оқыдық.
Ойландық. Күрсіндік. Көңіліміз көтерілгендей ме кенет?
Отызшақты ойшылыңыз, сайдың тасындай сарабдалдарыңыз саралайтын кезеңнің жеткеніне дәйектемелер келтіреді. Тәуелсіздіктің он алты жылындағы Қазақстаныңыздың қадау-қадау қадамдарын айшықтайды. Алдағы асуларды атап-атап айқындайды.
«Енді тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын ғылыми-көркем тұрғыдан саралау, бағалау уақыты туды. Бұл міндетті осындай қайталанбас ғажайып кезеңнің куәгерлері біз атқармасақ, кім атқарады, ұрпақ санасына тарихи шындық пен ақиқатты біз сіңірмесек, кім сіңіреді?» – дейді ерендеріңіз.
«Біздің өз дәуіріміздің шынайы рухани сұранысы мен ақиқатын айтуға арналған ғылыми еңбектеріміз бен көркем шығармаларымыз жаңа тарихымыздың іргетасы берік қалануына қызмет етуі тиіс. Оны кемел кезеңнің келер ұрпағы орынды мақтан етуі керек», – дейді кемелдеріңіз.
Иә, талайды бастан өткердік. Кезенейлі кезеңдер кездесті. Көп нәрсені көрдік.
Осы он алты жылды айтып отырмыз.
Қоғамыңыздың қуаты қашқан, адамыңыздың ұяты қашқан тұстар аз емес-ті.
Әлеуметтік-экономикалық, саяси-демократиялық, мәдени-рухани ұлы жаңарулармен және жаңғырулармен бірге адамгершілік пен адалдыққа негізделетін қасиетті құндылықтардың жүдеп-жадауына да ұшырадық. Ахлақтық азғындау кей жағдайларда айықпас ауруларға айналғандай күй кештік. Талайларды таңырқатқан толағай табыстарымызбен қатар қоғамымызда, адамдарымыздың арасында һәм санасында қатыгездік, құнығушылық, тойымсыздық, екіжүзділік, жағымпаздық, парақорлық сияқты дерттер асқынды. Әлі де күрмеуі қиын түйіндер, тәуелсіздігіміздің тағдырына зардамды зиян келтірердей кедергілер, парасаттан жаңылдырардай пейіл-пиғылдар аз емес.
Жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің басымдығынан болар, Қазақстанға қызыға қарайтындар көп. Ең бастысы, көкжиегіміз бен көңіліміз ашық. Кемшіліктерімізді білеміз. Мойындау бар. Олқылықтарды ойлылықпен мойындаудың өзі – есейгендіктің де, ерліктің де, елдіктің де белгісі. Ауруларымызды жасырмақтан арыла бастадық. Сыбайлас жемқорлықпен, басқа да кесепатты кеселдермен күрес кәдімгідей-ақ саналы сипаттарға көшкендей.
Қоғамыңыз сауығуға беттегендей.
Қоғам оңалмай, адам оңалмайтынын дүниежүзілік деңгейдегі ойшыл қаламгеріңіздің бірі Альбер Камю айтқан.
Адам түзелмей, қоғам түзелмейтінін адамзаттың Абайы қара сөздерінде қағидалаған.
Әділі керек, тәуелсіздік тұсындағы жаңа өмірдің жарқын жақтары да, көлеңкелі кілтипандары да журналистикада кеңінен көрінуде. Әсіресе, асыл да абзал адамдарымыз, айтулы тұлғаларымыз публицистикада бедерлі бейнесін тауып келеді. Мәселен, Әбіш Кекілбайұлының, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Сауытбек Абдрахмановтың еліміз егемендігін алғалы бермен қарата қажыр-қайратын аямай жұмсап, ауыр жүктерді аянбай арқалап жүрген атпал азаматтарымыз, қажырлы қайраткерлеріміз, мемлекет мақтанышына айналған, өнердің өзгеше өрендері жайында жазған дүниелері – тектілік тұғырындағы туындылар.
