Көз алдымда
Күн нұрына тоздырып асыл тысты,
Күлгін тартты көктемім жасыл түсті.
Көз алдымда өрім тал бүршік атып,
Көз алдымда терекке жасын түсті.
Бір алданса,
Ғұмыры қараң қыздың.
Миуасы болмайды сараң күздің.
Көз алдымда Қапшағай пайда болып,
Көз алдымда ортайды Арал біздің.
Көктемеде гүл жарып жыр алғашқы,
Көрдік талай қымыздық,
Рауғашты.
Көз алдымда күн ойнап тереземде,
Көз алдымда әйнекті қырау басты.
Аппақ болып қырықта дарын бастар,
Таулар шөкті шыңынан арылмас қар.
Көз алдымда бойжетіп,
Ана болып,
Көз алдымда қартайды қарындастар.
Біреулерге жақсылық кешікпепті.
Кешікпепті,
Келін боп көшіп кепті.
Көз алдымда жас талант жайнап өсіп,
Көз алдымда, апыр-ай, өшіп кетті!
Беріп қайттық біз оның жылын бүгін.
Орнын басты ағаның білімді інім.
Көз алдымда көлгірсіп,
Кейбіреулер
Көз алдымда жасады зұлымдығын.
Сәл уақыт жоқ моторды жөндегелі,
Кәрілік те қалады демде келіп.
Көз алдымда
Бір күні
Ойда жоқта
Жүре берер дүние дөңгеленіп!