30.05.2021
  298


Автор: Қадыр Мырза Әли

Өзара түзету

Жар кейісе ерін әбден қинайды,
Шайдың өзін бұрынғыдай құймайды
Сен, әрине, іштей оны сүйесің,
Ол да сені тірі жанға қимайды.
Жылы суға қашан қолын малады?
Кір жуғанда!
Сонда ғана салады.
Сен де оны шымшып-шымшып қоясың,
Ол да сені шағып-шағып алады.
Сен де оны түзетесің тезіңмен,
Ол да сені сүргілейді сөзімен.
Осы өмірге төзбегендер, әрине,
От басынан,
Ошағынан безінген.
Алтыдан соқ тастап жұмыс,
Кеңсені,
Ойлайсың бір көтерсем деп еңсені.
Киіздейін қайта қарпып жарыңды,
Терідейін қайта илейді ол сені.
Тәтті өмірдің ащысы да болады,
Көзіңе — мұң,
Кеудеңе — шер толады.
Әйеліңнің жұқартып сен жүйкесін,
Ол да сені ептеп-ептеп жонады.
Кешегі жас —
Ал бүгінгі қартым-ай!
Өмір өтпес қуатыңды сарқымай.
Ақырында аумай сенен әйелің,
Сен де ұқсайсың әйеліңе жартылай.





Пікір жазу