Көсемсөздің көсегесін көгертіп, тың табиғатын ашқан кемеңгер қаламгеріміз Әбіш Кекілбайұлының дүлдүлге ғана тән өрнектері – өзіндік құбылыс. Қаламгердің 2005 жылғы 12 мамырда бас газетімізде жарияланған жазбасындағы мынадай жолдарға назар салыңызшы: «Ақ жаулықты аналардың Қуанышты көргенде анадайдан алдарынан шығып, маңдайынан сүйгендерін, ақ сақалды қариялардың айқара құшағын ашып, бауырларына қысқандарын, қара сирақ балақайлар мен тұлымдары желбіреген балапан қыздардың анадайдан «Қуаныш аға!» деп жолына қарап, мақтаныш етіп тұрғандарын өз көзіммен көрдім. Ол – расында, бүкіл қазақ жұртының маңдайынан иіскеп, бауырына қысатындай сүйерге де, сүйенерге де жарайтын перзенті».
Әбіш ағамыз қайраткер інісі хақында осылай тебірене отырып, жас тәуелсіз мемлекет пен демократиялық қоғамда жаңа ұлттық сана мен тарихи жауапкершілікті қалыптастыру үлкен идеялық ізденістер мен ұйымдастырушылық күш-жігерді талап еткенін, бұндай талапқа бұқаралық жұмыстың домна пешінде құрыштай шынығып өскен Қуаныш Сұлтановтың мейлінше төтеп бере білгенін таңғажайып сезімталдықпен тәптіштейді. Оқырманды тіпті тәнті етеді.
Тәуелсіздікке тәубе деуіміз ләзім-дүр. Қазақ жұрты сүйерге де, сүйенерге де жарайтындай ұл-қыздарға кенде емес. Баршылық. Публицистикада олар жан-жақты жазылып-ақ жатыр. Ал көркем әдебиетте, кинода, сахнада ше? Мойындауыңыз жөн, тым кемшіндеу. Кей салада тіпті тып-типыл.
Туынды тағдырын талант шешетіні қашаннан-ақ аян. «Ешқашан ескірмейтін жаңалық, ол – талант. Себебі, ол шіркініңіз барлық уақытта да шұғыла шашып тұрады», – дейді Лев Толстой сынды титан-талант. Кеңестік кезеңде ше, мейліңіз – идеологиялық мақсат деңіз, партиялық саясаттың нұсқауы дейсіз бе, бәрібір – замандастар бейнесін сомдау, ұнамды образдар жасау, күрескер кейіпкерлер арқылы ұрпақ тәрбиелеу міндеттері қойылатын. Аса маңызды тақырыптар алға шығарылатын. Өндіріс, өнеркәсіп тақырыптары өзгеше жоспарланатын. Бәрібір, сондай міндеттемелер жоғарыдан таңылып, тапсырыстар жүктелгеннің өзінде, сол кеңестік кезеңде-ақ қазақ әдебиетінде небір жауһар туындылар жаратылды. Бәрібір, таланттылар мен дарындылар жеңе білді. Шынайы шығармалар жарата білді. Соны соқпақтар, тосын жолдар таба білді. Тың тыныстар ашып, тылсым тереңдіктерге бойлай білді. Жасандылыққа, жадағайлыққа әлдебіреулер ұрынып та жатты. Бірақ, бірегей дарындар сатымсақтыққа солықтамады, жағымпаздыққа жуымады. Мәселен, Шерхан Мұртазаны алып қараңыз. Таңсық тақырыбыңызға таңданта қалам тербеді емес пе? «Қара маржан» сынды тап-тұйнақтай, әрі қысқа, әрі нұсқа романын айтып отырмыз. Заманның да, замандасыңыздың да бет-бейнесі бар. Өнеркәсібіңіздің де, өндірісіңіздің де, өнеріңіздің де өрнектері ерен. Ұлысыңыздың ұяты мен арысыңыздың аяты да, ар-ожданы да, ұрпақтарыңыздың зар-запыраны да, далалық дәстүрлеріңіздің діті де, еліңіз бен жеріңіздің, тауыңыз бен тасыңыздың тағдыр-талайы да тұнып-ақ тұр емес пе?!
Мінекиіңіз, мынау бүгінгі, басқаша бағдардағы, соны сипаттағы жаңа өмір жайында һәм тәуелсіздік тұрғысынан, бәсекеге қабілеттілік белестерінен қарай отырып, шын мәніндегі шеберлеріңіз, жас таланттарыңыз жаратар шынайы шығармалар ауадай қажет. Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы сынды суреткерлердің 60-70 және 80-жылдардағыдай шымыр да ширақ, көркемдік қуат-құпиясы терең, заманауи туындыларындай шығармалар керек. Отызшақты оғланыңыз осыған үндейді.
