30.05.2021
  178


Автор: Қадыр Мырза Әли

Демалыс күні

Малын баққан,
Шөп шапқан,
Нар әкеңнің
Тыныш көзін керетін бар екен күн.
Дүрілдетіп «Шалқарың» беріп жатыр
Елге әйгілі әндерін Ғарекеңнің.
Бастаған соң Ғарекең тоқтасын ба?
Бір сайрайды осылай аптасында.
Қазанына су құйып,
Қасын керіп,
Көлбеңдейді бойжеткен от басында.
Соңғы шуақ көтеріп тұр сағымды,
Сол сағымда маялар — бір салынды.
Кір жуады жеңгейлер
Ақ көбік қып
Бұрқыратып кәдімгі кір сабынды.
Құрдастарға, қайтейін, күлем-дағы.
Жатыр олар келгендей құлан бағып.
Келіндер жүр балғадай аяқ-қолы
Дүрсілдетіп
Текемет,
Кілем қағып.
Жайылған мал өрісте,
Жерге көрік.
Жексенбі күн кімге де берген ерік.
Бір ақсақал қой сойып,
Бір әжеміз
Отыр оның жанында жөргем өріп.
Тыныштықты жатқандай Дала құшып,
Қуаныштың қымызын алам ішіп.
Балалардың соңында
Арсалаңдап
Жүгіруден тынбайды ала күшік.
Мұңға батқан адам жоқ, сірә, маңда.
Қамын ойлап бір тойдың жүр анаң да.
Өз орнында барлығы,
Түсінбеймін
Бақыт деген не осы? — деп сұрағанға!





Пікір жазу