Әлемдік мәдениет контексіне кірігердей көркемдік қасиеттерге ие, биіктерге бағыт алған бағамды шығармаларды жаңа уақыт, жаңа талап, жаңа талғам, түптеп түйгенде, жаңа Қазақ елі өмірінің артында қалып қоймай, алдында адымдай білмек тұрғыдан туындату парызы бүгінгі қаламгерлерге жүктеліп отыр.
Мына бір жағдаяттарды жазыңқырасақ, айып етпегейсіздер. Біле-білсек, бұл-дағы – буын-буынды қармаған қазіргі қауіпті дерт. Оның үстіне оқырман тәрбиелеу – бұрыннан-ақ өткір проблема. Жергілікті ақын-жазушыларды да мектептер, мекемелер, институттар мен университеттер жүздесуге, кездесуге, түрлі іс-шараларға шақырады. Өкінішке қарай, көп жерден құлазып қайтасыз. Оқушылар да, студенттер де, өзгелер де көбінше көркем әдебиеттен алыс секілді сезіледі. Көпшілігі көксандығыңыздың кесепатты жақтарына ауыңқырап кеткенін, атыс-шабыс, қантөгіс, қала берсе, жалаңаштықпен, арзан күлкімен, даңғаза әнсымақтармен әуейленіп, әулекіленіп үлгергенін мойындамасқа амалыңыз аз. Мектептерде, өзге де оқу орындарында мәдени-әдеби іс-шаралар жаттанды, жасанды «сценарийлер» бойынша өтеді. Ығырыңды шығаратын «шоулардың» көшірмелері. Жеңіл-желпі қойылатын сахналық көріністер, даңғаза әнсымақтар басым. Шақырады. Барасыз. Үш-төрт ақын-жазушы отырасыз. Шулы музыка немесе «әсем ән». Көркем әңгіме мен қарапайым мақаланы ажырата алмайтын басшылардың бірі сөз сөйлеп, «ашып береді». Тағы да даңғыраған музыка немесе «әсем ән». Әлдебір шығармадан әлдебір «сахналық көрініс». Тағы да даңғыраған бірдеңе немесе «әсем ән». Міндетті түрде жүргізушілер «әсем ән» деп айтады. «Әсем» деген сөздің әрін кетіріп біттік. Теледидардағылар да солай сөйлейді. Әндердің көбі әсемдіктен мақұрым болса да. Сонсоң сұрақтар қойылады. Жауаптар қайтарылады. Осы сәтте ғана сәл-пәл серпіліс болуы мүмкін. Онда да сауалға және жауапқа байланысты.
Дұрыс-ақ делікші. Кездесулер, кештер, өткізетіндерді кінәлай бермейікші. Десек те, белгілі бір кітапты немесе шығарманы талдауға, талқылауға, қызу пікірталас өрбітуге өре жетпей ме, өзге нәрсе жетпей ме, әйтеуір, ондай шаралар жоқтың қасы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ оқытатын, дәріс беретін мұғалімдердің өздері көркем әдебиет кітаптарын, қаламгерлер туындыларын толыққанды талдап, пайымды пікір білдіре алмайтынға айналған секілді.
Кейінгі кездері біздің жақта біршама серпіліс бар. Көркем әдебиетке, кітапқа, шынайы суреткерлерге бетбұрыс жасау мақсатында «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты акция жыл бойы жалғасты. Бірқатар мектептерде, халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында: «Міне, көркем шығарма дегеніңіз – осы. Көркем әдебиет кітабы – мынадай. Оны шамамен былай талдап, талқылайды. Көркем кітап оқу – көксандықтағы көксоққан сериалдардан, жалаңаштанғандарды немесе судай шашылған қанды насихаттайтын фильмдерден әлдеқайда мәндірек», – дегенді ұғындыру мақсатында оқырмандармен сырласулар, пікірсайыстар, конференциялар өткізілуде. Ондай шаралар үшін Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» повесі сияқты озық туындыларды, жоғарыда аталған және аталмыш керемет прозашылардың дүниелері мен Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды шайырлардың ешқашан ескірмейтін, жылдар өткен сайын жаңара түсетін жырларын арқау-арна етеміз.
Обалы нешік, көпке топырақ шашпақ емеспіз. Асқар Сүлейменов айтқандай, «мың оқырманға татитын бір оқырман» да жоқ емес. Ойлы оқырман өкпе-назын айтады: «Осы заманның жастары өнеге алардай, үлгі етердей қазіргі уақыт кейіпкерлерін бейнелеген су жаңа кітаптар аз», – дейді. «Жасөспірімдерге, балаларға арналған шығармалар жетіспейді», – деседі. Сын-ескертпелерінің бір жағынан жөн екенін мойындап, екінші жағынан осы заман, бүгінгі адам жайында жазып жүрген оншақты жазушыны, айтулы ақындарды, олардың отызшақты кітабын ерінбей атап-атап, жалықпай санап-санап береміз. Ондайда ойлы оқырмандарыңыздың өздері де кідірістеп, кібіртектеп қалады. Демек, мың данамен ғана шығатын кітаптардан бұлар да бейхабар. Осы жағын жөндейтін, жүйелейтін жолдарды іздемек ләзім!
Сонда-дағы, мойындаған абзал, бүгінгі заманның, бүгінгі адамның жан-жақты бейнеленіп жатпағаны әбден рас. «Еркін елімізді ертеңгі биіктерге ұмтылтатын талантты туындылардың өмірге келуіне себепкер болатындай» суреткерлер баршылық қой бізде. Көркем бейнелеуге лайық небір құбылыстар, романға, повеске, түрлі-түсті, көркемсуретті киноңызға кіріп-ақ кетуге әзір, сахнаға сұранып тұрған тұлғалар, лайсаңы кем жайсаңдар жетіп-артылар. Кәсіпкерлер. Қайраткерлер. Әлеуметке бет бұрған бизнесмендер. Қатардағы, қарапайым еңбек адамы. Жалындаған жас ұлдарымыз бен қыздарымыз. Шенеуніктер ше? Баяғы отаршылдықтан ой-санада қап қойғандай күйкі күйдегілері де бар, әрине. Бірақ, тәуелсіздік қалыптастыра бастаған тәуір тұрпатты шенеунік те жоқ емес қой. «Он байдың тоғызы сараң, біреуі арам», – деп жазады Қадыр ағамыз. Ол байлар бұдан сәл-пәл бұрынырақтағылар болар. Екеу-үшеуінің беттері бері қараған шығар, неғыпты сонша...
«Ақылгөйсіп отырған өзің не тындырып ең? Нендей шөптің басын сындырмақсың?» – деушілер табылмай тұрмас. Тындырғанымыз шамалы. Романға жоқпыз. Біздікі – шағын жанр. Әңгімелерімізде, әлімізше бүгінгі адамды бейнелеген боламыз. «Отырар кітапханасы» сериясымен «Жазушы» баспасынан шыққан «Алмағайып» атты кітабымызға Павлодар мемлекеттік университетінен бір бейтаныс әдебиетші-ғалым қарындасымыз рецензия жазып, әлгі жинақтағы әңгімелерді «соңғы он жылда болған өтпелі кезеңді көркем қорытындылау іспетті екен» деген пікір түйіндепті. Пендеміз ғой, ішіміз уылжығанын жасырмаймыз.
Әкімдік басқару жүйесі 1992 жылғы ақпан айында іске қосылды ғой. Сол жылғы күзде облыс әкімі аппаратына қызметке шақырылдық. Содан бері ішкі саясаты бар, тіл басқармасы, ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы, т.т. және т.б. жағында, әйтеуір әкімшіліктің айнала-төңірегінде келе жатырмыз. «Әкім кеткен күн», «Тәржіман тірлік», «Кандидаттың имиджі», «Салқын масақ» сияқты әңгімелерімізде там-тұмдап, тиіп-қашып болса-дағы, әкім қаралардың жағымсыздау жақтарын әшкерлеппіз.
Он бес жылда облысқа жетінші әкім жетекшілік жасап отыр. Аудандар мен қалаларды да осы кезеңде қаншама әкімдер басқарып келеді. Эксперимент ретінде аудандық мәслихаттардың әкім сайлағанын да көрдік. Кейбіреулеріне күлдік. Ондай сайлау енді өтпейтінге айналды. Өте дұрыс. Әкімдер хақында не айтылмайды дейсіз. Әрине, олардың арасында да алуан түрлісі бар. Бәрібір, ауыр салмақтың негізгісі әкімдердің, әкімшіліктердегілердің иығында.
Алдағы кезде осы заман кейіпкерлерін көркемдеп көрсетер болсақ, әкімдер бейнесін жасауға да басымырақ мән-мәніс беретін шығармыз.